Биыл еліміз үшін ерекше маңызы бар оқиға – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толды. Жеңіс күні – тек сол кездегі батырлардың ғана емес, бүкіл қазақ халқының ерлігін, бірлігін және өршіл рухын көрсететін мереке.
Жеңістің 80 жылдығын атап өту – еліміздің тарихын құрметтеу, ардагерлердің ерлігін жастарға ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Осыған орай, №56 орта мектебінің 10 «А» сынып оқушыларына «Бабалар ерлігі» тақырыбында тәрбие сағатын өткізілді. Сабақ барысында Ұлы Отан соғысының басталуы, негізгі кезеңдері, маңызды шайқастар мен жеңістер туралы баяндалды. Оқушыларға соғыстың ауыртпалығы мен қазақ халқының қосқан үлесі туралы айтылды. Өз кезегінде оқушылар өз ойларын ортаға салып, Жеңіс күніне қатысты пікірлерін білдірді.
Ұлы Отан соғысындағы жеңіс – халқымыздың рухының, батырлығының, ерлігі мен бірлігінің айқын көрінісі. Мұндай тәрбие сағаттары жас ұрпақтың ел тарихын қадірлеуіне, ардагерлердің ерлігін ұмытпауына және бейбіт өміріміздің құндылығын бағалауға бағытталуға тиіс. Жеңіс күні – тек өткенді еске алу ғана емес, келешекке деген үміт пен жауапкершілікті сезіну күні болып қала бермек.
Фарида ҚАЛҚАБЕКОВА,
№56 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Тараз қаласы