Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баға бас бермей тұр…

0 796

Күн суытқанда тұздалған, қытырлақ қияр мен қызанақты, түрлі салат пен компот, шырындарды ішкенді әркім жақсы көретіні анық. Алайда қыстың қамын жазда ойлайтын нәзікжандылар биыл банка жауып үлгерді ме? Үйдегі сауданы базардағы баға бұзып жатқан жоқ па?

Банка жабудың қамымен, дорбамызды толтырмақ мақсатта қаладағы базарлардың бағасын бағамдап, азық-түлікке шықтық. Халықтың қарасы қалың «Ауыл-Береке» базары әдеттегідей лық толы. Көпшілік «Ангар» деп атап кеткен көкөністер мен жеміс-жидек сататын орынға біз де ат ізін салдық. Қолда тізім. Сатушылар жан-жақтан «бізден ал», «түсіріп берем», «таразы тура» деп өздеріне шақыруда. Алдымен кіреберістен бастап, аяғына дейін өнімдердің бағасын салыстырып өттік. Содан қиярдың келісі 260 пен 400 теңгенің арасында, қызанақ – 300-350 теңге, етті қызанақ (розовый) – келісіне 400-600 теңге, ал ащы қызыл бұрыш 500 теңге болса, тәтті бұрыш (перец) – 80 мен 150 теңгенің арасы. Одан бөлек, сарымсақ 1000-1200 теңге аралығында сатылып тұрса, аскөктердің (укроп) 1 данасы – 100-150 теңге.
Салаттарды банкаға жабатындықтан, оның да бағасын бағамдап көрдік. 2 литрлік банканың құны 200 теңге болса, 1 литрлігі 160-150 теңге тұрады. Енді банка жабуға қажетті қақпақ пен қосымша дәмдеуіштерді қоссаңыз, баға былтырғы жылдан үш есе өскенін аңғарасыз. Осындай сәтте «баға бақылауда» дейтін басқармалар базардағы бағаны зерделемейді ме деген ой келеді. Дегенмен Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімі тамыз айындағы зерделеу бойынша баға шекті мәнімен салыстырғанда едәуір өскенін жасырмай отыр. Мәселен, өсімдік майы – 48 пайызға, сәбіз – 53, картоп –23 және пияз 61 пайызға қымбаттаған. Қарап тұрсаңыз, бұл – күнделікті тұтынатын азық-түліктер.
Тамыз айындағы зерделеуден кейін де баға әжептеуір өсіп отыр. Мәселен, пияздың қабын сіз көтерме базардан 2000 теңгеге алсаңыз, картоптың келісін 150-220 теңге, сәбізді 180-220 теңге аралығында ала аласыз. Тосап қайнататын болсаңыз, Қырғыз елінен келген таңқурайды 1000-1800 теңгеге, ал құлпынайды 1200-1500 теңгеге сатып алуыңызға тура келеді.
– Шыны керек, карантин көбіміздің қалтамызды қақты. Оған базардағы сатушыларды да кінәлай алмаймыз. Өз басым сенбі, сейсенбі күндері базарға келмеймін. Себебі ол кезде баға қымбат болады. Сәрсенбі-жұма күндері баға да қолжетімді, адамның қарасы да қалың болмайды. Осы сенбі күні баға шарықтады. Себебі жексенбі-дүйсенбі базар жабық. Сатушылар барынша тауарларын сатып, пайда табуға тырысып бағады. Олар да нәпақасын саудамен көріп отырғаннан кейін түсінуге тырысасың.
Биылға әлі банка жаппадым. Себебі бағаның қымбаттағаны соншалық, қалта көтермеді. Базарға келіп, қажетті азық-түлік алайын десең, бәріне бірдей ақша жетпейді. Ұн мен қант та соңғы уақытта қымбаттап кетті. Картоптың көтерме бағадағы құны 150-180 теңгеге жеткен. Ал жеміс-жидектің бағасы өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Бұлай көтеріле беретін болса, қыста қысылып шығатын түріміз бар, – дейді өзін Гүлнұр деп таныстырған қала тұрғыны.
Ал саудагерлердің уәжі басқа.
– Базарда тауар сатып жүргеніме 15 жылдан асты. Жыл сайын науқан кезінде бағаның қымбаттауы қалыпты жағдай. Бірақ биылғы жылды өткен жылмен салыстыратын болсақ, баға 15-20 пайызға емес, 70-80 пайызға өсті. Ал тұтынушылардың барлығына оны айтып түсіндіре алмайсың. Мәселен, өткен жылы Жуалының картобын келісіне 70-80 теңгеден алсақ, биыл 120 теңге. Павлодардан келетін өнімді 90-100 теңгеге саудаласақ, қазір көтерме бағасының өзі 140-150 теңге. Бұрынғыдай баға қазір жоқ. Сәбіздің бағасын айтпасақ та көріп отырсыздар. Пияз қатты қымбаттай қоймас. Десе де, егістік басынан пиязды ала алмай отырмыз. Былтыр осындай уақытта картоптың қабы 5000 теңге болған, биыл 7500-8000 теңгеден. Павлодар-Қарағандыдан келіп жатқандықтан, бұл баға да әлі тұрақты емес. Өз өніміміздің басым бөлігі Өзбекстанға, берісі Шымкент қаласына кетіп жатыр. Сыртқа экспорттамас бұрын, ішкі нарықты толыққанды қамтамасыз ету керек деп ойлаймын.
Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін келілеп картоп сатпайтынбыз. Қазір халықтың қалтасын ойлап, бұған да көштік, – дейді «Ауыл-Береке» базарының Алтынай есімді сатушысы.
Жалпы базардағы жағдай – осы. Саудагерлер сырттан тауар қымбат бағамен келетіндіктен, олар да құнын төмендете алмай отырғандарын айтады. Одан бөлек, биыл шымкенттік саудагерлер картопты егістік басынан сатып алып, тонналап жинап жатқан көрінеді. Соған қарағанда, бұл өнім тағы да қымбаттайтын түрі бар. Бұдан бөлек, өңірге өнімдердің дені өзге аймақтардан келетін болғандықтан, биыл да сырттың саудасына тәуелді болатынымыз анық. Ал қараша айынан бастап республикалық маңызы бар жолдардың ақылы болуы мүмкін екенін ескерсек, баға бұдан да қатты бұлқынса қайтпекпіз?

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.