Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бала жанының бағбаны

0 236

«Мұғалімдік – барлық мамандықтың анасы» дейді данышпандар. Расында, «Ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келмейді. Себебі, шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру үшін Абай айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қажет.

Ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып, терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де – бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан оларға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені, бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие дәнін егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан барша адам ұстаздарға мәңгілік қарыздар.
Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың кең көкжиегінен көрінгісі келген ел ең әуелі білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді.
Тарихтың терең қатпарына көз салғанда «адамзаттың бірінші ұстазы» деген құрметті атаққа ие болған ежелгі грек философы – Аристотельдің еңбегі ерекше. Ол ғылымның көптеген саласының негізін қалап, физика, метафизика, поэтика, театр, музыка, логика, риторика, саясат, этика, эстетика, биология, зоология және экономиканың іргетасын бекітті. Ал «Адамзаттың екінші ұстазы» атанған, 70 тілді еркін меңгерген философ, математик, түгел түркі жұртына ортақ тұл-ға – Әбу насыр әл-Фарабиді де мақтанышпен айтамыз. Қазақ жерінде туған ғалымның бойындағы адамгершілігі, мұқтаждарға жасаған қайырымдылық әрекеттері жайында да сөз қозғауға болады. Дүниесімен бөлісуді есепке алмағанның өзінде ондаған шәкірт тәрбиелеп, ағартушылыққа ден қойды. Бұл – тіршілікте жасалатын ең үлкен қайырымдылықтың бірі.
Аристотель мен Әл-Фарабидің ізін жалғастырған ұлы тұлғалар халқымызда жетерлік. Олардың ішінде қазақтың оқусыз көсегесі көгермейтінін ашық айтып, мәселеге кешенді түрде қарап, нақты жүзеге асыру үшін бел шешіп кіріскен Ахмет Байтұрсынұлының шоқтығы биік. Оның «Ұлт ұстазы» деген атағының өзі атқарған жұмысына сол кезде берілген әділ баға. Ол ел болашағын білімнен іздеді. Мәселен, «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі… Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі», – деп атап көрсетеді. Алаш арысы қазақ әліпбиінің тамаша үлгісін ұсынды, оны алмағайып заманда барша қазақ баласы өзінің тарихи төл жазуы ретінде қабылдатуға күш салды.
Адамзатқа, ұлтқа ұстаз болу – үлкен мәртебе. Дегенмен де мұғалімнің үлкен-кішісі болмайды. Француз жазушы Жан-Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» деген нақыл сөзі осы сала иелеріне берілген әділ баға. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз – қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Демек, ұстаздардың ұлы міндеті қашанда бағалы.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.