Қалалық қоғамдық-саяси газет

Байрақтардың біз білмейтін сырлары

0 445

Елдің ел, мемлекеттің мемлекет екенін, дербестігі мен өз шекарасы барын айғақтайтын басты нышан – оның рәміздері. Символикалық тұрғыда әр елдің рәміздерінде сол елге тән болмыс яки тарихи детальдар көрініс табады. Оған Қазақстанның көк байрағын мысал етуге әбден болады. Тудың түсі, қалықтаған қыран бейнесі, жарқыраған күн мен одан сәуледей таралған 32 шуақ, тігінен салынған ою-өрнек – бәрі-бәрі бір-бірімен астасқанда, ұлттық көрінісімізден бірден хабар береді. Елдіктің нышаны саналатын Елтаңбадағы белгілер де ерекше. Шаңырақ, қанатты пырақ, жұлдыз бір-бірімен үйлесім тапқан. Ал біз әлемнің өзге елдерінің туы хақында не білеміз? Бірге саралайық.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Желаяқ ту
Мэн аралының рәмізі осындай. Бұл аймақ Ирланд теңізінде Англия, Шотландия және Ирландия аралығында орналасқан. Арал Британ колоннасының мемлекеттік иелігінде. Ту тікбұрышты қызыл кенеп матадан жасалған, ортасында ұлттық белгі – трискелион орналасқан. Жүгіріп келе жатқан бұл үш аяқ бір-бірімен біріктіріле отырып, жұлдыз тәрізді фигураны құрайды. Грек тілінен аударғанда бұл рәміз «үш аяқпен жүретін» дегенді білдіреді. Ол – адамдар ойлап тапқан өте ежелгі рәміздердің бірі. Трискелионның суретін Италияның солтүстігіндегі тарихтан бұрынғы үңгірлерден, сонымен қатар грек сауыттары мен VI-VIII ғасырлардағы тиындардан тапқан. Бұл белгі Норвегия мен Сицилияда да кездеседі.

Мэн аралын мекендеушілер трискелионның оларға скандинавия елінен келгендігін айтады. Қалай болғанда да, ол ХІІІ ғасырдан бастап аралдың ұлттық рәмізі болып табылады. Ал жергілікті трискелионның мәнін ұлттық ұран бәрінен де жақсы түсіндіреді: «Қай жаққа лақтырсаң да, ол тік тұратын болады». Басқа сөзбен айтқанда, дөңгелене жүгірген аяқтар дамуды, тұрақтылықты және қозғалысты білдіреді. Бұл аралдың туы әлемдегі ең ескі тулардың бірі болып саналады. Соңғы рет ол ХІІІ ғасырдың соңында ауыстырылған екен. Оны ресми түрде 1971 жылдың 27 тамызында бекіткен.

Қару бейнеленген ту
Туында қару орналасқан елдер де бар. Ол – Мозамбик туы. Бұл байрақ әлемдегі бірден-бір Калашников автоматы бейнеленген ту болып саналады. Мозамбик туындағы кітап, кетпен және Калашников автоматының суреттері тұтаса келе білім, өндіріс және қорғаныс ұғымын білдіреді екен. Бұдан бөлек, Калашников автоматы Зимбабве және Шығыс Тимор елінің мемлекеттік елтаңбаларынан да орын алған. Зимбабве гербінде екі антилопаның ортасындағы қалқанның үстінде кетпен мен АК-47 Калашников автоматы бейнеленген. Мұндағы кетпен мен автомат бейбітшілік пен демократия үшін күресті, соғыстан бейбітшілікке көшуді білдіреді екен. Бұдан басқа, 2007 жылы 18 қаңтарда бекітілген Шығыс Тимор мемлекетінің гербінің қақ ортасында Калашников автоматы ойып тұрып орын алған.

Пішіні бөлек тулар
Әдетте ұлттық тулар тікбұрышты пішінде болып келеді. Алайда жалпыға бірдей қабылданған вексиллология (бұл ғылым тулар мен жалаушаларды зерттейді) қағидаларына бағынбайтын да ту бар. Бұл айрықша рәміз Непалға тиесілі. Ол бірінің үстіне бірі қойылған екі қызыл үшбұрыштан тұрады. Кенеп матаның жиегі толықтай көк түспен көмкерілген.

