Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бұлыңғыр сенімдердің болашағы жоқ

0 203

Тарихи деректерге көз салар болсақ, Ислам діні елімізге VII ғасырдан бастап табалдырық аттаған. Ал мұсылмандықтың жерімізде түбегейлі орнығуын VIII ғасырға жатқызса болады.

Бұған негіз – 751 жылы Тараз қаласының маңындағы мұсылмандар әскері мен қытай әскері арасында бірнеше күнге созылған Атлах шайқасы. Бұл шайқаста қытай әскері күйрей жеңілді әрі Жетісу мен Шығыс Түркістан қытай ықпалынан азат етіледі. Сонымен қатар сол кезден бастап Ислам діні Орта Азияға қадам басты. Айта кету керек, сонау бастан қазақ халқы мұсылмандықты тіршілік негізі ете білді. Қазіргі күні қазақи салт-дәстүр мен дін талаптарының біртұтас болуы – соның айқын айғағы. Сонымен қатар ХХ ғасырдың соңына дейін қазақ халқы дін саласында бірлігі жарасқан бір үммет болып келді. Алайда, өкінішке қарай, ғасырлар бойы діні де, ділі де бір болған халқымыз ХХ ғасырда, дәлірек айтар болсақ, 90-шы жылдары бөлінушілік дертіне ұшырады. Дәл сол кезден бастап Қазақстан жерінде сәләфия және уаһһабия секілді ағымдар пайда бола бастады.
Сәләфия (немесе сәләфизм) – XIII ғасырда пайда болған ағым. Негізін салушы – Ахмад ибн Таймия. Сәләфияның басты ұраны «дінді бидғаттан (дін бұзар жаңалықтардан) тазарту» болды. Тағы бір ерекшелігі – аһлүс-сунна уәл-жамағадан өзге ақиданың (сенім, нанымның) жаңа үлгісін қалыптастыру. Алла Тағаланы жаратылғанға ұқсату үрдісі қалыптасуының басында Ибн Таймия тұрды десек, қателескен болмаймыз. Уаһһабия (немесе уаһһабизм) – XVIII ғасырда Хижәздің (Сауд Арабиясының) Нәжда өңірінде пайда болған. Негізін салушы – Мұхаммад ибн Абдул-Уаһһаб. Уаһһабия – сәләфияның қисынды жалғасы. Бұлай айтуға Мұхаммад ибн Абдул-Уаһһаб Ибн Таймия мен оның шәкірті Ибн Қайимнің пікірлерін дамытуы негіз бола алады. Уаһһабияның да басты ұраны – «дінді бидғаттан тазарту». Дегенмен бұл ағымның пайда болуының негізгі себебі – сол кезде билік жүргізген Осман империясына қарсы шығу болды.
Ынсап көзбен қарар болсақ, сәләфияны құптағандар түп-негізінде бидғатпен емес, бастауын сонау Әбу Бәкірден (р.а.) алған халифатпен, соның ішінде ханафи мәзһабын ұстанған мұсылмандармен, ал оның ішінде, нақты айтар болсақ, билік басында тұрған түріктермен қақтығысқа түсті. Демек, қазіргі күнгі «мәзһабсыздық», «мұсылмандарға «кәпір» атағын тағу» – күні кеше пайда болған дерт емес.
Сәләфия мен уаһһабизмге ортақ сипаттаманың ішінде «жиһадшылықты», яғни өздерімен келіспегендердің бәрін қырып-жоюды айтса болады.
Ахмадия – ХІХ ғасырда Пәкістанның Пенджаб өңірінде пайда болған. Ахмадияның негізін салушы Мирза Ғуләм Ахмад болып есептелгенімен, асылы – Британиялық Үндістанның колониялық әкімшілігі. Саясаткерлердің дегеніне сүйенер болсақ, Британияның Ахмадияны өмірге әкелуінің бастапқы себебі – ХІХ ғасырда Үндістанда уаһһабшылардың ханафи мәзһабын ұстанушыларға қарсы шығуы болды. Осы жағдайды ұтымды пайдала білген ағылшындар Ахмадия ағымын құрды. Бастапқыда олардың негізгі ұстанымы жиһадты жоққа шығару болған-ды.
