Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бала асырап алудың машақаты көп

0 814

Балалар үйінен бала асырап алу оңай емес. Бүгінде бала асырап алғысы келетін ата-аналардың айтатын уәжі осы. Айтуынша, сан түрлі сынақтан өткеннен кейін де жүректің қалауы бойынша бала іздеуге біраз уақыт кетеді екен. Бұдан кейін құзырлы орындардың бюрократиясы мен қағазбастылығы да бала асырап алуға деген ойдан айнытып жібереді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. 

Осылай деген алматылық Асыл есімді келіншек жолдасы екеуі бірнеше жылдан бері бір балаға зар. Алланың маңдайға жаз­ғанын мойындаған ерлі-зайыптылар ба­лалар үйінен бала асырап алуға ниетті. Бірақ жергілікті қорғаншылық және қамқор­шылық мамандарының сынағынан сүрінбей өткенімен, өздері іздеген баланы таппай әлі сергелдеңде жүр.

Он төрт құжат талап етіледі

Қолданыстағы заңға сәйкес бала асы­рап алушы ата-аналардан қазір 14 құжат талап етіледі. Оның ішінде негізгі қойы­латын та­­­лаптарға бала асырап алатын ата-ана­лардың тұрғын үйі болуы маңызды. Екін­шіден, күнкөріс деңгейі мен табысы 42 500 теңгеден төмен болмауы керек. Үшіншіден, нарко­ло­гиялық және пси­хологиялық дис­пансерлерде есепте тұр­маған, сотталмаған деген талаптар назарға алынады. Сондай-ақ басқа балаларға қа­тысты ата-аналық құ­қығынан айырыл­ма­ған болуы шарт. Одан кейін Денсаулық сақ­тау министрлігінің бұйрығымен бекі­тіл­ген медициналық про­филактикалық тексерістен өткенін анық­тайтын құжат та талап етіледі. Бұл құжат­тармен бірге асы­рап алғысы келген бала 10 жастан асқан болса, баланың пікірі де есеп­­­ке алынады.

Өз ата-анасына мүмкіндік беріледі

БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мақсат Не­сіпбаевтың айтуынша, 2017 жылдан бастап жетім және ата-аналардың қамқор­лы­ғын­сыз қалған балалардың республикалық деректер банкі қалыптастырылған. Бүгінде деректер қорына тіркелген балалар үйінде 4 200-ден аса бала болса, 19 мыңнан астам бала отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. «Рес­пуб­ликалық деректер банкіне орна­ласты­рылған 4 200 бала туралы мәліметті көру үшін бірінші кезекте ата-ана жер­гілікті атқару ор­ганда­рындағы қорған­шылық және қам­қор­шылық функциясын жүзеге асырушы маманға барып кеңес алады. Содан кейін ғана респуб­ликалық деректер банкіне кан­дидат ретінде тіркелуі тиіс. Тіркелу мемле­кет­тік қызмет көрсету стандартына сәйкес жүр­гі­зі­леді. Со­сын 14 құжатты тексеріп, қор­ған­шы­лық және қам­қоршылық маман­дары өзі­нің кан­дидат ретінде тіркеу немесе тіркемеу ту­ралы қо­рытындысын шығарады. Егер олар рұқсат берсе ғана олар база арқылы республика бойынша өзіне ұнаған балаларды іздестіре алады. Мысалы, өзі елорда тұрғыны бо­лып, бірақ деректер базасындағы басқа қаладағы балалар үйіндегі баланы ұнатып тұрса, қарсылық жоқ», – дейді Мақсат Несіпбаев.

