Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Байжансай» кенішін ашқан Байжан кім?

0 2  832

Аңшы Байжан Бекболатұлы 1870-1942 жылдары өмір сүрген. Ресейдің патшалық кезінде Сырдария губерниясы, сол кездегі Шымкент уезі, Шаян болысы, Бөген Жарықбас елінде дүниеге келген. 1919-1924 жылдары Советтік Түркістан Республикасы құрылған күннен бастап 1924 жылдың күзіне дейін Сырдария мен Жетісу облыстары сол автономия құрамында болды. Одан бұрын Киргизский край болды.

Байжан аңшы жас кезінен аң аулауға бейім болып, өсе келе аңшылықты кәсіп еткен. Кездескен аңды мүлт жібермейтін мерген болған. Таудан атып алған арқарды Бөген өзенінің жағасында аңшылық кезінде алып жүретін кішкентай қазан астына өзі жинап алған түрлі-түсті тасты қалап, қазанға су құйып, арқар етін салып, астына от жағып, түскі асын дайындайды.
Біраз уақыт өткенде, қазан бір жағына ауып, қисая бастағанын көреді. Қазан астына қалаған тастардың бірі – отқа балқып, шөгіп, ерігенін байқайды. Таяқпен отты қозғағанда, астында аппақ боп кілкіп тұрған қорғасынды көрген. Байжан Бекболатұлы 1920 жылы қорғасынды ең алғаш осылай тапқан. Қорғасын кені табылған жер Шаян ауданы, Орловка селолық округіне қараған. Жергілікті тұрғындар қорғасын табылған жерді «Байжансай» деп атаған. Таудың тасын жарып шыққан бұлақтардан жиналған сулар үлкен Бөген өзенін құраған. Олар төменге ағып, Жарықбас елінен өтіп, Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасына барып жиналады.
Жарықбас ауылын Леонтьевка селосы деп атады. 1929 жылы сол кездегі үкімет ауылға төрт жылдық қазақ-орыс аралас мектеп салды. Қазіргі «Байжансайға» жақын. Көржайлау, Нар қалған, Аша, Түйетас, Әулиетерек, Көктерек, Жылыбұлақ, Бозбұтақ, Аққуыс, Қызыл бұлақ ауылдары «Байжансай» тауының ішкі бөктерінде орналасқан.
Жеті Отау үңгірі, Ақтау баурайы, Шұқырой Жарықбас, Ағыбай қыстауы, Шұбар, Дарбаза, Қайранбек ауылы, Ақмешіт әулие үңгірі, Айыртау, Есекбел деген таулы жерлер де бар.
Орыстар Сырдария Губерниясының комиссары сол кездегі С.Т.Тризнаға және Шымкент уездік комитетінің бастығы Г.Н.Ивановқа геолог мамандарын тауға жіберуін, жергілікті аңшы қазақ Байжан Бекболатұлының таудың тасын ерітіп, мылтығына оқ жасап, таудағы аңды атып жүр деп баяндаған. Келген геологтарға Байжан аңшы өзі қорғасын тапқан жерді апарып көрсеткен. Геологтар жергілікті тұрғындардың қорғасын табылған таулы жерді «Байжансай» деп атайтынын естіп, кен табылған жердің координатын геологтардың кен барлау картасына «Байжансай» деп тіркеп жазған. 1920 жылдан бері Байжан Бекболатұлының есімі тарихта қалды.
Байжан Бекболатұлы қорғасынды алғаш тапқаннан бөлек, ашаршылық жылы таудан аң, құстар атып әкеліп, ауыл-аймағына таратып, елдің аштықтан аман қалуына өз үлесін қосты.
