Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бағбансыз қалса, бақ жетім

0 209

Көктем келіп, Жер-ана бусанған шақта бау-бақшаны түрлі жеміс, көкөніс, гүл атаулыға толтырғанға не жетсін?! Өз қолыңмен жасаған жұмыс пен төккен теріңнің жемісін көру де үлкен сый түсінгенге. Себебі бақшаның бабын табу да оңай шаруа емес. Көктем шыға бақшаларға көшет отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары да қыза түсетіні белгілі. Осы үрдістен біз де құр қалмай, бір күнге мамандық өзгертіп, бағбан болудың қыр-сырымен таныстық.

Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Бақша баптауға әуелден еліміздің оңтүстік өңірінің климаты қолайлы. Мұнда шетелден келетін түрлі өнімдердің жерсініп кету мүмкіндігі жоғары. Әсіресе, голландиялық қызғалдақ пен раушан сұранысқа ие гүлдердің көшін бастап тұр. Өңіріміздің қолайлы табиғатын мүмкіндігінше тиімді пайдаланып, қаланың шеткі аймақтары мен алыс-жақын елді мекендерде бау-бақшадан өзіне керектісін өсіріп, жемісін көріп отырғандар да баршылық. Ал қала аумағындағы саябақтар мен қоғамдық орындардың жазға дейін шырайы ашылып шыға келетінін білеміз. Кейде көшелердің сәнін келтірген гүлдерді көргенде, «осының барлығын қашан отырғызып үлгерген» деп таңданатынымыз тағы бар. Осы орайда қала бойынша көгалдандыру маусымы басталған сәтте құрал-саймандарын сайлап, жұмысқа уақытында кірісетін «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС жұмысшыларының еңбегі орасан екенін айтқанымыз абзал. Бағбан болудың сәті түскенде, бағымызға қарай сала мамандары да жұмыстарына кірісіпті. Орайы келгенде, таң атқаннан мен де «Жастар» аллеясына барып, бағбандардың қатарына қосылдым.
Алдымен аталмыш мекеменің жылыжайында өскен гүл көшеттерін бөліп қарап, жаз мезгілінде саябақтың сәнін келтіру үшін әр гүлді тиісті орынға жеткіздік. Топта жалпы 19 жұмысшы болса, оның басым бөлігі әйелдер. Мұнда ерлер гүлге толған қораптарды түсірумен, тиісті орынға жеткізумен айналысады. Ал кейде жоспарды уақтылы орындау үшін әйелдерге гүл отырғызатын орынды қазып көмектессе, енді бірде өздері де гүл отырғызумен айналысады. Жалпы жұмысшылар жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын жақсы біледі. Көріп тұрғанымыздай, мұндағы гүл отырғызатын орынның топырағы бабында тұр екен. Неге десеңіздер, күз мезгілінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, топыраққа тыңайтқыштар себіліп, қопсытып, көктемге дайындайтын көрінеді. Ал көктемде жерді қайта өңдеп болған соң ғана жұмыс басталады.
Сонымен ең әуелі гүл таңдамас бұрын, гүл отырғызатын орынның топырағы құнарлы болуын қадағалау керек екен. Топтағы жұмысшыларға бағыт көрсетіп, бақылап жүрген Арайлым Арыстанова аталмыш мекемеде бес жылдан бері жұмыс жасайды. Осы уақытқа дейін гүл отырғызудың қыр-сырымен толық танысып үлгерген. Топ басшысының айтуынша, бүгінгі жұмыс жоспарына сәйкес, саябаққа жеткізілген тагетес, сальвия гүлдерін отырғызу қажет. Алдымен қолымызға бір-бірден қолайлы күрекше алдық. Сосын гүлді суғарған кезде шайылып кетпес үшін өсімдікті тереңірек қазылған жерге отырғыздық. Басқа гүлдерді де осы әдіспен бірдей етіп отырғызуға кірістік. Бір байқағаным, гүл отырғызуға машықталған жұмысшылардың қарқынына ілесу мүмкін емес екен. Негізгі жұмысқа ер азаматтардың неге көптеп тартылмайтынын осыдан кейін білдім. Мұндағы әйелдердің қимылы ширақ әрі сапалы жұмысы көзге көрініп-ақ тұр. Гүл отырғызып жатқанда, саябақтың төменгі бөлігінде сұр түсті өсімдікке көзім түсті. Әуелде күзде гүл отырғызатын аумақты тазарту жұмыстарына көңіл бөлінбеген бе деген ой келді. Кейін топ басшысы Арайлым Арыстановадан сұрап білсем, менің көргенім цинерария гүлі екен. Оның ерекшелігі суыққа төзімділігінде болып шықты. Әрі «көпжылдық» деген балама атауы да гүлдің ерекшелігінен болса керек-ті. Бүгінге жоспарлаған гүлдерді отырғызып болған соң, су тасымалдайтын көлік те келді. Алғашқыда гүлдерді осындай көліктермен суғарады, өсімдік толығымен жерсініп кеткен соң ғана саябақта бұрыннан орнатылған ротор арқылы шашыратып суғару жүйесі іске қосылады. Бірақ осымен жұмыстың бәрі бітті деуге болмайды. Гүлдер күзге дейін бағбанның бақылауында болады.

Онлайн тапсырыс берген оңай
Бүкіл әлемді алаңдатып отырған коронавирус пандемиясының салдарынан бірқатар жұмыс орындары тоқтағаны баршаға белгілі. Олардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Осы орайда үйде бақшаның бабын келтіруге еш кедергі жоқ. Себебі бақша өсімдіктерін сатумен айналысатын дүкендер жабылғанымен, желі арқылы сауда жасау дегеніңіз қызып тұр. Тек әлеуметтік желіден тапсырыс берсеңіз болғаны, бағбандар сіздің таңдауыңыздағы өсімдікті жеткізуге даяр. Мысалы, қала аумағындағы «Райский сад» дүкені төтенше жағдайға байланысты қашықтан жұмыс істеуде. Тіпті еліміздің алыс аймақтарына тапсырысты «Қазпошта» арқылы жөнелтуге әзір. Мысалы, қала тұрғыны Әйгерім Баянбекова «Райский сад» дүкеніне «Instagram» желісі арқылы тапсырыс бергенін айтып, өзінің гүл отырғызудағы әдісімен бөлісті.
– Әйел заты табиғатынан гүл өсіруге әуес болып келеді. Жыл сайын үй мен аула гүлдерінің санын арттырып отырамын. Биыл да көшет сатумен айналысатын дүкендердің жеке парақшаларын қарап отырып, жылдағы өзіме ұнайтын іспен айналысуға кедергі жоқ екенін білдім. Әрине, аула гүлдерін баптаудың түрлі әдісі бар. Мысалы, өсімдікке суды мөлшерлеп құю үшін босаған пластик бөтелкені саңылауымен қоса кесіп алып, өсімдіктің үстіне жауып, топыраққа бекіту керек. Содан соң саңылауына бөтелкеге су құйғандай су жіберіледі. Бастысы, мөлшермен, – деді Әйгерім Баянбекова.
Бағбан еңбектің қиыншылығын көрмесе, жұрт жемістің дәмін татпас еді. Бағбанның бір күндік өмірінен түйгеніміз – осы. Қала көшелері мен саябақтардың сәнін ашып тұрған гүлдерді баптап, күзге дейін тынымсыз еңбек ететін мамандардың жұмысы үлкен еңбекті қажет ететінін түсіндік. Үйде отырып-ақ ауланы түрлі өсімдікке толтыруға кедергі жоқ екенін де білдік. Бастысы, ниетің болса жеткілікті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.