Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Байдың баласы молдадан сабақ алса, кедейдің ұлы керегеден сығалайды»

0 398

Бүгінде жекеменшік білім ордалары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені жасырын емес. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір облыс көлемінде 60-қа жуық жекеменшік мектеп бар екен. Бұл қатарға саны мен сапасы белгісіз қосымша білім беру орталықтарын да қосыңыз. Қызығы сол, олардың есебін жүргізу облыстық білім басқармасының құзыретіне кірмейді.

Әрине, жекеменшік мектептердің бірінен соң бірінің ашылуы сұраныстың артқанынан екені де даусыз. Оның үстіне әр ата-ана перзентінің жарқын болашағы жолында барды беріп, жоқты табуға даяр. Сондықтан баласының оқу үлгерімі бір сабақтан төмендесе, алып-ұшып арнайы репетитор жалдайды немесе жекеменшік білім ошақтарын жағалайды. Дегенмен, осы жеке оқу орындарының барлығы сапалы білім бере ме? Бұларға сенген ата-аналардың үміті қаншалықты ақталуда?
Тәжірибелі ұстаз Серікбай Байқонысовтың пікірінше, мұндай білім ордалары иелерінің ең әуелі көздейтіні сапа емес, мемлекет үлестіретін мол қаржы көрінеді.
– Қазір жекеменшік мектеп ашып, табыс табуды көздейтіндер көбейді. Бұл сөз жоқ, білім сапасына ықпал етеді. Сондықтан салалық министрлік жекеменшік мектептерге жан-жақты тексеріс жүргізуі керек. Мектеп – дүкен секілді табыс көзі емес, білім беретін орын. Саудаға айналдыра берсек, оның сапасы төмендейді. Бұған қоса, жекеменшік және мемлекеттік мектепте оқитын балалар арасында әлеуметтік теңсіздік орнайды. Баланың дамуына арналған қосымша орындарға баласын ақшасы бар ата-ана ғана жібереді. Ал жағдайы жоқ оқушы қанша жерден дарынды болса да, қа-білетін шыңдай алмай, қалып қояды. Былайша айтқанда, «Байдың баласы молдадан сабақ алса, кедейдің ұлы керегеден сығалайды» дегеннің кері келіп тұр.
Жоғарыда айтқанымдай, жекеменшік мектептің жылдық оқу ақысы қалтаға едәуір салмақ салады. Ірі мегаполистерде оқу ақысы тіпті 1 миллион теңгеден асады. Әлбетте, осындай баға кәсіпкерлердің қызығушылығын туғызады. Сол себепті кей кәсіпкерлер мемлекеттен берілетін мол қаржыны иеленген соң білім сапасын мүлдем назардан тыс қалдырады. Әсіресе, соңғы 2-3 жылдан бері жекеменшік білім беру ұйымдары Астанадағы республикалық қаржы орталығы арқылы қаржыландырылуда. Яғни, мемлекеттік тапсырыс алады. Бұған ата-аналардың өз қалтасынан төлейтін оқу ақысын да қосыңыз. Ал сол оқу ордалары алған ақшасын шын мәнінде ақтап жатыр ма, жоқ па, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Өйткені, қағаз жүзінде барлығы мінсіз, ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Тағы бір мәселе, жекеменшік мектептер мемлекеттік оқу орындарындағы кадр тапшылығын да күшейтіп отыр. Бұл жағдайға негізгі себеп – мемлекеттік мектептердегі қағазбастылық, бітпейтін жиындар, одан қала берді ақша жинау, сырттай білім алып, тамыр-таныспен жұмысқа орналасқан мұғалімдердің кесірінен сағат жетіспеушілігі сынды мәселелер. Оның үстіне мемлекеттік оқу орындарында оқушылармен жан-жақты жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді және ол үшін қосымша ақы төленбейді. Ұстаздардың жекеменшікке кетуінің бір сыры осында жатыр.