Оның айтуынша, бала асырап алу­шы­лар­дың айтатын уәжі түсінікті. Өйткені бала асырап алғысы келетіндердің көбісі бірден перзентханадан бала алғысы келеді. Не болмаса жүз пайыз дені сау, диагнозы жоқ балаларды қалайды екен. Бірақ пер­зент­ха­нада анасы тастап кеткен нәрестені асырап алуға заңмен тыйым салынған. Жас босанған ана өз баласынан бас тар­татыны туралы тиіс­ті құжаттар рәсімделген соң бала перзент­ха­на­дан сәбилер үйіне өткізіледі. Денсаулық сақ­тау ұйымдарында ол 3 жасқа дейін тәр­бие­ленеді. Егер ден­сау­лығында ешқандай ақау болмаса, үш жастан кейін балалар үйіне ауыс­тырылады. «Ана үйі» қоғамдық қорының маманы Фа­рида Рах­метованың да айтуына қара­ғанда, сәби­лер үйіне түскен нәрестелер мен ата-ана құқығы уақытша шектелген балаларды асырап алу­дың қиындығы бар. «Бала сәбилер үйіне түскенімен, ата-ана­сына алты айға дейін баласын қайтарып алуына мүмкіндік бар. Ата-ана құқығынан айырыл­ғандарға да баласын кері қайтаруға уақыт беріледі. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған осындай бала­ларды тек патронатқа немесе қамқоршы­лыққа алуға болады. Ал алты айдан кейін өз ата-анасына қайтпаған жағдайда ғана асыраушы отбасы алуы мүм­кін. Алайда көп ата-ана жаңа туған нә­рестені бірден асырап алғысы келеді. Бі­рақ бірінші кезекте туған ата-анасына мүм­кіндік беруіміз керек», – дейді қор маманы.

Жәрдемақы үшін бала асырап алғысы келетіндер көп

Алты жыл бұрын Елбасының тап­сыр­масымен жетім және ата-ана қамқор­лы­ғынсыз қалған балаларды сот шешімімен асырап алған отбасыларға 75 айлық көр­сеткіште бір жылғы жәрдемақы таға­йын­далды. Қамқоршылық пен қорғаншылыққа алғандарға ай сайын балаларды күтіп-бағуға 10 АЕК көлемінде жәрдемақы бе­ріледі. Ал келісімшарт негізінде патро­нат­тық тәрбиеге алатындарға 0 жастан 6 жасқа дейінгі бала­лар үшін 9 АЕК, 6 жастан жо­ғары балаларға 10 АЕК бойынша жәр­демақы және әрбір қабылдаушы ата-анаға 58 мың теңгеден бастап жалақы төленеді.

Жетімді жебеу үшін емес, дәл осы жәр­демақыға бола бала асырап алуға ниет­тенетіндер көбейген. Сол үшін былтырдан бастап психологиялық даярлықтан өткізу курстары ашылыпты. Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы кодекстің 91-бабына енгізілген өзгерістер бойынша, бала асырап алушы ата-аналар бір жылдан бері міндетті түрде үш айлық психоло­гия­лық даярлықтан өтуі тиіс болды. «Өзгерісті енгі­зуге түрткі болған мәселе, осы жыл­дарға дейін балалар үйінде тәрбиеленіп жат­қан жетімдер мен ата-ана қамқор­лығынсыз қалып, асырап алынған, қор­ған­шылыққа, патронаттық тәрбиеге алын­­ған балаларды балалар үйіне қайтару көбейіп кетті. Сол үшін бір жылдан бері білім саласындағы 52 балалар үйінің бір­қатарында бала асырап алуға ниет біл­діргендерге арналған психо­логиялық даяр­­лықтан өткізу курстары ашылған. Яғни кез келген азамат бала асырап алуға ниеті болса, арызын жазып, алдымен үш айлық курстан өтеді. Ол жерде білікті психологтер мен заңгерлер ата-аналарға бала асырап алғаннан кейін отбасында болатын жағ­дайларға дайындайды», – дейді Балалар­дың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мақсат Несіпбаев.

Бұдан бөлек, қамқорлық пен қорған­шылықтағы, патронаттық тәрбиедегі, қо­нақ­тайтын отбасылардағы балаларды қам­қоршылық пен қорғаншылық маман­дары баланың денсаулығы мен тәрбиесі, бөлінген жәрдемақылар бойынша есеп алып, жарты жыл сайын, ал сот шешімімен бала асырап алғандарды жылына бір рет ұдайы тексеріп отыруы тиіс.