Уаһһабшылардың өз табиғатына сай жасаған аласапыраны мен қан майданын көрген жұртшылық ахмадияшыларға бет бұрды. Осы себептен уаһһабия мен ахмадия сырт көзге «үш қайнаса да, сорпасы қосылмайтын» екі түрлі ағым болып көрінгенімен, «мәзһабсыздық» бағытын ұстанған бұл екі ағымның құрастырушысы бір.
Ахмадияның негізгі ерекшелігі – ахмадшылардың арасында Мирза Ғуләм Ахмад – Маһди, екінші Иса пайғамбар әрі Кришнаның бейнесі болып есептеледі. Сонымен қатар, олардың ойынша, адам өлгеннен кейін жаңа дене мен рухқа енеді. Өздерінің кертартпа көзқарастары үшін ахмадшылар Пәкістаннан қуылып, қарашаңырағын Британияда құрған. Әлемдік Ислам лигасының шешіміне сай, Ахмадия Исламға жат ағымға жатады.
Ал Таблиғи жамағат ХІХ ғасырда Үндістанда пайда болған. Негізін салушы – Мұхаммед Ильяс. Таблиғ жамағатының негізгі мақсаты – мұсылмандарға діннің маңыздылығын жеткізу. Өзгешеліктердің бірі – өзге дін өкілі, не болмаса мұсылмандармен тартысқа түспеу, саяси-өкіметтік билікті көздемеу.
Адамдардың көбі Таблиғи жамағатының орталығы Пәкістандағы Райванд қаласында деп есептейді. Бұл пікірдің қалыптасуына пәкістандық таблиғшылардың белсенділігі себеп болса керек. Дегенмен бұл қате ұғым. Себебі басты орталық Үндістанның Дели қаласындағы Низамуддин ауданында. Таблиғи жамағатына тән ерекшеліктердің бірі – дінді насихаттау мақсатында ай сайын 3 күн, жыл сайын 40 күн, өмірінде бір мәрте болса да 4 айға шығу тәртібін ұстану. Алайда бұл үзілді-кесілді талап емес. Елімізде таблиғшылардың көпшілік арасында наразылық тудыратын жайттарының бірі – кейбір мүшелерінің білімсіз болулары себебінен соқыр тәуекелге ұрынуы. Мәселен, «Алладан болады» деп бала-шағасын тастап, «Алла жолына» шығып кетуі.
Хизбут-тахрир – ХХ ғасырдың ортасында Шығыс Иерусалимде (Палестина) пайда болған. Негізін салушы – Тақиуддин Набхани. Хизбут-тахрир да саяси ағымға жатады. Орта Азия мемлекеттерінің ішінде, әсіресе Өзбекстанда кеңінен таралған. Бірақ, өкінішке орай, біздің елімізде де хизбут-тахрир бағытын қоштайтын азаматтар жоқ емес. Хизбут-тахрир қозғалысы біршама араб елдерінде дамуымен қатар, дәл сол елдерде тыйым салынған ағымдар қатарына жатады. Бас кесенесі Батыс Еуропада шаңырақ көтерген. Хизбут-тахрирдің негізгі ұстанымы – Ислам халифат құру. Тахриршілердің пайымдауынша, Ислам халифаты құрылуына қарсы болғандардың құлшылығы дұрыс емес. Тәсілдерінің ерекшелігі – басты көңіл өз қатарына жастарды, соның ішінде олардың діни сауаты төмен таптарын тарту. Бұл жағдай оларды басқаруға оңтайлы жағдай тудырады. Осы себептен болар, хизбут-тахрир қатарындағы адамдардың орта жасы – 20-25 аралығында.
Айта берсе, бүгінгі таңда елімізде етек жайған өзге де діни ағым мен топтар баршылық. Сондықтан да халық арасында сектанттық жоқ деу әлі ерте. Осы жағдайдан туындайтын ең ауыр жайт – ХХ ғасырға дейін өзара бөлінбеген, бір дін, бір мәзһабты ұстанған, өзара бауыр қазақтың жік-жікке бөлінуі. Мәселе бір діни ағым не топ қай ғасырда және қай жерде пайда болуында емес. Мәселе сол діни ағым мен топтардың әрбірі өз мүддесін ғана көздеген жеке саясатын жүзеге асыруында. Жағдай осылай өз бетінше кете берсе, ертеңгі күні өзара қақтығысқа барып, нәтижесінде жеріміз бен еліміздің берекеті қашпауына кім кепіл?

Абдуссамад МАХАТ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.