Әрине, мен жекеменшік оқу ордаларына түбегейлі қарсы емеспін. Олардың да арасында шын мәнінде сапалы білім беріп, мектеп тапшылығы мәселесін жоюға ықпал етіп отырғандары аз емес. Елімізде, оның ішінде оңтүстік өңірлерде бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан, орта мектептердің жетіспеушілігі жыл санап артып келеді. Ал жыл сайын қазына қаржысы есебінен кемінде 1 000 орындық бірнеше білім ордасын салуға барлық аймақтың экономикалық әлеуеті бірдей мүмкіндік бермейді. Осындай сәттерде жекеменшік мектептердің де өз септігін тигізіп отырғанын жоққа шығара алмаймын. Алайда біз үшін олардың саны емес, сапасы маңызды болуға тиіс. Сондықтан нарықта тек жоғары деңгейлі, бәсекеге төтеп бере алатын жеке оқу ордалары ғана қалса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Серікбай Батырбекұлы.
Ал ардагер ұстаз Бақыт Сарыбаева жекеменшік білім ошақтарының көбеюіне біржақты баға беруге болмайды деген пікірде.
– Бұған екіжақты қарау керек. Баланы жекеменшік білім ордасына немесе орталықтарға беруді мектепке деген сенімсіздік деуге келмейді. Баланың ынтасының төмендігіне, оқуға құлшынысының жоқтығына байланысты мұндай орындарға берген де дұрыс. Сонда орысша айтқанда «индивидуальный подход» болады. Әрине, ол жақсы білім бере алатын оқу ошағы болса ғана. Бірақ қазір екінің бірі сондай орталық ашып алған. Екі аттасаң – оқу орталығы, білім академиясы, солай жалғаса береді. Мұнда барлығы орталықтың тәжірибесіне байланысты сияқты. Бала мектепте бәріне бірдей үлгере алмай жатуы мүмкін. Мысалы, өз басым балалардың қосымша орталықтарда тәлім алуына қарсы емеспін. Қосымша болғанда да, көшбасшылық, сөйлеу мәнері, тіл үйрену, сурет салу секілді курстарға берген жақсы, ал мектептің бағдарламасын тереңдетіп оқытатын орталықтардың керегі жоқ секілді.
Жалпы мұндай орталықтар баланың болашағына пәлендей зиян тигізеді деп ойламаймын. Мәселен, мемлекеттік білім ордасында 2-3 мың балаға дейін оқиды. Тіпті, бір сыныпта 30-40 оқушыға дейін бар. Әрине, мұндай кезде бір мұғалім олардың бәрін игеріп, пәнді толық меңгерте алмайды. Ал жекеменшік нысандарда оқушы саны санаулы, сол үшін әр баламен жеке жұмыс жүргізіледі. Олардың бір артықшылығы да осында. Бұл ретте барлығы тек қоғамның сұранысына байланысты, – дейді Бақыт Қалаубекқызы.
Екі баласын жекеменшік мектепке берген ата-ана Динара Тұтқышбекованың да ойы осыған саяды.
– Күйбең тіршіліктің қамымен қарбаласып жүріп баланың сабағын үнемі қадағалауға мүмкіндік жоқ. Үйірмелерге апарып келуге де уақыттың ыңғайы келе бермейді. Сол себепті жекеменшік мектепті таңдадық. Педагогикалық ұжым тәжірибелі мамандардан құралған. Ең бастысы, мұндай мектептерде балаға қажеттінің бәрі бар. Мәселен, балалар таңғы 08:00-ден кешкі 17:00-ге дейін мектепте гаджетсіз, тек сабақ оқиды. Ағылшын тілін америкалық мұғалімнен үйренеді, баланың жеке формасы болады және әр сыныпта 18-20 оқушыдан оқиды. Өзге де шетелдік мұғалімдерді алып келіп жатыр. Тіпті, жеке мектептің өз психологы бар. Ол әр баламен жеке жұмыс жүргізеді. Оның да балаларға тигізер пайдасы мол. Балаларға берілетін ас мәзіріндегі тағамдар да өте құнарлы. Түрлі үйір-мелерге де қатысады. Сондықтан балаларымды жекеменшік мектепке сеніп тапсыра аламын. Бұл біз үшін тиімді. Әрине, бағасы қымбат болғанымен, балаға да, бізге де қолайлы, – дейді ана.
