Цифрландыру өміріміздің барлық салаларын қамтып, мемлекеттік қызметтердің барлығы дерлік электрондық форматқа көшіп үлгерді. Бұл өзгерістен үлкен деңгейдегі сауда-саттық та құралақан емес. Мәселен, қазіргі уақытта банк қосымшаларының көмегімен көлікті сату, сатып алу, есептен шығарудың еш қиындығы болмай қалды. Онлайн ипотека да енгізіліп үлгерді. Жер телімдерін сатып алу ісі де бұл бағыттан қалған жоқ.
Осылайша 2022 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен, Ауыл шаруашылығы және Әділет министрліктерімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен және облыстық әкімдіктермен бірлесіп, электрондық сауда-саттық арқылы мемлекет меншігінен жер учаскелерін беру жөніндегі жобаны іске қосты. Мамандардың айтуынша, онлайн-аукцион арқылы жер телімін сатуды қалыптастыру процесті ашық етеді және бұл саладағы жемқорлықты азайтады.
Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорының 226 базасы бір жерге – Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрында жинақталған.
Жобаның мақсаты – клиенттер үшін де, мемлекеттік органдар мен ведомстволар үшін де бизнес-процестердің барлық спектрін автоматтандыру. Бұл ретте субъект өзінің жүгіну барысын түпкілікті нәтижеге дейін бақылай алуға тиіс. Сауда-саттыққа Қазақстанның барлық азаматы қатыса алады.
Осылайша ең алғаш болып 2022 жылғы 22-24 маусымда Қызылорда облысындағы үш жер учаскесі онлайн-аукцион арқылы сәтті сатылды. Олардың бірі бастапқы бағасы 1,5 млн теңге болған кезде «электрондық» баға арқылы 2,8 млн теңгеден астам қаржыға, ал екіншісі 246 мың теңгеге, үшіншісі 396 мың теңгеге өтті.
– Онлайн-аукцион мемлекеттен жер сатып алу процесін ашық әрі түсінікті етуге, сондай-ақ осы саладағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге септігін тигізеді. Аталған тәжірибе бүкіл республикаға таратылады. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы әкімдіктермен бірлесіп жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын (ЖМБМК) енгізу жұмысымен айналысып жатыр. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (МЖК ААЖ) мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорының (ЖМТ МДҚ) шашырап жатқан 226 базасы осы ЖМБМК-да тоғыстырылған. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы ақпаратты онлайн жұмыс істейтін Жария кадастрлық картадан алуға болады. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жерге орналастыру жобасын әзірлеуден бастап құқықтарды тіркей отырып, жер учаскесіне актіні дайындауға дейін жер учаскесіне қажетті құжат айналымының толық циклін қамтамасыз ететінін атап өтеміз, – дейді мамандар.
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған талаптардың орындалуын анық аңғартып отыр.
– Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек.
Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек.
2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе.
Сондықтан әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс.
Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет.
Бұл салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану айрықша маңызды. Қазірдің өзінде космомониторинг және геоталдау жүйесі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оның бәрін қайтаруға септігін тигізіп жатыр. Жұмысты жалғастыру қажет, – деген болатын ел Президенті.
Осы орайда жалпы бәссауда, яғни аукцион ұғымына тоқталып өтсек. Аукцион (лат. аuctіo – бәсеке сауда) – көпшілік алдында кім артық төлем ұсынса, бұйым және өзге де зат соған сатылатын бәсекелес жария сауда. Яғни, белгілі бір тауар немесе өнім тобы сатылымға шығарылады, содан кейін сатып алушылардың өздері осы тауардың бағасын ұсынады. Кім ең жақсысын ұсынса, сол сатып алады. Күрделі ештеңе жоқ.
Тауарларды белгіленген бағамен сатудан айырмашылығы – аукцион түріндегі сауда-саттық сатып алушыға тауарды сатушы белгілеген бағамен емес, нарықтық бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Мысалы, интернет-коммерцияда негізінен ағылшын аукционы, ал жер учаскелерін сатуда голланд аукционы қолданылады. Бірақ бұл барлығына бірдей қабылданған, заңдастырылған ереже емес.
