Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Балаңыз қандай ойыншықпен ойнап жүр?

0 258

Баланың санасы ойын жасынан қалыптасып, ойыншық ойнаумен дамиды. Сондықтан да бала не сұраса соны тауып беруге тырысамыз. Соңғы кездері ұлттық рух, патриоттық тәрбие, отансүйгіштік деген сөздерді естіп те, айтып та жүрміз. Өкініштісі сол, айтушының да, тыңдаушының да бұл мәселенің құрғақ сөз екенін білетіндігінде.

«Білетініміз қандай көп, түсінгеніміз қандай аз» деп Альберт Эйнштейн айтқандай, білетініміз шынында да көп. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп мінберлерден сөзімізді тұздықтап қоямыз. Алайда бесіктен бастап берілетін тәрбиеге қалай көңіл бөліп жүрміз? Басқасын қойып, баланың қолына ұстата салатын ойыншықтарымыз өзіміз ұрандатып жүрген ұлттық рухтан алыстатып жатқан жоқ па? Бүгінгінің бүлдіршіні қандай ойыншықпен ойнап жүр? Осы сұрақтарға ата-ана ойланып көрді ме екен? Ендеше соған бір сәт ой жүгіртіп көрейік…
Барбиіңіз босанды ма?
Бүгінде балалы үйге барсаң да, ойыншық қорабынан не баласының қолынан жартылай жалаңаш, ашық-шашық киінген Барби қуыршағын көресің. Одан қалса, енді бүлдіршіндеріміз «аяғы ауыр» қуыршақтарды «босандырып» жүр. Сондай Барби құшақтаған балалардың санасы қалай қалыптасады? Нақтырақ айтсақ, Барби баланы бала қыла ма, пәле қыла ма?
Бала санасы ойын жасынан дамиды дедік. Яғни, ойнау арқылы баланың ой-санасы да жетіле түспек. Байқасаңыз, балаңызға сәби-қуыршақ сатып алып берсеңіз, балаңыз сол сәтте ана кейпіне еніп, сәби-қуыршағын уатып әлек болып жатады. Ұл балаға мәшине ойыншық алып берсеңіз, шопыр болып, «жұмысқа кірісіп» кетеді. Қару ойыншық сатып алып берсеңіз, айналасын «қырып» кете жаздайды. Ал «екіқабат» қуыршақпен ойнаған бала кім болады?
Бала бұл жаста сұлу не, көріксіз не екенін ажырата біледі. Содан да болар, қыз баланың қолында тұрған қуыршаққа кейде ұл балалар да қызығып, тартып алып жататынын көз көріп жүр. Сондықтан да шетелде кейбір ата-аналар көбіне баласына ойыншық әперерде психологпен кеңесіп алады. Ал біздің елде психологтың кеңесіне құлақ асатын ата-аналар жоқтың қасы. Тіпті, кеңес алмақ тұрмақ, маманның алдына баруды қиын көреді.
– Бүгінде дүкен сөрелерінде жиі кездесетін ойыншықтар – шетелдің мультфильмдеріндегі кейіпкерлер. Мәселен, «Монстр хай» қуыршағын алайық. Жез тырнақтары, ұсқынсыз киімі, шашының бояуы мен көзінің түсі баланың жүйкесіне кері әсер етеді. Сәби психологиялық жарақат алуы мүмкін. Баланың жастайынан психикасының бұзылуы жыл өткен сайын оның денсаулығына әсер ететінімен қауіпті. Өздеріңіз білетіндей, ХХІ ғасырдың балаларының тәрбиесі ыждаһаттылықты қажет етеді. Әр баланың тұлға болып қалыптасуына әр ата-ана жауапты, – дейді психолог Әйгерім Нысаналиева.
Мамандардың айтуынша, бала қолына түскен ойыншыққа қарай бейімделе бастайды, ойыншыққа сәйкес еліктеу де пайда болады. Яғни, бала нені көрсе, соны қайталауға құмар боп тұрады. Теледидардан көргендерін айнытпай қайталап жатқанда баланың зеректігіне таңғалып жататынымыз жасырын емес. Ендеше баланың қолындағы қуыршағы ертеңгі күні өмірдегі идеалына айналмасына кім кепіл?
Мәселен, Барбидің киіміне үңіліп көріңіз. Көбіне кигені – санын жаппайтын қысқа белдемше, кіндігіне жетпейтін ашық жейде. Бүгінде осылай киінген көшедегі қыздарымыздың көбі кішкентай кезінде Барбимен ойнамады дей аласыз ба? Ендеше балаңыз есті болсын десеңіз, етегін қымтаған қуыршақ әперіңіз.