Қазір жекеменшік білім ордалары ғана емес, жыл он екі ай білім беретін репетиторлардың да дәурені жүріп тұрған кез. Әсіресе ҰБТ жақындаған сайын оларға деген сұраныс күрт өседі. Бейресми дерек бойынша, жыл сайын жаңа оқу жылы басталысымен, әрбір төртінші оқушы қосымша сабаққа барады екен. Немесе репетитор үйіне келіп дәріс береді. Барын балама деп жинайтын халқымыз ұрпағынан еш нәрсесін аямайды. Баланың білімі үшін берген қаржы болашаққа салған инвестиция тәрізді. Бірақ мұны барлық ата-ананың қалтасы көтере ме? Әр сағаты қыруар ақша тұратын репетиторды жалдап оқыту несімен тиімді? Осы сауалдар да көпшілікті мазалайтыны анық.
Педагог-сарапшы Әлия Батырбекованың сөзінше, балаға репетитор жалдаудың еш сөкеттігі жоқ екен.
– Репетитор мен мұғалімнің аса қатты айырмашылығы жоқ. Бұл кәсіптің иелері баламен жеке немесе 3-4 оқушыдан құралған топпен жұмыс істейді. Ал мұғалім бүкіл сыныпты тұтас қамтитын болғандықтан, бәріне уақыт жеткізе алмайды. Репетиторда уақыт жеткілікті болғандықтан, әр баламен жұмыс істеп, қызықты тапсырмалар орындайды. Оқушы да назарын тек бір тақырыпқа аударып, ұғынықты жауап алады.
Өзім орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Екі жылдан бері қосымша осы қызметпен де айналысып келемін. Негізінен, репетитор жалдайтындардың дені – 11-сынып оқушылары мен Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-Инновация» лицейі сынды оқу орындарына түсуге талпынып жүргендер. Арасында басқа да оқушылар келеді. Пандемия жағдайында мектептер қашықтан білім алуға көшкен тұста сұраныс бұрынғыдан 3-4 есеге көбейді. Қазір де аз емес. Жалпы бұл қызметтің оқушыға тиімді тұсы көп дер едім. Себебі әр оқушының қабілеті әртүрлі. Кейбір оқушылар топпен жұмыс істегеннен гөрі жеке оқығанда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Мектептегі сабақ барысында түсінбегенін репетитор қамтиды, үйретеді, меңгертеді. Сол сияқты репетитор да сабақты мектеп бағдарламасымен жүргізеді. Тек сабақты игерудің өзгеше әдіс-тәсілін қолдануы мүмкін. Мәселен, математика пәні бойынша есепті оңай әрі тез шешудің жолын көрсетеді. Сабақты жеке өткізгеннің оқушыға пайдасы зор. Дегенмен ата-ана баласын қосымша оқытқанда бір апта бақылау жүргізгені абзал. Егер бұрынғыдан өзгеріс байқалса, репетитордың сабақ беру тәсілі балаға түсінікті болса, одан әрі жалғастыруына болады. Керісінше, қолайсыз болса, басқа мұғалімді іздегені дұрыс. Көп жағдайда барлығы оқушының зейініне байланысты. Дегенмен репетитормен жеке оқыған көп жағдайда нәтиже береді. Содан соң қосымша білім беру орталықтарына апаруға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал жеке репетиторларға жағдайыңды айтып, бағасына келісуге болады.