Осы принцип бойынша өткізілетін жер учаскелерінің онлайн саудасына әрбір қазақстандық қатыса алады. Онлайн-аукционның қатысушысы болу үшін eGov.kz порталына тіркеліп, «Жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (аукциондарды) ұйымдастыру және өткізу арқылы жер учаскесін мемлекеттік меншіктен беру» мемлекеттік қызметін таңдап, қатысушының өтінімін толтыру керек.
ЭСҚ көмегімен өтінім толтырылғаннан кейін қатысушы https://e-auction.gosreestr.kz/ сілтемесімен «Электрондық сауда алаңына» бағытталады. Бұл жерде де тіркеуден өтіп, кепілдік төлемақысын төлеуі қажет.
– Сауда бағаның жоғарылауы, яғни ағылшын әдісімен жүргізіледі. Бастапқы құны жердің кадастрлық құнымен анықталады.
– Сауда аяқталған соң жеңімпаз жер телімінің құқық белгілеуші құжаттарын алады. Бұл қызмет мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіледі.
Жалпы, жер ресурстарын тиімді пайдалану – кез келген өңірдің экономикалық дамуы мен урбанистикалық саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Жер қатынастарының ашық әрі әділ жүргізілуі, жеке және мемлекеттік инвестицияларды тарту арқылы қаланың инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызға ие міндеттердің бірі. Тараз қаласында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, мемлекеттік меншіктегі кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін сатуды және жалдауды заманауи электрондық форматқа көшіру арқылы ашықтық пен тиімділік қамтамасыз етіліп отыр.
ҚР Жер кодексінің 48-бабының 6 тармағына сәйкес, Тараз қаласында жер учаскелерін немесе олардың жалдау құқығын сату аукциондық жолмен – Мемлекеттік мүлік тізілімінің www.e-qazyna.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл әдіс жер қатынастарына деген қоғамдық бақылауды күшейтіп, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін тең мүмкіндіктер туғызады.
Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі 2025 жылдың 9 шілдесінде «E-Qazyna» мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы электрондық аукцион өткізді. Аукционға шығарылған жер учаскесі Әулиеата ауданында орналасқан. Жер телімінің нысаналы мақсатында бірінші қабаты кәсіптік мақсаттағы он қабатты тұрғын үйлер салу, үш қабатты тұрғын үйлер құрылысы, қауіпсіз балалар алаңшасын ұйымдастыру және жер асты паркингі және ішкі алаңдық инфрақұрылым жүргізу қарастырылған. Көлемі – 4, 2172 гектар. Аукцион жеңімпазы анықталып, одан түскен жалпы түсім 237 772 082 теңгені құрады. Бұл – Тараз қаласының жер ресурстарын тиімді пайдалану арқылы бюджетке қосымша қаражат тарту саясатының нақты көрінісі. Сонымен қатар алдағы уақытта өткізілетін аукционға 9 жер учаскесінің тізімі жасалды.
2025 жылдың қаңтар-қараша айына жергілікті бюджетке жерді жеке меншікке сату және жер телімін жалға жер пайдалану құқығын беру – 303101 коды бойынша 855 323,2 миллион теңге, ал 303202 коды бойынша 329 354,9 миллион теңге орындалды. Бұл көрсеткіштер жер қатынастарын цифрлық платформа арқылы басқарудың тиімділігін, жерді сату мен жалға беруден түсетін түсімнің айтарлықтай мол екенін дәлелдейді.
Ал сауданың бұл түрі жайында Ислам дінінде не делінген? Асыл дінімізде саудаласудың сүннет екені айтылады. Ал бәссауданың орны қандай?
Жалпы айтар болсақ, дін ғалымдары сауданың бұл түріне рұқсат береді. Әнас ибн Мәликтен жеткен риуаятта былай делінген: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім мына тоқым мен шыны ыдысты сатып алады?» – деді. Бір кісі екеуін бір дирһамға алатынын айтты. Сонда ол: «Бір дирһамнан артық беретін адам бар ма?» – деді. Сол кезде біреу екі дирһам ұсынады. Алла елшісі ол екі затты соған сатты» (Термизи, Әбу Дәуіт).
Осылайша асыл дініміздің шарттарын орындай отырып, заман ағымына сай дамуға жол ашатын электронды аукцион – цифрландыру жолына қадам басқан Қазақстандағы жер телімдерінің саудасын ашық әрі делдалдарсыз, жемқорлықсыз өткізудің айқын жолы.
Еркін САЙЫН