Жақында Барбиді шығаратын компания «екіқабат» қуыршақтарды шығара бастады. «Аяғы ауыр» қуыршақ баланы да «туатын» жағдайға жетті. Қала базарларында бұл ойыншық 2000-2500 теңге аралығында сатылуда. Бала кезімізде ересектерден «Бала дүниеге қалай келеді?» дегенде: «Аузымнан түсіп қалғансың» – деп алдаушы еді. Барбимен ойнаған баланы алдап көр енді…
– Мен – бес баланың анасымын. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмын. Кіші қызым – үште, үлкені – бес жаста. Дүкенге, базарға бара қалсақ, «қуыршақ керек» деп көрген ойыншықтарына жармасады. Бірақ олар кішкентай болғандықтан, таңдағандарын алып бермеймін. Әрбір ана өзінің ұрпағы үшін жауапты деп түсінемін. Сондықтан да өз басым қыздарыма бағасы қымбат болса да тәрбиелік мәні бар, қазақша қуыршақтарды алып беруге тырысамын. Ал шетелден келген арзанқол дүниелермен балаларымның санасын улағым келмейді, – дейді көпбалалы ана Гүлжан Базарбаева.
Иә, бұл – тек бір ананың пікірі. Десе де, осы тұста өзімізде өндірілетін қуыршақтардың қарапайым халыққа қолжетімді еместігі ойға сап етеді. Ал Қытайдың арзанқол дүниелері кез келген жерден, өзіңіз саудаласқан бағамен сатылатындығы баршаға аян.
Сондай-ақ бүгінде елімізде ойыншықтарға психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізілмейді. Яғни олардың бала дүниетанымына қалай әсер етіп жатқанын бақылап жатқан ешкім жоқ. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті ойыншықтардың сыртқы келбетін ғана тексереді. Бұл дегеніміз олар аллергия тудыра ма, құрамында қауіпті қоспалар бар ма деген техникалық жағын ғана назарға алады.
Ойыншықтан келер қауіп көп!
Қазіргі таңда сатылымда балаларға арналған небір антистресс ойыншықтар бар. Оның ішінде спринер, попит, слайм деп тізіліп кете береді. Бірақ ол ойыншықтардың басым бөлігінің түстері ЛГБТ, яғни бір жынысты насихаттайтын шетелдік одақтың туына сәйкестендіріліп жасалады. Осы орайда аталған ойыншықтардың кішкентай балаға қалай әсер ететіні жайлы педагог-психолог Жания Бисенқызынан сұраған едік.
– Егер ойыншық баланың жас ерекшелігіне сай таңдалса, баланың дамуына әсер етеді. Баланың дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі. Бүлдіршіннің өмірді тануы, айналамен қарым-қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын арқылы қалыптасып дамиды. Өйткені ол арқылы бала қоршаған ортаны зерттейді. Ойыншықтары арқылы өз сезімін білдіріп, іс-әрекеттерін үйлестіру қабілетін қалыптастырады.
Қазіргі таңда сатылымда балаларға арналған антистресс ойыншықтар жиі кездеседі. Стресс тек ересектерде ғана емес, сондай-ақ емізулі балаларда да кездеседі. Иә, бүгінгі таңда антистресс ойыншықтары жиі пайдаланылады. Бұл әрбір ата-ананың өз таңдауы. Бірақ ойыншық сатып аларда бала өміріне қауіп төндірмейтініне және оған психологиялық жарақат салмайтынына сенімді болу керек.
Әрине, түстердің бала психологиясына өзіндік әсері бар. Ойыншық, киім сатып аларда мұны ескерген жөн. Мысалы, қызыл түс қан қысымын жоғарылатып, зат алмасуын үдетіп, мидың белсенді жұмыс істеуіне әсер етеді. Ал енді бала өте белсенді, бір орында қимылдамай отыра алмайтын болса, ойыншық таңдарда басқа түс таңдаған дұрыс. Өйткені кейбір түстер өзі болмысынан тым белсенді баланың жүйке жүйесін шамадан тыс қоздырып, тез шаршатады. Ал жасыл түс адамды тыныштандырып, қан қысымын қалыпқа келтіріп, шаршағанды басады. Мамандардың айтуынша, бала үшін қауіпті саналатын заттардың түсі жасыл болмау керек. Өйткені, емізулі баланың өзі жасыл түсті заттың бәріне ұмтылады екен.
