Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бақытжан Орынбеков №2 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті

0 430

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №2 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесті. Ең әуелі округтің бас инспекторы Жарқынбек Шогалов өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.

– Былтыр округте атқарылған айшықты жұмыстар аз емес. Айталық, №15 «Ұлы дала» ықшамауданында №64 1200 орындық мектеп пайдалануға берілсе, тағы бір 1200 орындық оқу ордасы бойынша кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар аталған ықшамауданда 280 балаға арналған балабақша бой көтеруде. Бұдан бөлек, №33, 34, 35 үйлердің ауласына футбол алаңшасы орнатылды.
Округтегі Смаилов көшесі,1-бұрылыс Смаилов, Болатов, Жаңасаз, Бұқар жырау, Алатау – Воинская, 3-бұрылыс Сухамбаев, Чернышов, Қасымбеков, Ақкөз батыр, Иманалиев көшелері жарықтандырылып, 6 аулада ойын алаңшасы ашылды. Сондай-ақ Асқаров көшесінің соңында орналасқан тұрғын алқаптағы №16 ықшамауданда 16 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Ал «Бурыл» алқабындағы жол мәселесі биыл толықтай шешімін табады, – деген Жарқынбек Аманғалиұлы биылға межеленген ілкімді істерді де тілге тиек етті.

Бұдан кейін тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Жиын барысында жұртшылық «Қайнар», «Ақжол», «Родничок» және «Мичуринец» алқаптарына ауыз су кіргізу, интернет, байланыс желісін қалыпқа келтіру, Сабалақов көшесінің жолдарын жөндеу, «Сеңкібай» каналының маңын күл-қоқыстан тазарту және №54 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу секілді өзекті мәселелерді көтерді.

Қала әкімі өз кезегінде әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын баса айтты.

– Әрине, алқапта шешімін таппай отырған маңызды мәселелер баршылық. Олардың барлығын бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Осы мақсатта 2022-2025 жылдарға арналған көне шаһарды дамытудың картасы қабылданды. Тұрғындарды толғандырған әрбір мәселе аталған даму жоспарында көрініс тауып отыр. Сондықтан барлығы кезең-кезеңімен, өз уақытында шешімін табады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесуден кейін шаһар басшысы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.