Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бұл жағдай жастарға сабақ болса екен

0 175

Қайырбек АСАНОВ,
ақын

Болған жағдай баршаға белгілі. Осы төтенше жағдайды көріп, естіп, біліп, қабырғамыз қайысып, арқамызға тас батқандай болды. Телеарнадан әр жайсыз ақпаратты естіген сайын жанымызға мың сан ине қадалғандай күй кештік. Себебі осы жасқа келгенше мұндай бассыздық жағдайды кездестірген жоқ едім. Қалалық, облыстық әкімшілікті, беделді-беделді ғимараттарды өртеу, жаманшылыққа бас-көзсіз, өшпенділікпен ұмтылу – жақсылық емес. Қазақтың әр баласы үшін, әр жастарымыз үшін бұл – ауыр сын.
Осы кезге дейін талай мәдени, рухани, әдеби жиындарға қатыстық. Сонда кілең ұлағатты, дарынды, білімді, рухани толысқан жастарды көріп, «Құдайым, осы азаматтарды тілден, көзден сақта! Жарқыратып жолын аша көр!» деп тілек тілеумен болушы едім. Себебі ондай жалынды һәм дарынды жастар Отанның, елдің көсегесін көгертіп, көкжиегін кеңітетіні анық еді. Сондай әсерлі жиындарда сан рет толғанып, сан рет қуанып қайтқаным есімде. Сол қуанышымды асыл жарым, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметовамен де талай бөлісіп, сырласып, екеуміз бірге қуанған сәттер аз болмайтын. Ал енді мынау содырлық, бұзақылық жағдайға не дерімді білмей, жүрек ауырып, жағамды ұстап отырмын. Бұл жағдай үшін ешкімнің де көңілі шалқи қоймайтыны анық.
Не айтуға болады? Бұл жағдай барша жастарға сабақ болса екен. Жастар өз Отанына, мемлекетіне дау- жанжал, қайғылы шерумен емес, жақсы істерімен, терең ой, асқақ арман, білімдерімен үлес қосса дейміз. Еліміздің барлық жастарының дау қуатын емес, армансыз білім қуатын, өнер қуатын кезі деп ойлаймын.
Ауыр сынақтың арты үлкен қайырлы іске, жақсылыққа, ізгі істерге ұласатынына сенемін. Халқымды сабырлы болуға, тәртіпке бағынуға шақырамын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.