Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бала құқығы – басты назарда

0 130

Қашанда қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін – бас бостандық және уайым-қайғысыз өмір. Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар», – деп анық жазылған. Соған қарамастан тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінде ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Сондықтан отбасы тыныштығы қоғамның тұрақтылығы екенін естен шығармаған абзал.

Халқымызда «Әйел адамға рухы әлсіз ер адам ғана қол көтереді» деген сөз бар. Мұны халық жазылмаған заң деп санап, осы уақытқа дейін сақтап келеді. Алайда мұны жете түсінбей жүргендер де жетерлік. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер ететін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман дүниелер адамды азғырып, түрлі теріс мінезді тудырады. Салауатты өмір сүрудің күрделі мәселе-сі – жаман қылықтардан, яғни зорлық-зомбылықтан аулақ болу. Ішімдікке үйір адам есінен айырылып, қасындағы адамдарға зиянын тигізеді, отбасына ойран салады, отбасы мүшелеріне оғаш қылықтар көрсетіп, мазасын алады. Бұл баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады. Зорлық-зомбылық – тәрбиесіздіктен де туындайтын дүние. Сан ғасыр бойы өз тектілігін жоғалтпаған қазақ дейтін рухы мықты халық едік, бірақ бұл күндері сол қасиетіміз кеміген сияқты. Қаншама тепсе темір үзер аға-інілеріміздің санасыздың халіне түсіп, ез болып бара жатқаны қабырғаны қайыстырары анық. Арам суға сылқия тойып алып, үйіндегі періштесіне зорлық көрсетіп отырған өгей әкелер саны да күн санап артып келе жатқаны қынжылтады.
Жалпы ұлыбританиялық IWSR ұйымының ресми мәліметі бойынша, Қазақстанда 200 мыңнан астам адам маскүнемдікке шалдығып, әлем бойынша бесінші орынға көтеріліпті. Ащы судың кесірінен шаңырағы ортасына түскен отбасылар қаншама. Мысалы, өткен жылы Түркістан облысында араққа сылқия тойып алған арсыз әкенің өз әйелін төрт баласының көзінше ұрып өлтіргені туралы жантүршігерлік ақпарат тараған болатын. Осындай суық хабар Алматы облысының Кербұлақ ауданында орын алған.
Көзбен көріп, құлақпен естіп жүрген осындай жан түршігерлік оқиғаларды естігенде балаға да, анаға да ет-жүрегің елжіреп, тамағыңа өксік тығылып қана қояды. Мұның бәрі, әрине, тәрбиеге тікелей байланысты дүние екені анық. Себебі отбасында әкеден сескеніп, шешеден қаймықпайтын балалар өсіп келеді. Бұл да өте ойландыратын жайт.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандарға қарсы 964 зорлау фактісі тіркелген. Мысалы, 2013 жылы кәмелет жасына толмаған 258 адамға қарсы зорлау дерегі тіркелсе, 2014 жылы бұл сан екі есеге қысқарған, яғни 169. Ал 2015 жылы 254 бала зорлық көрсе, 2016 және 2017 жылдары 123 және 131 бала осындай оқиғаға тап болған. Алайда бұл деректер бойынша қанша қылмыстық істің сотқа жеткені және сот үкімінен кейін қанша адамның шағым түсіру арқылы жазасын жеңілдеткен-жеңілдетпегені белгісіз. Бірақ бұл жағдайда заң әлсіз деп те кесіп айта алмаймыз. Әрине, заң жүгенсіздерді жөнге салар. Алайда сол қылмысты жасағандар да кеше бала болды емес пе?! Сондықтан қоғамға кеселді ұрпақты жібермеу үшін тәрбиені талбесіктен бастаған жөн.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бала жасында қандай тәрбие алса, ержеткенде соны қайталайды. Бұл тұрғыда ұлтымыздың қанындағы ізеттілік дөрекілікке, қайырымдылық қатыгездікке, жомарттық тоғышарлыққа, адалдық арамдыққа, парасаттылық парасыздыққа ауыспас деген үміт басым.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.