«Бала асырап алу қиын» дейтіндердің көп болатын себебін түсіндірген «Ана үйі» қоғамдық қорының маманы Фарида Рах­метова: «Кейде мемлекеттен ақша төлене­тінін естіп патронаттық тәрбиеге бала алғысы келген ата-аналар келеді. Әрине, олар «ақша үшін бала асырап алғым ке­леді» деп айтпайды ғой. Бірақ психоло­гия­лық диагностика жүргізген кезде олардың негізгі ойы белгілі болады. Бізде ондай ата-аналар­дың ішкі ойын анықтайтын психологиялық әдіс-тәсілдер бар. Егер арыз беруші ата-ана­лардың ішкі ойы анықталса, олармен жұ­мыс істеуді тоқ­та­тамыз. Оқуға дейін жібе­рілмейді», – де­генді айтқан қор маманы бала асырап ал­ғысы келетіндердің 80 па­йызы жаңа туған нәрестеден 3 жасқа дейінгі дені сау балаларды қалайтынын жеткізді. Ал мем­лекеттің негізгі жоспары – жасөспі­рімдерді отбасына орналастыру. Себебі балалар үйіндегі балалардың 90 пайызға жуығы – 13-18 жасқа дейінгі балалар. Олар­ды отбасына орналастыру қиын. Де­генмен нәресте алуға арыз тастайтындар арасында мамандардың жұмыс жүргізуімен 10 жас­тағы баланы алып кетіп жатқан отбасылар да бар.

Кеңес алғандар көп, асырап алушылар аз

2013 жылдан бастап жұмыс істей бас­таған қоғамдық қорда қазір мамандар бала­ны асырап алудан бұрын, туған ата-анасына қайтару жағына көп көңіл ауда­рады. «Біз алдымен балаларын тастағысы келген ана­лармен жұмыс жүргіземіз. Өйт­кені кейбір жас аналар баласымен баратын жері жоқ­тықтан баласынан бас тартып жатады. 2013 жылы 10 мыңнан аса жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала болған. 2016 жылы дағдарыс орталы­ғынан бөлек, Ұлттық бала асырап алу агенттігі құрылды. Соның арқасында қазір балалар саны екі есе азайды. Бүгінде 5 091 бала бар. Бала асырап алушыларды алдын ала дайындау, отбасы­ларға орналасты­рылғаннан кейін де үш жылға дейін сүйе­мелдеу жұмысын жүргізе­міз. Өйткені ба­ла­ны қайтарып беру үрдісі әлі бар. Көбісі баланы көрген кезде отба­сына қабыл­да­ғысы келеді, бірақ ары қарай шыдамай­ды», – дейді қор маманы. Мысалы, 2016 жылдан бері қор мамандарының ке­ңесіне жүгінген 13 231 адамның асырап алушы ата-аналар мектебінен 3 281 үміткер ғана оқып-шыққан. Соның ішінде 1 036 отба­сына 1 532 бала орналастырылыпты.

Сондай-ақ «Ана үйі» қоғамдық қо­ры­ның маманы Фарида Рахметова біздің ел­дің аза­маттары диагнозбен туылған ба­лаларды асы­рап алуға құлықсыз екенін ай­тады. Сол үшін белгілі бір уақытта отба­сыларға орна­ластырылмаған балалар ха­лықаралық базаға шығарылады. Бала­лар­дың құқық­тарын қор­ғау комитетінің бас сарапшысы Мақсат Не­­сіпбаев бүгін отба­сына алып, ертең ба­ла­лар үйіне қайтаратын ата-аналар Әкім­ші­лік кодекстің 127-бабы бойынша жауап­кер­ші­лікке тартылып, қа­ра тізімге енеді деп отыр. Жаза жеңіл ме, тиісті қадағалау тұ­рақ­ты жүр­гізіліп, алдын ала психологиялық тек­­се­ріс жүргізіл­ге­ні­мен, балалар үйіне қай­­та­ры­латын балалар да бары рас. Де­ген­мен ми­нистр­лік «өкілі психологиялық даярлық­тан өткізу курс­тары ұйымдас­ты­рыл­ған бір жыл­дың ішін­де ондай жағдайлар болған жоқ» деп отыр. Өйткені бала асырап алуға ниет ет­кендер­дің біразы курсты толық оқы­май, орта жолдан тастап кеткен. Әлбетте мо­ралдық жағынан әлі де дайын емес ата-ана­ларға балаларды асырап алуына рұқсат жоқ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.