шаршылық жылы аңшы аң аулауға шығып, сол шатқалдағы Қарабастау бұлағында, бір топ еліктің су ішіп тұрғанын көреді. Суды ішкен еліктер тау қыратына беттеп бара жатқанда, еліктің біреуін көздеп атады. Арғы жағы есінде жоқ. Есін жинап қараса, өзі бір жақта, мылтық бір жақта жатыр екен. Атқан елігі жоқ. Тылсым дүние. Атқан елігі киелі болып, аңшының оң көзі көрмей қалған. Үйіне мазасы болмай әрең жеткен. Ол заманда дәрігер жоқ. Сөйтіп, Алмалы еліндегі жеті атасынан бері бақсылық қасиет қонған Жауатар Ысты-Тасша ұрпағы Жұмабай бақсы әулиеге емделген.
Қызыл өкіметтің 1927 жылы елдің малын тартып алуына байланысты Шаянда халық көтерілісі болды. Одан кейін Созақта басталған көтерілістің соңы 1931 жылдың күз айында «Байжансай» таулы жерінде «Аңқай» көтерілісіне ұласты. Сол кезде қызыл өкімет жендеттері Байжан Бекболатұлын тұтқындап алып кетеді.
Байжан аңшы інісі Сәтбайға қорғасынды алғаш тапқанын айтып, аманат қалдырған. Байжан Бекболатұлының туысқандарын тергеп, үйлерін қайта-қайта тінтіп, еш айғақ таба алмаған. Солай Байжан Бекболатұлы жазықсыз, жалған жаламен қуғын-сүргін құрбаны болды. Байжан Бекболатұлы «Аңқай» көтерілісіне қатыспаса да, оны қауіпті адам ретінде тұтқындаған. Сол кездегі Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Куйбышев қаулы шығарған. Ол құжатта «қазақтар аң, құсты және балықты ауласа, сотталады» деп көрсетілген. Аңшыны тұтқындауға осы шыққан қаулы да себепші болған.
Ел енді ашаршылықтан есін жинап жатқанда 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Байжан Бекболатұлының үш ұлы Отан қорғау үшін 1941 жылы соғысқа аттанды. Ұлдары Сартай, Қаратай соғыста өз жандарын қиды, қаза болды. Ал Жұмабек соғыстан жарымжан болып, елге аяқсыз оралды. Байжан Бекболатұлы төрт ұл, екі қыз өсірді. Бүгінде ұрпақтары бар.
Байжан атамыздың еңбегін жергілікті тұрғындар біледі. Бір ғасырдан асқанда шын тарихты бұрмалап, одан жасы кіші аттас Байжан қарияны басқа облыстан әкеліп, дәлелсіз ескерткіш орнатқан.
Байжан аңшының аңшы мылтығы қазір музейде сақтаулы тұр. «Байжансай» ашылғанда, Жарықбас (Леонтьевка) елінен «Байжансайға» кіретін дарбазаға, жолдың оң жағында Бөген өзені жанына биіктігі екі метрдей темір тақтайшаға «Байжансайдың» құжаты ретінде «В первые в этом районе. Свинцовую руду, обнаружил. Местный охотник Байжан именем которого назван рудник «Байжансай» деп жазып қойған және «Байжансайға» келгенде азық-түлік дүкені болатын. Темір көпірмен адамдар арғы бетіне өтетін. Көпірден өткенде тауға жақын. Жол бойында. Байжан Бекболатұлы басына ұлттық бөрік киген. Қысқа қырқылып күзелген, сақалы бар, дөңгелек жүзді суретін үлкен темір тақтаға суретшілер қолдан салған.
2022 жылы «Байжансайға» Жамбыл облысынан әкеліп қойған ескерткіште Асанбаев Байжан атаның басына тақия киген, ұзын ақ сақалы бар суретін қойған. Тарихи суретке сәйкес келмейді. Байжан Асанбаев (1886-1972) жылдары өмір сүрген. 1930 жылы 44 жаста болған. Ал 44 жастағы жігіт, сақал қойып өсірген күнде де, сақалы ағармайды. Бұл – табиғи заңдылық. Ескерткіштегі суреті 1930 жылғы суретке сәйкес келмейді. Байжан Бекболатұлы әулетіндегі немере келіндерінің өзі тоқсан жасқа келсе де, қазақтың салт-дәстүрін сақтап, қайын атасының есімін тура айтпай, «Байжансайды» «Қорғасынсай» деп атайтын. Бұл – үрдіс әруақты құрметтеп- сыйлағаны. Байжан аңшының немересі Атабек Сәтмырзаұлы Социалистік Еңбек Ері атанған. Шөберелері Асан Адасбекұлы Сәтмырзаев – Халықаралық экономикалық Еуразия академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері. «Ерен Еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Жаңа Қазақстанның Парасатты тұлғасы» төсбелгісімен марапатталды.