Бірақ, бір ескерер тұсы – репетитордың көмегіне сеніп үйренген кейбір балада өздігінен білім алуға деген құлшыныстың азаюы әбден мүмкін. Соның салдарынан өзіне деген сенімділігін де жоғалтуы ықтимал. Сыныпта берілген тапсырманы орындаған сәтте оның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын әдет те пайда болады. Сол үшін ақылы оқытумен айналысатын оқытушыға бағыт беруші, баланың игере алмай қалған тақырыбын үйретіп, қатарға қосушы ретінде қараған жөн, – дейді Әлия Лутфуллақызы.
Ардагер ұстаз Зәуре Қалматаева болса, көптеген педагогтың өз жұмысына немқұрайлы қарауы оқушылардың қосымша білімге ұмтылуына әкеліп соқтырды деп санайды.
– Бұрындары, репетитордың ауқымы әлі арта қоймаған тұста, мұғалімдер сабақтан қалып қойған немесе үлгерімі нашар оқушыларды сабақтан соң алып қалып, кейде бос уақытында мектепке немесе үйіне шақырып алып оқытатын. Олар мұны еш ақы талап етпей-ақ ұстаздық борышым деп ұғатын. Себебі ұстаз алдына келген оқушының өзіне берілген аманат екенін біледі, жауапкершілікті сезінеді. Қазір де бар білген-түйгенін шәкіртінің бойына дарытуға тырысатын, оның болашағы үшін шынымен қам жеп, білімді болғанын қалайтын, ізденімпаз, жаңашыл, шығармашыл, еш нәрсе талап етпей-ақ кез келген уақытта алдына келген шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпайтын ұстаздар жетерлік. Дегенмен, ай сайынғы еңбекақысын алып отырған негізгі жұмысына селқос қарап, 40 минут уақытының «аман-есен» өткеніне қуанатын, есесіне репетиторлық қызметке бел шеше кіріскен мұғалімдерді кездестіретініміз өкінішті. Иә, ол ақылы қызметпен айналыспауы да мүмкін, бірақ мұғалімнің жауапкершілік жүгін сезінбей, дұрыс жөн сілтеп, білім бере алмауынан да ата-ана ақы төлеп, репетиторға оқытуға мәжбүр болып жатқан жоқ па? – дейді ардагер ұстаз.
Өткен жылдың соңына таман Тараздағы «Инноверс» атты жекеменшік мектепте шу шыққаны баршаға мәлім. Нақтырақ айтсақ, аталмыш оқу ордасы балаларды бір тоқсан оқытып, кейін есігіне қара құлып салған. Артынан белгілі болғаны – бұл білім беру орнының оқу ісін жүргізуге құқық беретін құжаты болмай шыққан. Осылайша, 250 бала далада қалған еді. Жамбыл облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметіне сүйенсек, бұл өңірде алғаш рет кездесіп отырған жағдай емес көрінеді. Олай дейтініміз, өткен жылдың өзінде облыстағы лицензиясыз жұмыс істеген 8 мекеменің жұмысы тоқтатылған.
Қалай десек те, осындай деректер – бүгінде білімнің бизнес көзіне айналып тұрғанының айқын дәлелі. Мұны мемлекеттік мектептер баланың қажеттілігін толық өтеп беріп жатқан жоқ деп қабылдауға да әсте болмас. Дегенмен, бір шындығы – бұрын ұстазға баласының «етін беріп, сүйегін өзі алатын» ата-ана қазір бұған қосып қыруар қаржысын да беруге мәжбүр. Алдағы уақытта да жекеменшік білім беру орындарының саны көбеймесе, азаймайтыны анық. Бастысы, олар табыс табудың ғана амалын жасамай, жер жарған жарнамасына сай болып, ойы ұшқыр, көзі ашық, көкірегі ояу жастарды түлетіп жатса игі. Ал Сіз қалай ойлайсыз, көзіқарақты оқырман?

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.