Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

0 1  449

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек», – деген болатын.

Осыған орай, жуырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары қабылданды.
Жалпы еліміз егемендік алған сәттен бастап осы мәселеге ерекше екпін түсіріп келеді. Себебі бүгінгі бала ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын атпал азаматқа айналады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесі бәрінен маңызды болуы заңдылық.
Бұл бағытта Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, қазіргі таңда жасөспірімдердің қауіпсіздігі өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, ағымдағы жылдың 4 айында, тиісті профилактикалық іс-шаралар қабылданған. Сондай-ақ құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, жасы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқарылды.
Бүгінде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 64 қолайсыз отбасы тіркелген. Онда 122 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 135 жасөспірім полицияның есебіне алынған. Есепте тұрған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен жеке профилактикалық жұмыс үнемі жүргізіледі. Олардың үй-жайы, оқу орындары бойынша тексерістер жүзеге асырылады.
– Бұзушылықтар анықталған жағдайда біз өз құзыретіміздің шеңберінде тиісті шаралар қабылдап, мүдделі органдарға хабарлаймыз. Соның нәтижесінде, девианттық тәрбиедегі мінез-құлқына байланысты 4 жасөспірім арнайы мектепке орналастырылса, 26 тұлға ата-ана құқығынан айырылып немесе шектетілді. Ал 91 жасөспірім бейімдеу орталығына қабылданды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен 70 ата-ана жауапкершілікке тартылды.
Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Ал түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін ата-аналар жауапты. Сол себепті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 992 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз жүруіне жол берген 63 мекеме иелері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды, – дейді Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының орынбасары Арман Тоқбергенов.
Жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды жолы – бейнебақылау камераларын орнату. Қазіргі таңда қала аумағындағы мектептерде 2 174 бейнебақылау камерасы орнатылса, оның 943-і цифрлық, 1 231-і аналогтық форматта жұмыс істейді. Сондай-ақ Жамбыл облысы полиция департаментінің Жедел басқару орталығына 63 мектептің бейнебақылау камералары қосылған. Тек әзірге «Ұлы дала» ықшамауданындағы мектептің камерасы бұл жүйеге енгізілмеген екен. Тағы бір айта кетерлігі, Жедел басқару орталығына қосылған 59 мектептің камералары жарамды, ал қалған 5 оқу ордасында, атап айтқанда, №62, 55, 57, 58, 4 мектептерде қазіргі уақытта камералар байланыс арнасы жоқтығына байланысты жұмыс істемейді. Бұған қоса 61 мектеп турникеттермен, 64 оқу ошағы дабыл түймелерімен жабдықталған.
Санаулы күндерден кейін оқу жылы аяқталып, балалардың жазғы демалысы басталады. Қазіргі таңда қаладағы 115 білім мекемесінде 76 842 оқушы білім алуда. Оның ішінде өгей ата-анамен тұратын бала саны – 1 028, жетімдердің саны – 445 болса, толық емес отбасында 8 394 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж 16 053 бала бар.
Арнайы санатқа алынған балалардың жазғы демалысы жақсы өтуіне қатысты көптеген жұмыс жүргізілуде. Яғни қала сыртындағы балаларды сауықтыру лагеріне жіберу, сондай-ақ мектеп жанындағы дамалыс алаңдарына қатыстырылмақ. Яғни мектеп жанындағы лагерьлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінен ұсынылған Біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес, ұлттық құндылықтарды насихаттауға барынша мүмкіндік берілмек.
Осылайша мектептердегі барлық оқушылар жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылады деп күтілуде. Алайда оқушы мен ата-аналардың қалауымен жылда 70-75 пайыз көлемінде қамтып келеді. Дегенмен білім беру ұйымдары оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізуіне қатысты кешенді жұмыстарын атқаруды тоқтатпайды.
Биыл балалардың жазғы демалысы мектептерде 2 бағытта жүргізіледі. Айталық, 1-ші бағыт бойынша 45 763 бала мектеп жанындағы және қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде демалса, 2-ші бағыт бойынша оқушылардың демалысы мен бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жөніндегі шараларына 28 010 бала қамтылады.
Сондай-ақ білім беру мекемелеріндегі көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 3 600 баланы жаз айларында демалыспен және сауықтырумен қамту мақсатында 216 000,0 мың теңге қаражат қарастырылған. Бұған қоса, мектеп жанындағы демалыс алаңдарына қамтылады деп жоспарланып отырған 70 мыңнан аса оқушы жазғы демалыста шығармашылық, спорттық, еңбек және өзге де бағыттарға бөлініп, ұлттық, танымдық іс-шараларға тартылмақ. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім мекемелеріндегі жауапты педагогтарға оқыту семинарлары да өткізілген.
Жоғарыда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы жасөспірімдердің сапалы білім, саналы тәрбиемен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздігіне айрықша ден қойылып отырғанын айғақтайды. Сондықтан бұл жұмыстар үздіксіз жалғаса бермек.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.