Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бағдаршамдар неге жиі істен шығады?

0 668

Тараз қаласы бүгінде тотыдай таранып, түрлене түскені жасырын емес. Көне шаһар көнеліктен көркемдікке бет түзеп, ажары күн санап ашыла түсуде. Бұл, әрине, баянды бастамалар мен жүйелі жобалардың жемісі. Десе де, шаһарда әлі шешімін таппаған мәселелер баршылық. Әсіресе жол қауіпсіздігіне келгенде жанымызға бататын дүние көп. Оның ішінде бағдарын таппаған бағдаршамдардың салдарынан жол-көлік оқиғалары жиілеп, адам шығындары да орын алуда.

615 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 18 адам қаза тапқан

Жамбыл облыстық полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы Тараз қаласы аумағында 615 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Нәтижесінде, 845 адам жарақат алып, 18 адам көз жұмған. Ал кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен 203 жол-көлік оқиғасы орын алып, 257 адам жарақаттанған. 3 жасөспірім қаза тапқан. Енді бір жылда 366 күн бар болса, өткен жылы 615 жол апаты тіркелгені – бұл тәулігіне 2 көлік қақтығысы орын алып отыр деген сөз. Ал әрбір отызыншы жағдайда адам қаза табуда.
Биылғы жылға келсек, бір ғана қаңтар айында қала бойынша 45 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Одан 67 адам жарақаттанып, 1 адам көз жұмған. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен 6 оқиға орын алса, 8 жасөспірім әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен.
Байқап тұрсаңыздар, бұл – сананы сан саққа жүгіртетін статистика. Алақандай Тараз қаласында мұндай жол-көлік оқиғаларының тіркелуіне кім кінәлі? Әлде қандай жағдай себеп болуда?
Қаңтар айы – жауын-шашын, қардың көп түсетін кезеңі. Ал тараздықтар аспаннан бір тамшы тамса, шаһардағы бағдаршамдар істен шығатынын жақсы біледі. Содан көлік кептелістері орын алып, жол жиегінде темір тұлпарлардың соғысып, тіпті аударылып жатқанын жұртшылық жиі көруде. Яғни жол-көлік оқиғаларының жауынды кезеңде жиілеуіне бағдаршамдардың бағдарынан айнуы тікелей себеп болуда. Мұны тұрғындардың өздері де ашына жеткізуде.
– Қалада жаңбыр немесе қар жауса, бағдаршамдар жиі істен шығатыны жасырын емес. Содан ұзын-сонар көлік кептелістері орын алып, тіпті көліктер қақтығысып жатады. Бұрнағы кезде бағдаршамы істен шыққан көше қиылысына тәртіп сақшылары жедел шығып, көлік бағытын реттеп тұрушы еді. Қазір оларды да көрмейміз. Келсе де, оқиға орнына кешігіп жетеді. Полиция қызметкерлері келемін дегенше екі-үш көлік соғысып, көлік қозғалысы тағы қиындай түседі. Әйтеуір біреудің көлігінің «артына кіріп кетпейін» деп тасбақа жүріспен әрең өтеміз.
Осы тұста «Қалада бағдаршамдар неге жиі істен шығады?» деген орынды сұрақ туады. Онсыз да шаһардағы бағдаршамдардың жану жиілігі біркелкі емес. Мәселен, Төле би мен Жамбыл даңғылы қиылысындағы бағдаршам бір бағытқа ұзақ жанса, екінші бағытқа жасыл жану уақыты тез өтіп кетеді. Осы жағдайды реттейтін бір жауапты мекеме болуы керек емес пе? Әйтпесе бір бағдаршам істен шығып, екіншісі уақытты әрқалай көрсетіп тұрғанда көлік апаты да, кептеліс те азаймайтыны анық, – дейді қала тұрғыны Нұрхан Нұрланбек.

147 бағдаршамның 49 пайызы тозған

Бағдаршамдарға қатысты мәселені күні кеше қала әкімі Бақытжан Орынбеков БАҚ өкілдерімен өткізген кездесуінде журналистер де көтерген болатын. Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы мұндай жағдайлар қала көлемінде орын алып жатқанын жасырмады. Бірақ әкім алдағы уақытта келеңсіздіктер түзеліп, олқылықтардың орны толатынына уәде берді. Ол үшін кешенді шаралар биылдан қолға алынып жатыр екен.
– Қазіргі таңда қалада 147 бағдаршам жұмыс істеп тұрса, олардың денінің тозығы жеткен. Жөндеуді емес, түбегейлі ауыстыруды қажет етеді. Сол себепті жауын-шашын болса, бағдаршамдар жиі істен шығуда. Алайда бұл мәселе біздің жіті назарымызда тұр. Биылға қаралған қаржы да бар. Осы сомаға бағдаршамдарды кезең-кезеңімен ауыстырамыз, – дейді қала әкімі.
Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, қаладағы 30-49 пайыз бағдаршамдар ауыстыруды қажет етеді екен. Өткен жылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытына 320 миллион теңге бөлінсе, соның 53,3 миллион теңгесі жол белгілерін орнату мен бағдаршамдарды ретке келтіруге бағытталыпты. Нәтижесінде, 275 жол белгісі қойылып, 3 бағдаршам жаңартылған. Сондай-ақ бірқатар бағдаршамның сым желілері жөнделіп, 300 метр жерге жасанды жол кедергісі жүргізілген.
Биылға да бұл бағытқа бағытталған қаржы аз емес. Қазір қала әкімдігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытына 780 миллион теңге бөлу өтінімін қарастыруда. Бұл сомаға 290 жол белгісі қойылып, 150 метр жерге жасанды жол кедергісі төселмек. Сондай-ақ ақпан айына Тәуке хан көшесі мен Бектөбе ауылына баратын жолдың қиылысар тұсына жаңа бағдаршам орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, қалалық полиция бөлімі жыл ішінде 1 723 жол белгісі мен 4 жаңа бағдаршам қоюды көздеуде.
P.S.
Міне, осылайша жергілікті билік өкілдері бағдаршамдарды кезең-кезеңімен жаңартып және жол белгілерінің санын арттыру арқылы жол-көлік оқиғаларының санын азайтуды көздеуде. Бұдан бөлек, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков тың идея ұсынып отыр. Енді болашақта қала ішінде көліктер сағатына 60 шақырым жылдамдықпен емес, одан да аз жылдамдықпен қатынауы мүмкін. Мұндай бастама жол-көлік оқиғаларын қаншалықты азайтарын уақыт көрсете жатар…

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.