Түс таңдаулары толық ақталған: қызғылт-көк елдің ұлттық түсі болып саналады, ал көк түс бейбітшілікті білдіреді. Үстіңгі үшбұрышта ақ түсті ай орналастырылса, төменгісінде күн бейнеленген. Бұрындары бұл аспан шырақтары туда бет-бейнесімен бейнеленген болатын. Бұл жерде ай мен күннің бейнеленуі Непал мемлекеті де ай мен күн тәрізді ұзақ өмір сүреді дегенді білдіреді.

Мұндай ту Раналар әулетіне тиесілі екі жалаушаның қиыстырылуы болып табылады деген де сөз бар. Бұл отбасылардың өкілдері елді өте ертеде басқарған. Сонымен бірге тудың үшбұрышты пішінін Гималайдың белгісі ретінде де қабылдауға болады. Екі үшбұрыш елдегі екі ұлы діннің – буддизм мен индуизмнің бірлігі туралы да айтып тұруы мүмкін. Елдің айрықша туы 1962 жылы 16 желтоқсанда бекітілген.

Үш жолақты тулар
Еуропаның көптеген мемлекеттерінің тулары үш жолақты болып келеді. Францияның туындағы көк түс – азаттықты, ақ – теңдікті, қызыл – бауырмалдықты білдіреді екен. Ал Ресейдің көлденең жолақтарындағы ақ түс – православ дініне деген сенімді, көк – патшалық кезеңді, қызыл – орыс ұлтының символын айшықтайды десе, енді бір деректерде ашықтық – сенімділік, ерік-жігер мен махаббаттың белгісі деп түсіндіріледі.

Францияның туына өте ұқсас Италияда жасыл түс – үміт, ақ – сенім, қызыл – махаббаттың нышаны. Сондай-ақ Қытай байрағындағы қызыл түс – коммунистердің белгісі болса, сол жағындағы үлкен жұлдыз коммунистік партияның құдіреттілігін танытады. Ал қалған төрт жұлдызша – жұмысшылар, шаруалар, зиялы қауым және патриот капиталистердің де бар екенін білдіреді. Өзбекстанның туындағы ақ түс – бейбітшілік, жасыл – табиғаттың жаңаруы, ал қызыл сызықтар – тірі ағза дегенді меңзейді. Жарты ай – тәуелсіздіктің белгісі. Қалған 12 жұлдызша шығыс күнтізбесіндегі 12 шоқжұлдыз бен Өзбекстанның 12 облысын бейнелейді екен.

Бөгде ғаламшарлық байрақ
Бұл ту жердегі қандай да бір аумаққа бекітілмеген. Адамзат баласының Марс ғаламшарына қашан аяқ басатыны әлі белгісіз. Алайда дәл сол сәтте оның қолында жаңа ғаламшарға арналған, Жер тұрғындары арнайы әзірлеген айрықша ту болуы әбден мүмкін. Бұл жинақы байрақтың қандай да бір ресми мәртебесі жоқ және әзірге болмауы да мүмкін. Өйткені әзірге халықаралық заңнама аспан денелерін меншіктеуге рұқсат бермейді, яғни оларға тудың қажеті шамалы. Есесіне, бұл туды Қызыл ғаламшарды игеру жөніндегі коммерциялық емес ұйым бекітіп қойған. Кім біледі, мүмкін дәл осы Марсиан қауымдастығының елшісі ол жерге алғаш болып аяқ басатын шығар?

Бұл ресми емес ту ғаламшардың болашағын білдіреді. Қызыл түс – Марстың өзі, қазір қандай болса, тура сондай. Жасыл мен көк түс – адамзаттың ғаламшарды игеру мүмкіндігінің кезеңдері. Тудың мұндай түстері мен олардың мәні америкалық фантаст Ким Стэнли Робинсонның атақты «Қызыл Марс», «Жасыл Марс», «Көк Марс» трилогиясымен тікелей байланысты екенін айта кету қажет. Тудың мәртебесі ресми емес болса да, ол толықтай ресми мекемелерде жетілдіріліп жатыр. Марс туын Девон канадалық аралдағы Флэшин марстық арктикалық зерттеу станциясынан және Юта штатындағы Марстық Шөл далалық ғылыми-зерттеу станциясы қалашығының кейбір нысандарынан көруге болады. 1999 жылы бұл ту ғарышта болып келді.