аймахан Нұрлыбайұлы Сәтбаев – техника ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қ.И.Сәтбаев және Е.А.Бөкетов атындағы сыйлықтың иегері. I-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Орал Сәтбайқызының ұлы Нұрлан Әуесбаев – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Құрмет» орденімен марапатталған. Нұрлан Сатыбалдыұлы Шымкент қорғасын заводында сегіз жылдан аса қорғасын балқыту цехының механигі болып жұмыс атқарды. Заводта бес мыңнан аса жұмысшы болды. Қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Заводта «Қазақ тілі қоғамы» ұйымын құрды. Ол Одақтың Түсті металлургия министрі В.И.Ломаконың қолы қойылған Мақтау грамотасымен марапатталды. Үсен Адасбекұлы да осы заводта 1973-1980 жылдары жұмысшыдан бастап әртүрлі цехта бригадир болып жұмыс атқарды. 1994-1997 жылдары инженер болып еңбек етті.
Сәтбаева Гүлбаршын Сатанқызы – экономика ғылымдарының кандидаты. Сапарбек Адасбекұлы – жоғары санатты дәрігер. Мемлекеттік Сот-дәрігерлік сараптамасы, Сот-гистологиялық сараптама лицензиясы бар маман, бөлім жетекшісі. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
уесбаев Ерлан Сатыбалдыұлы – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс марапатымен және «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталды.
Бекболат әулетінің ұл-қыздарынан тараған ұрпақтары еліміздің өркендеп-көркеюіне әр салада өз үлестерін қосып жүр. Нұржан Сәдірбекұлы – тарихшы, Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның мүшесі. Нұржан Сәдірбекұлының мақаласынан үзінді: «1927 жылы Сіргелі тайпасының ішіндегі Байжігіт руының Жаманқара, Қожабек аталарымен картадан шекаралас жатқан Жарықбас, Байдәулет руларын көруге болады. Байдәулеттер Ыстылардың бір тармағы көп болғандықтан, жеке ата аталады. Байдәулеттер отырған жерде «Свинцовые рудники» деп жазылған. Картаның оң жақ бұрышына қараңыз, яғни қорғасын кеніштері бар. Қазіргі кезде «Байжансай» кенішін ашқан Байжан деген кісі кім? Тутамғалы руынан шыққан Байжан ба, әлде Жарықбас Байдәулет руынан шыққан Байжан ба?» деген әлеуметтік желіде дау туындауда».
2005 жылғы Оңтүстік Қазақстан энциклопедия кітабының 70-бетінде: «Ақтау жотасы Бәйдібек ауданы Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінің ең биік нүктесі Ақтау (1 287 м) қазіргі Ақтау жотасының қойнауында «Байжансай» қорғасын кені шоғырланған. Жота етегінде Шаян өзені және Бөген өзені алқабы жатыр», – деген жолдар бар.
Жергілікті қариялардың айтуынша, 1931 жылы «Байжансай» таулы жеріндегі «Аңқай» көтерілісіне Шымкент уезінен қызыл өкіметтің қаруланған әскері, отрядтары келіп, пулёметпен қазақтарды атып, қырып салғанын айтады.
