Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бүгіннен бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріледі

0 351

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық және оны өткізу бойынша штаб отырысы өтті.

Әуелі қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы туралы баяндады.

– Тараз қаласы бойынша бүгінде 5 жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорын бар. Орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы 1730 нысан жылумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ шаһардағы жылу жүйесіне қосылған 1 345 көппәтерлі тұрғын үйлерлер де толығымен жылыту маусымына дайын. Сонымен қатар денсаулық сақтау нысандары бойынша әзірлік паспорттары жинақталып, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. Білім беру мекемелері бойынша да әзірлік паспорттары алынып, 2 нысанның жапсарлас құрылыс және жылыту жүйесіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жылу беруші кәсіпорындар газ жеткізу қызметі бойынша «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалымен келісім-шарт жасаған. Бұған қоса кәсіпорындарда резервтік отын қоры ретінде 1815 тонна көмір, 13 279,6 тонна мазут қоры дайындалған, – деді Қайрат Әбілханұлы өз сөзінде.

Келесі кезекте шаһар басшысы жылыту маусымына салғырт қарауға болмайтынын баса айтты.
– Былтырғы жылыту кезеңінде бірқатар кемшілікке жол берілгені жасырын емес. Енді биыл содан сабақ алып, жылыту маусымына мұқият қарауға тиіспіз. Бұл тұрғыда бар жауапкершілік ең әуелі сала басшыларына жүктелген. Сондықтан бірінші кезекте денсаулық сақтау, білім беру, тағы басқа әлеуметтік нысандар жылумен толығымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ «Қазгидромет» мекемесінің ресми ауа райы болжамы ұдайы назарда болуы қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Басқосу соңында штаб мүшелерінің ұйғарымымен, 7 қазаннан бастап Тараздағы әлеуметтік нысандарға жылу беру жөнінде шешім қабылданды. Ал тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету қала әкімінің қаулысына сәйкес, 15 қазанға бекітілді.

Ескеретін жайт, жалпы жылыту маусымы ауа райын назарға ала отырып, бес күн мерзім аралығында сегіз градус немесе одан төмен болатын болса, тиісті заңнамаға (ҚР Құрылыс нормасы 02.04.2021-2004 ) байланысты басталады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.