АҚШ байрағы айналасындағы дау
Америкалық телешоулардан ту түстес іш киім, жейде, бас киім киіп жүрген кейіпкерлерді көп көреміз. Анығында, АҚШ-тың өзінде бұл құбылысқа байланысты екі ұдай пікір қалыптасқан. Бұл елде туға арналған арнайы кодекс бар. Ел азаматтарының бір бөлігі бұл кодекстің заңды жауапкершілік жүктейтін күші болмаса да қатаң ұстанады. Кодекс талаптары бойынша ілулі тұрған АҚШ туы жерге, еденге немесе суға тимеуі керек, абайсызда тиіп кеткен жағдайда келесі қолданылғанға дейін мұқият тазалануы тиіс. Америка байрағы өзімен қатар тұрған өзге тудан әрқашан бір қарыс биік тұруы тиіс, тіпті белгілі бір мемлекетке, лауазымды тұлға мен беделді халықаралық ұйымға құрмет көрсету мақсатында да оны төмен түсіруге болмайды. Америкалықтар тудың өңін жоғалтпауына, табиғи құбылыстар салдарынан бүлініп қалмауына жіті назар аударады. Мемлекеттік ту жыртылып қалса немесе қолдануға кедергі келтіретін өзге де ақаулары пайда болса, пайдалануға жарамсыз деп табылып, өртелуі керек. Өйткені америкалықтар үшін рәміздің қоқыста немесе аяқтың астында иленіп жатуы – үлкен қорлық.
Алайда АҚШ туының іш киімде, суға жүзуге арналған костюмдерде көрініс табуы нені білдіреді? Бұл туралы АҚШ-та білім алып жатқан «Болашақ» стипендиясының иегері, UCSD Extension университеті жанындағы тіл курсының түлегі Әсем Әлмұханбеттен сұраған едік.

пайдалануға жарамсыз деп табылып, өртелуі керек. Өйткені америкалықтар үшін рәміздің қоқыста немесе аяқтың астында иленіп жатуы – үлкен қорлық.
Алайда АҚШ туының іш киімде, суға жүзуге арналған костюмдерде көрініс табуы нені білдіреді? Бұл туралы АҚШ-та білім алып жатқан «Болашақ» стипендиясының иегері, UCSD Extension университеті жанындағы тіл курсының түлегі Әсем Әлмұханбеттен сұраған едік.

– Құрама штаттарда кез келген жерде ту ілініп тұрады. Үйдің балконында, үйдің кіреберісінде, ғимараттың ең үстіңгі қабатында. Аттап бассаң, туды көресің. Бұл, бір жағынан, өз еліне деген құрмет деп ойлаймын. Адамдар туды балконына іліп қоюдан қорықпайды, ол үшін жазаланбайды. Керісінше, елге деген сүйіспеншіліктің белгісі ретінде қабылданады. Іш киім мен жүзуге арналған киімдердегі туға қатысты оларда да көп пікір таластырады. Оған қатысты көп мақала да шыққан. Көбі тудан тігілген іш киім немесе жүзуге арналған киім кию дұрыс емес деп есептейді. Бірақ америкалықтар оны патриотизм деп қабылдайтын сияқты. Себебі 4 шілде, яғни АҚШ-тың тәуелсіздік мейрамында тудың суреті бар киімдердің сатылымы күрт көбейіп кетеді, – дейді Әсем Әлмұханбетқызы.

Түйін: Елдің елдігін айқындайтын басты атрибуттардың бірі мемлекеттік ту екені белгілі. Мемлекеттің туына қарап тұтастығы мен тарихын, елтаңбасына қарап егемендігін, әнұранына қарап әлеуетін тануға болады. Жоғарыда әлем тулары жөнінде қызықты деректер ұсындық. Өн бойына елдік болмысымызды еншілеп алған, жаһандық аренада даңқымызды әйгілейтін Қазақстанның төл нышаны да әлемдік қауымдастық мойындаған 200-ге тарта елдің байрақтары арасында ең әдемісіне, эстетикалық жағынан көзге тартымды тулар қатарына жатады екен. Ендеше, байрағымыз биіктен түспесін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.