Слаймның құрамында түрлі химиялық қоспалар бар болғандықтан, қауіпті болуы мүмкін. Слаймды ұстағаннан кейін баланың қолын жақсылап жуғанын қадағалау керек. Ал спинерге келер болсақ, оны осыдан 30 жыл бұрын ойлап тапқан. Спинерді медицинада аутизм ауруын емдеуге пайдаланады. Бұл жайында мамандар екі түрлі пікір айтады. Бірі антистресс ретінде пайдасы бар деп мақтаса, екіншісі спинер баланы күйзеліске ұшыратады дейді. Ал металдан жасалған спинерлер бала өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Әлеуметтік желіден спинердің қолдан шығып кетіп, түрлі дене жарақаттарын салғаны туралы оқуға болады. Осы спинерді ойлап тапқан америкалықтардың өзі «жүйкені жұқартады, баланың сабақ оқуына кедергі келтіреді» деп бас тартса, бізде жүйкені жақсартатын антистресс деп еркін сатылуда. Сондықтан баласының болашағына алаңдайтын әрбір ата-ана сақтық шараларын ұстанғаны дұрыс.
Баланың қалыпты дамуы үшін, ең алдымен, ата-ана мейіріміне бөленіп өсуі керек. Балаға жеткілікті назар аударылып, ата-ана махаббатын сезінуі қажет. Балаға ойыншық таңдауда оның жас ерекшелігі және таңдауы мен қалауының ескерілуі маңызды. Баланың ойлауын дамытатын, есте сақтау қабілетін арттыратын, қолдың ұсақ моторикасын дамыту үшін конструктор, пазлдың пайдасы зор деп айтар едім.
Ең бастысы, жоғарыда айтып өткенімдей, балаға көңіл бөлініп, ата-анасымен эмоционалдық тұрғыда дұрыс байланыс болып, әрбір ісін қолдау керек, – дейді педагог-психолог.
Иә, бұл тұста ойнап жүріп от баспау үшін ата-ана баланың әрбір ойыншығына назар аударған жөн. Өйткені сала мамандары ойыншықтардың да зиянды тұстарын жасырмайды. Мәселен, дартс (дротик) ойыншығы – бұл лақтырып нысанаға қадап ойнайтын үшкір ойыншық. Бұл ойыншықпен ойнаудың бала түгіл ересектерге де қатері бар деуге болады. Себебі ойнап жатқан кезде оқыстан басқа жаққа ұшып кетіп, біреудің көзіне немесе басқа жеріне қадалып қалуы әбден мүмкін. Ұл балалар теледидардан атыс-шабыс, садақ атқан киноларды көріп алады да басқа бір балаға нысананы ұстатып қойып ойнайтын жағдайлар да жиі кездесіп жатады. Сол үшін де бұл ойыншықты кішкене балалардың қолына ұстатуға болмайды.
Қысқа толқынды пеш. Бұл ойыншықты ойнаған бала шынайы пешке барып өз қолын салып алуы мүмкін және өзі ойнап жүрген ойыншық тамақтарды шынайы пешке қыздыруы мүмкін. Ол тамақтың құрамы резина немесе пластмасса болады. Сол себепті қатты қызса, өрт қаупі туындайды. Қатты қызған бұйымды қолына алғанда қолы күйіп қалуы әбден мүмкін.
 Әлемдегі және кинодағы жаман кейіпкерлер мен тұлғалардың бейнесіндегі қуыршақтар. Балардың жастайынан осы кейіпкерлерге әуес болуы дұрыс емес. Ол балалардың санасына қанау, озбырлық, жауыздық секілді ең жаман әдетті сіңіруі мүмкін, одан кейін баланың психологиясы бұзылады.
Хирургтарға арналған ойыншықтар. Бұл ойыншықтарды ойнаған бала бір нәрсені кесіп, не болмаса бөлшектеп ойнайды. Бала осы ойыншықтан соң қуыршақты емес, қасындағы басқа бір баланы кесіп ойнауы мүмкін.
Ұсақ магнит шарлар. Бұл ойыншықты жұтып қойған балалар өте көп. Шарикті жұтқан соң, оның адам ішінде бір-біріне жабысып, шықпай қалу қатері өте жоғары. Оны тек ота арқылы ғана алуға болады.
Тамақ жейтін қуыршақтар. Бұл қуыршақтар шыққалы көптеген балалардың саусағын жаралап, тіпті кем еткен. Қыз балалардың шашын жұлып тастаған. Бұндай ойыншықты дүкен сөрелерінен кездестіріп жатсаңыз, мүлдем сатып алмауға кеңес береміз.
