Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Бүгінгі таңдау – болашақтың негізі»

Байзақ ауданында жас сайлаушылар форумы өтті

0 157

Мырзатай ауылдық клубында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен форумды аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов ашып, сайлаушылардың азаматтық белсенділігін арттыру мен сайлау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқтала келе, жастардың сайлауға белсенді қатысуы – елдің болашағын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратындығын айтты.
– Бүгінгі таңда, ауданда 55252 мыңнан астам сайлаушы бар. Оның ішінде 22993 астамы жастар немесе 41,6 пайыз. Әрбір 18 жасқа толған азамат сайлауға қатысуға, дауыс беруге және өзі де сайлануға құқылы. Биыл ауданда өтіп жатқан жатқан ауыл, ауылдық округ әкімдерінің сайлауында да 8 мыңнан астам жас белсенділік танытты,-дей келе жастарды саяси науқандарға белсенді болуға шақырды.
Мұнан соң сөз алған Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Мерей Амангелді Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының еліміздегі сайлауларға жастардың қатысу деңгейіне жүргізген деректеріне тоқталды. Жастардың белсенділігін арттыру және олардың саясатқа қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында Орталық сайлау комиссиясының атқарған жұмыстарынан ақпарат берді.
Байзақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бауыржан Көшербаев аудан жастарының сайлау процестеріне қатысу барысына тоқталды.
Байзақ ауданында 95480 тұрғын бар, оның 33826-сы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Соңғы Бурыл ауылдық округі әкімінің сайлауында сайлаушылардың 41,8 пайызы дауыс беруге қатысса, олардың 34,4 пайызы жас сайлаушылар болды -дей келе, қоғамдық өзгерістеріне сергек қарайтын, ел тағдырына алаңдайтын жастардың белсенділі өсіп келе жатқаны айтты.
Форум барысында жас сайлаушылар клубы әзірлеген арнайы бейнеролик көрсетілді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жанынан құрылған «Жас сайлаушылар клубының» төрағасы Нұрбек Сайлауов жастарға Үндеу тастады.
Жиында Рүстем Қалмұхамбетұлы белсенді жастарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Форум соңында қатысушылар ұялы телефондары арқылы экранға шығарылған QR-кодқа кіріп, сауалдарға жауаптарын берді.

Байзақ аудандық ақпараттық медиа орталығы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.