Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Байланыс аясынан тыс жерде»

Шалғай ауылдарға ғаламтор желісі қашан жетеді?

0 293

Ұшқан құстың қанатындай көз ілеспес жылдамдықта дамыған әлемде бәсекеге қабілетті қоғам құру аса маңызды. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бағыты айқын болды. Сәйкесінше, кейінгі жылдары шарапаты мол «Open space» ашық әкімдік, «iKOMEK 109» диспетчерлік қызметінен бөлек, бірқатар цифрлы жобалар жүзеге асты.

Рас, мемлекеттік қызмет алу электронды жүйеге көшкелі санаға салмақ салатын қалың қағаздың көбімен қоштастық. Смартфонның тетігімен-ақ «Электронды үкімет» порталы арқылы қажетті құжаттарды жүктеп алуға, көруге, мемлекеттен жәрдемақы алуға, некеге тұру туралы өтінішті онлайн беруге және тағы басқа көптеген функцияны жүзеге асыруға мүмкіндік алып отырмыз. Коронавирус індеті өршіп, халықтың біраз бөлігі табысынан қағылғанда, мемлекеттен қарастырылған ең төменгі жалақы мөлшері, яғни 42 500 теңге алу үшін тұрғындар «Egov.kz» порталы және «Телеграмдағы» бот каналы арқылы өтініш қалдырғаны есімізде. Бүгінде біз жиі жүгінетін банктік операцияларды телефон арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік алып отырмыз. Соның есебінен елімізде жылына 30 тонна қағаз үнем болады екен. Сонымен қатар қала және аудандарда «Яндекс», «ДиДи», «Абер», «Индрайвер» такси қызметі қауіпсіз әрі қолайлы серігімізге айналды. Ал үлкен қалада бағыттан жаңылмай, қажет болған жағдайда жақын маңдағы дәріхана не дүкенді жылдам табу үшін «2 гис» қосымшасының көмегіне жүгінетін болдық. «Kaspi.кz» қосымшасы өміріміздің құрамдас бір бөлшегіне айналды. Үй қызметтері үшін «Naimi.kz» қосымшасы бар.
Цифрландыру бағытындағы соны серпіліс ауыл шаруашылығын да айналып өтпеді. Сәйкесінше, бұл жаңашылдық жұмыс өнімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етті. Сиырды робот сауса, өріске шығарғанда түліктен көз жазып қалмау үшін малға электронды «чип» орнатыла бастады. Мысалы, «Павлодар облысының тұрғыны Жанат есімді азамат жылқысын GPS-навигаторы арқылы бағады екен» деген ақпар әлеуметтік желіде тараған еді, ізін шала қойын дрон арқылы бағатын Жамбыл ауданының тұрғыны Гаухарбек Шонтаев көптің таңдайын қақтырды. Әрине, мұның барлығы – цифрландырудың жемісі.
Десе де, қаладағы ағайынның көңілі хош болғанымен, облыс орталығынан шалғай жатқан алыс ауылдар цифрлық дамудың рақатын әлі толық көре алмай отырғаны жасырын емес. Бүгінде көптеген елді мекендерде интернет дұрыс жұмыс істемейтінін жиі естиміз. Шалғай ауылдарды айтпағанның өзінде, облыс орталығына тиіп тұрған аудандарда ғаламтор мәселесі қос бүйірден қысып тұр. Мәселен, Байзақ ауданындағы Сеңкібай ауылының тұрғындары өздерін өткен ғасырда өмір сүріп жатқандай сезінетіндіктерін айтады. Ауыл тұрғыны Пернекүл Оспаналиеваның айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын құлағымен естігенімен, көздерімен көрмепті.
– Ауылда ұялы байланыс желісі нашар ұстайды. Жоқ деп айтуға да болады. Телефонымыз терезенің алдына тұрады. Сөйлесу үшін үйдің сол жақтағы терезесіне барамыз. Басқа бөлмеге ауыссаң, тартпайды. Сондықтан телефон тартқан жерден қимылдамай отырып тілдесеміз, – дейді ауыл тұрғыны.
Сеңкібай ауылының шерімен ұқсас Мырзатай ауылының мұңын да биліктегілер естімеуде. Облыс орталығына небары 20 шақырым жерде орналасқан Мырзатай ауылдық округінің тұрғындары интернет пен ұялы байланыстың жоқтығынан онлайн сабақтарын орындай алмай, жедел жәрдем көлігін де шақыра алмай қиналады екен.
– Осыдан бірер уақыт бұрын интернет болмағаннан кейін әркім өз жағдайына қарай түрлі антенналар орнатқан. Алайда олардың зияны тиіп жатыр деп алдыртып тастады. Қазір төбенің үсті, көпірдің жаны деп, ғаламтор мен ұялы байланыс тартатын жерді іздеп, әуре-сарсаңға түсіп жүрміз, – дейді Рахат Асубекова.
Жалпы облыста 371 ауыл бар болса, соның 85-інде ғаламтор мәселесі күрделі екен. Ал 9 ауылда байланыс мүлдем жоқ. Ол жаққа интернет жеткізу көп шығынды талап ететіндіктен, бүгін-ертең бұл мәселе шешілмейтін секілді. Алайда қалған ауылдарға ғаламтор желісі тартылып жатса, бөркімізді аспанға атып сүйіншілейтініміз анық.

Жұматай Көксубайұлы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.