Сонымен қатар мамандар Қытай өндірген ойыншықтарында кейбір талаптарды сақтамайтынын, қуыршақтардан түрлі радиация мен химикаттар бөлінетінін айтып дабыл қағады. Тіпті, кейбір метал немесе шыны ойыншықтар ойын барысында сынған жағдайда қауіпті затқа айналып шыға келуі мүмкін.
Өзгенің қаңсығына неге құмармыз?
Бүгінде «трендтен» түспей тұрған Лабубу, Куроми, Өрмекші адам сынды тізімі бітпейтін ойыншықтарды тілі енді шыққан баладан бастап сүйсіне ойнайды. Не тарихы жоқ, не тәрбиелік мәні жоқ заттарды балаларға өзіміз алып беріп жатқанымыз қынжылтады.
Соғыстан кейін дүниеге келген ел ағалары «осы біз ойыншық көрмей-ақ адам болдық қой» деп уәж айтады. Келесі толқын «темір-терсектен ойыншық жасап, шыбықты ат қылып мініп, жалаңаяқ жарысып, қойдың терісіне қорғасын байлап, ләңгі теуіп өстік, қатардан қалған жоқпыз» дейді. Солай екеніне ешкімнің дауы жоқ. Тек қатардан қалмау дегеннің өлшемі өзгерген. Сол қатардан қалғанымыз жоқ деп отырған ағаларымыздың өздері «балам, немерем кімнен кем?» деп ойыншықтарды үйіп-төгіп алып жүр.
Рас, әр ата-ана өз баласының жақсы ойыншықпен ойнағанын қалайды. Баласының талғамына сай сапалы ойыншық сатып әперуге тырысады. Ал баланың талғамы ертелі-кеш көретін мультфильм кейіпкерлерімен шектеледі. Іздеп әуре болмайсыз, сұранысты сол сәтте сезе қоятын көрші Қытай мемлекеті дүкендерді толтырып қойған.
– Сапалы болсын, болмасын қазақтың әр отбасындағы ойын баласының үйде де, балабақшада да қолына ұстайтыны, ойнайтыны – Қытайдың ойыншығы. Өзім үш немеренің әжесімін. Біздің балалар ойыншықсыз-ақ өсті. Бірақ бүгінгінің бүлдіршініне ойыншық таңсық дүние емес.
Ойыншық дүкендерін кейде қару жарақ сататын орын екен деп те ойлап қаласың. Өйткені бұл жерде атыс-шабыс қаруының барлық түрін кездестіруге болады. Техника дамып кеткені соншалық, қуыршақтарға тіл бітті. Тетігін бассаң, сайрай жөнеледі.
Алайда тетігі тұрмақ, құлағын бұрап, желкесінен ұстап сілкілесеңіз де қазақша сөйлемейді, қазақ музыкасын да естімейсіз. «Қыздарымыз кіндіктерін ашып жүреді, ұятты жерлерін жабуды қойды» дейміз. Өзіміз жартылай жалаңаш киінген ойыншықтарды алып беріп, жастайынан «осындай бол» деп жатқанымызды ойламаймыз.
Тал шыбықтың қалай бой түзейтіні оның күтіміне, балдырғанның қалай ержететіні тал бесікті кім, қалай тербеткеніне байланысты екенін білеміз. Бүгінгі заман бесігінің бір түрі – теледидар. Балаларға арналған «Балапан» каналы бар. Оған да шүкір. Бірақ ол жердегінің басым бөлігі – қазақшаға аударылған шетелдік мультфильмдер. Ойыншық дүкендеріне барғанда баланың көзіне түсетін де күнделікті көріп жүрген кейіпкерлері. Сондықтан да телегей теңіз ауыз әдебиетімізді, батырларымызды, басқа да толып жатқан кейіпкерлерімізді бала санасына мультфильм арқылы сіңіріп, сол кейіпкерлерден әдемі ойыншық жасай білсек, жаттың жарығына өз үйіміздің шырағын айырбастағанды қояр едік, – дейді қала тұрғыны Зере Құрбанқызы.
Түйін
Өзгенің ойыншығын өзегіне басып өскен бүгінгі бүлдіршін ертеңгі болашағымыз екенін ұмытпайық! Болашақтың бүгіннен басталатынын ескерсек, бесігімізді қазірден түзейік!
Арайлым Шабденова
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.