Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бала күлкісі – әлемнің қуанышы

0 484

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Балалардың күлкісі – көркі, сәні әлемнің» атты салтанатты кеш өтті.

Сән-салтанаты жараса түскен кештің шымылдығын мекеме директоры Индира Қожамқұлова түрді. Бүлдіршіндердің балғын шағының бақытты болуына ықпал етуге атсалысып, зор үміт артқан ол балғындарға бақыт тіледі.
Кештің көркін толықтыра түскен аспан торлаған түрлі-түсті қолшатырлар мен әсем әуе шарлары ерекше балалар әлеміндегі көтеріңкі көңіл-күйді дөп басқандай. Осы көңілді кеш барысында балғындар сайқымазақпен бірге қол ұстасып сахнаға шықты. Бірі ән айтып көрермен көзайымына айналса, енді бірі әсем биімен көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ал ең әсерлі сәт ол Дәулет Байболатовтың ортаға шыққан кезі еді. Дәулет бұл күні көптен көрмеген анасымен қауышты. Жас жүрегінен мейірімі төгілген ұл анасына ән арнады. Перзентінің қуанышты сәтін көрген ана жүректің де қуанышында шек болмады. Ана мен бала сахна төрінде қол ұстасып, бір-біріне деген сүйіспеншілігін ән арқылы жеткізді.
Мұнда қызмет алушы 5 жас пен 18 жас аралығындағы балалар саны – 67. Бәрі тағдыр тауқыметімен осы үйді мекен етіп жүр. Ал осынау салтанатты кештің құрметіне біраз уақыт бұрын осы орталықта тәрбиеленіп кеткен азаматтар да балаларға өз ізгі тілектерін арнап, тәрбиешілеріне алғысын білдіру мақсатында бүгін осы орталықтың төрінен табылды. Сонымен қатар кеш барысында Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсел Уәлиқызы, облыстық №1, №2, №5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталықтарымен қатар «Халық банк» АҚ директоры Нұрлыбек Сейдахмет, «Нұрбанк» директоры Оксана Иловская да өз ыстық ықыластарын білдіріп, балаларға сый-сияпат табыстап, балмұздақ таратты.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.