Ал ескерткіш орнатылған Байжан Асанбаев 1972 жылы 86 жасында қайтыс болған. Қараойға жерленгенін жазған. Осы ескерткіште аңшы болған деп жазған бір сөзі жоқ. Біздегі сұрақ, Байжан Асанбаев қорғасынды 1930 жылы тапқан болса, 1972 жылға дейін 42 жыл ішінде газет, журналға қорғасынды қалай тапқаны жөнінде неге жазбаған? «Менің балалық-жастық шағым 1952-1971 жылдары Орловка, Леонтьевка, Байжансай елді мекенінде өтті. 1969 жылы Қ.И.Сәтбаев мектебін бетірдім. Байжан ата туралы үлкен кісілерден және әкеміздің әңгімесінен қанықпын. Әкем Молдабай Ағыбайұлы Байжан атаны «Жарықбас елінен шыққан мерген кісі еді, аң аулап жүріп қорғасынды алғаш тапқан деп еді» деп айтатын. Сол кісі үйге келген сайын екеуі Байжан атаны әңгіме етіп отырушы еді. Тағы бір мысал. 1968 жылы «Байжансайға» жаяу экскурсия жасап, бір топ оқушы бардық. Мұғаліміміз Ізбасар Тұрғанбеков болатын. Сол жылы «Байжансайдың» поссовет төрағасы Артықбай Оспанов ағамен кездестік. Сонда ол кісінің аузынан да Жарықбастан шыққан Байжан аңшы туралы әңгімені өз құлағыммен естіген едім. Ал Тутамғалы елінен шыққан Байжан аттас атаның 1930 жылдан («қорғасын тапты» деген) 1972 жылға дейін 42 жыл өмірінде бірде-бір мемлекеттік құжаттарда есімі аталмауы күмән тудырады. Тіпті ол адам туралы сол кезеңде, сол жерде 1971 жылға дейін өмір сүрген менің де естімеуім қызық», – дейді Құдиярбек Ағыбаев.
Ал Гүлбаршын Сатанқызы: «Бекболатұлы Байжан атамыздың әруағы риза болсын. Өзі қорғасын тапқан таулы өлкеге өз есімі қайтарылсын. 1930 жылы қолынан ұсталық өнер тамған, жеті атасынан бері мирас болып, атадан балаға ұласып бата алған, ұсталық дүкені бар адам дүкенін тастап, күнде тау-тауды кезіп аң аулап, аңшылықты кәсіп етпейді. Аңшылық пен ұсталық – екі дүние. Бірі – дала заңына бағынса, бірі – темір заңына бағынған. Бұл екі өнердің екеуін де қатар алып жүру мүмкін емес. Себебі ұста өзінің ұстаханасынан шықпаған. Ал аңшылық үшін тау-тасты, сай саланы аралау заңдылық. Бекболатұлы Байжан атамыздың қорғасынды табуы – дала заңын жетік білуінен. Байжанқызы Бейсенкүл елге келгенде аңшы Байжан әкесі туралы Салиха әжеме айтып отырғанын естуші едік. Ол кезде біз жас болдық, әңгімесіне онша көңіл бөлмедік. Мақұлбек ағамыз Байжан атамыз туралы нақты дәлелдермен жазып отыр. Байжан атамыздың өзі айтқан аманатын жазып отыр. Шындық жеңеді әрқашан», – дейді.
арихшы, ақын Бекбосын Кенжеқараевтың да айтары бар. Байжан Бекболатұлының қазіргі «Байжансай» қорғасын кен орнын тапқаны тарихта ақиқат болғанын айтады. Бұл жөнінде біздің бұрынғы көненің көзін көрген шежіресі ақсақал аталарымыз айтып отыратын еді. Бекболатұлы Байжан қолындағы аңшы мылтығынан басқа, ешбір дүние байлығына қызықпаған. Төрт түлік малды жинамаған адам болған. Атамыз өмір бойы осы қазіргі Қаратаудың үстірті мен теріскей бетінде аңшылықпен айналысып, тау-тауды кезіп жүріп, аңды атып, қақпан құрып, бар өмірінің қызықшылығын тек аң аулаумен өткізген аңшы адам болған. Өзінің атамекенінде аңшылықпен атағы шыққан. Құралайды көзге атқан мерген болып, аты шыққан аңшы болған адам», – дейді ол.

Мақұлбек АДАСБЕКҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.