Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел тірегі

0 309

Әсілінде, адамзаттың техника дәуіріне аяқ басып, оның кереметтерін көзбен танып, қолмен құрастырып, бүгінгі күннің игілігі ретінде пайдалануда технократтардың, жаратылыстану ғылымы мамандарының рөлі орасан. Зерттеулер нәтижесі технократтардың дені ер азаматтар екенін айғақтайды. Бұл ерлер мен әйелдер арасында дау туғызатын емес, мереке қарсаңында арқа сүйер азаматтарымыздың абыройын көтерер көрсеткіш деуге болатындай. Қарапайым мысал, күнделікті істен шыққан жарық шамдарын ауыстыру үшін ерлердің көмегіне жүгінетініміз жасырын емес қой?!

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қаламыздағы техникалық шығармашылық орталықта бүгінгі күні сұранысқа ие кеме және әуе модельдеу мамандықтары бойынша шәкірттер білім алуда. Олар жыл сайын елімізде өтетін түрлі байқауларда бақ сынап, өңір мерейін үстем етуде.Сұранысқа ие мамандарды орталықтың білікті педагогтары оқытады. Солардың бірі – аталмыш мекеме ашылған күннен бастап қажырлы еңбек етіп келе жатқан Медет Жаманбатыров. 2007 жылы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін тәмамдаған ол 2008 жылы техникалық шығармашылық орталығына жұмысқа орналасады. Алғашында суретші-әрлеуші болып қызмет атқарған Медет Медешұлы өзінің алғырлығы мен ыждаһатының нәтижесінде кейінірек «Архитектуралық нысандардың технологиясы және құрылыс» үйірмесінде жұмыс істесе, 2014 жылдан бері «Авиамодельдеу» үйірмесінде жетекшілік етіп келеді. Күн санап емес, сәт санап дамуды көздеген педагогтың шәкірттері жыл сайын түрлі сайыстардан жүлделі оралып, ұстаз мерейін үстем етіп келеді.


– Авиамодельдеу саласына балалардың қызығушылығы өте жоғары. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, оларға дер кезінде назар аударып, қызығушылығын одан әрі ашудың маңызы аса жоғары. Әдетте балалар өздерінің бұл дағдыға икемдері бар екенін бірден біле бермейді. Мұндайда ата-аналар балаларының қызығушылықтарына жіті мән беріп, сыртынан бақылап, қажетті үйірмені дәл тапса, темірді қызған кезде соғары анық. Бүгінде аталмыш мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушылардың жетістіктеріне ризамыз. Олардың дені – ұл балалар. Сонымен қатар үйірмеміздің техникалық базасын әрдайым жаңартып отыруға ерекше мән береміз,– дейді ұстаз.
Ал ғұмырының 37 жылын білім беру саласына арнаған Абдулла Андыбаев техникалық шығармашылық орталығында «Авто іс», «Автослесарь» үйірмелерін жүргізеді. Ол орталықтағы бұл үйірмелердің өмірлік маңызы бар деп санайды. Себебі жол жүру ережесінен бастап күнделікті көріп жүрген көліктеріміздің құрылысын білу – әр ер азаматқа міндет. Оның ойынша, әр ер жігіт көліктің ішкі және сыртқы қаңқалары мен механикасын 42 әріпті білгендей білуі тиіс. Ол бұл жолда аянбай еңбек етіп келеді. Сонымен қатар педагог оқушыға техникалық бағытта білім беру барысында ата-ананың баласының үлгерімі мен жетістіктеріне, білім сапасына деген жіті назары болуы тиістігін алға тартады. Ұстазбен қоса ата-анасының да өз жетістіктеріне қуанғанын көрген бала қай салада болсын үздік болуға талпынатынын айтады. Күн сайын жаңарып жатқан ғылым саласының үдерістерін бақылауда ұстап, оны түрлі жолдармен балаға үйретіп, санаға сіңдіруге бір жақтың ғана атсалысуы аздық етеді. «Нағыз мамандар жан-жақты қызығушылықтың барын сезініп қана өз ісінде үздік атана алады» дейді Абдулла Сейтханұлы.


– Менің үйірмеме әдетте 14-17 жастағы жасөспірімдер келеді. Оқушыларым осы жерде білім алған соң, колледждер мен жоғары оқу орындарына түсіп жатыр. Көбісі тіпті осы жерде алған білімдерінің арқасында жүргізуші куәлігіне де ие болып жатыр. Қазір жастардың қатарында автоэлектрик, токарь, слесарь мамандықтарына қызығатындар аз. Бірақ біздің орталыққа келген шәкірттер бұл саланың маңыздылығын бірден түсініп, «B», «С» санатындағы жүргізуші куәліктерін алып, үлкен өмірге қадам басуда, – дейді ұстаз.
Техникалық шығармашылық орталықта ұстаздық етіп жүрген қосымша білім беру педагогы Александр Лысенко авиамодельдеу саласына 1980 жылдан бері қызығушылығы артқанын айтады. Ол Жамбылға 1976 жылы Тольятти қаласынан қоныс аударған. Авиамодельдеумен сол кезеңдегі пионерлер саласында А.В.Корчагиннің ұстаздық етуімен айналыса бастаған. Бүгінде бірі ұстаз, бірі шәкірт болған жандар өз саласында әріптес ретінде тәжірибе алмасып тұрады. Кеңес әскерінде борышын өтіп келген соң Александр Лысенко №30 мектептің қабырғасында еңбекке баулу пәнінен сабақ берген. Ташкент оқу-жаттығу орталығын «коммерциялық пилот» мамандығы бойынша тәмамдаған ол «Тараз-Фортуна» ЖШС-іне жұмысқа орналасып, АН-2 ұшағының тізгінін алады. Көп жылдар Оңтүстік Қазақстан облысында парашют спорты федерациясында қызмет еткен. Ал техникалық шығармашылық орталық қабырғасында 2016 жылдан бері шәкірт тәрбиелеуде.
– Көкке деген шексіз махаббат осы мамандықты игеруге мұрындық болды. Өз саламда шәкірт тәрбиелеуге өмір тәжірибемдегі ұшақтармен, парашютпен байланыстың көп көмегі тиді. Орталық үйірмесіне келіп жүрген шәкірттерім өңірлік, республикалық байқауларда үздіктер қатарынан көрінуде. Кей шәкірттер тіпті осы сала бойынша ЖОО-ға түсіп, білімдерін жетілдіріп жатыр. Авиамодельдеу саласы бойынша елімізде мамандарға сұраныс жоғары. Сол себепті де мен өз саламның маңыздылығын жете түсініп, оқушыларымның бұл бағыт бойынша қызығушылығын арттыра түсуге бар күшімді салып келемін, – дейді Александр Лысенко.
Еліміздің Қарулы Күштері жыл сайын білікті мамандармен толығып отырады. Бұл ретте әуе және кеме модельдеу мамандығына машықтандыратын ұстаздардың еңбегі орасан. Ел тірегі ерлеріміздің өз ісіне деген махаббаты яки Отанға деген адал қызметін осыдан аңғаруға болатындай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.