Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бүгінгі ұрпақ ата аманатына адал

0 236

1941-1945 қасіретті жылдардың ауыртпалығын аға буын ұмыта қояр ма екен? Сол бір отты жылдары Отан қорғауға аттанған әрбір бозбаланың жүрегінде астарлы арманы бар еді. Бірі сүйіктісіне қосылуды қиялдаса, бірі сәбиінің жұпар аңқыған алқымынан бір иіскеуді бақыт санады. Бірі анасының құшағын аңсаса, енді бірінің тілегін әпке-қарындасы тілеп күткен-ді… Ал жеңістің көктемін көру бәріне бірдей бұйырмады.

Арайлым Шабденова

Иә, сұрапыл соғыс қай қазақтың болмасын шаңырағын ойрандап, қара жамылдырды. Менің арғы атам Төлеубай Базарбаев та майданның құрбаны болды. Әжемнің айтуы бойынша есімде қалғаны: тіпті атамның қаза тапты деген қара қағазы да келмепті. Төлеубай Базарбайұлы 1908 жылы Сарысу ауданында дүниеге келген. Жары Құндызбен екі ұл, бір қыз сүйіп, талай нәубетті жылдарды бастан кешірген. Ал 1943 жылы өзінің туған жерінен Қызыл әскер қатарына шақыртылып, ұрыс даласына аттанған. Атамнан майданнан келген бір хаттың болғанын бала кезде естігенмін. Ал от пен оқтың ортасында қандай жағдай болып, атамның қандай ерлік жасағаны ұрпақтарына әлі күнге дейін жұмбақ. Хат-хабарсыз жоғалып, қара қағаз келмей қалған тек біздің әулет еместігі тағы бар. Бірақ ұрпақтар бабалар ерлігін ешқашан ұмытпайды. Менің атамның есімі «Жеңіс» саябағындағы жауынгерлер мемориалдық тақтасында ойылып жазылып тұр. Бұл – біздер үшін үлкен мақтаныш.
Жалпы Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына қымбатқа түсті. Елдің 27 миллионнан астам адамы соғыста қаза болды. Оның 603 мыңы (400 мың) қазақстандықтар. Міне, осылай Кеңес халқы мен оның Қарулы Күштері бұдан 75 жылдан астам уақыт бұрын адам баласының хас жауы фашизмді осылай талқандады. КСРО-ның Ұлы Отан соғысында өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалды. Еуропа халықтарын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып, жеңімпаз халық атанды. Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады.

Газетіміздің жыл басынан бері жарық көріп келе жатқан «Менің атам майдангер» айдарының бүгінгі кейіпкерлері – аталарының аманатына қиянат жасамай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп келе жатқан азаматтар. Әлеуметтік желіде «Мен батырдың ұрпағымын» атты челлендж бастау алып, оған қала мектептерінің оқушылары мен тұрғындар да белсенділік танытыпты. Солардың ішінде аталарының ерлігін ұлықтаған жандардың бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.
Жамбыл облысы Полиция департаменті ғимаратын күзету бойынша взводының полицейі, полиция сержанты Шыңғысхан Сәтбергенов атасы туралы естелікті әпкесінің айтуы бойынша есінде сақтағандығын айтады.

– Менің атам Сәтберген Көпбосынов – Таластың тумасы. 1920 жылы дүниеге келген атам 22 жасында майданға аттанады. Ленинград майданында жаумен шайқасып, Ленин қаласын фашистерден азат етуде ерлік танытқан. 1944 жылы 11 жерінен жараланып, госпитальге түседі. Жаралы сарбаз туған ауылы Бостандыққа оралады. Сол кезде Сәтберген атаммен бірге келген комиссариаттың қызметкері інісі Сәттерге әскери шақыру қағазын беріп, ұрыс даласына алып кетеді. Соғыстан аман оралуына тілектестігін білдірген Сәтберген атам інісіне өзінің үстіндегі шинелін шешіп беріп, бейбіт күнде қауышуына сенім білдіреді. Расында, кейін інісі майданнан аман-есен оралады. Елге оралған атам Бостандықта есепші болып қызмет етіп, 49 жасында көз жұмады. Атамның артында бес ұл, бір қыз қалады. Қара шаңырақта атамның сезім мен сағынышқа толы үшбу хаттары әлі бар. Жауынгер даласынан келген хаттар бүгінде сарғайды. Атамның ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа аманат болатыны сөзсіз. Мен батырдың ұрпағы екенімді мақтан етемін, – дейді Шыңғысхан Дарханұлы.

Ал А.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназиясының 3 «Б» сынып оқушысы Бейбарыс Ескермес арғы атасының ерлігі оның болашақта кім болатынын айқындап бергендігін жеткізді.

– Мен Ұлы Отан соғысының ардагері, «Ерлігі үшін» медалінің иесі Дайрабай Алиевтің шөбересі екенімді мақтан тұтамын. Менің Дайрабай атам 1925 жылы сол кездегі Чу ауданында туып, 1943 жылы туған жерінен майдан даласына аттанған. Атам Ленинградтағы блокадада Отанды қорғаған. Оқ пен оттың арасында 1944 жылы 26 маусымда жолдасы жараланғанын көріп, ұрыс даласында оның орнына алдыңғы шепке шығып, жау құрсауынан өзге жолдастарын аман алып шыққаны үшін марапатталған. Сонымен қатар атам жеңістің көктемін көріп, бейбіт күннің ұрпақтарына өзінің ерлігімен және жолдастарының соғыс даласындағы естеліктерімен жастарға үлгі болған. Ол «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және тағы да көптеген марапаттарға ие болған. Атам 1990 жылы дүниеден өтті. Оның ерлігі – артында қалған ұрпағына үлгі. Мен де болашақта елім үшін, жерім үшін пайдасы тиетін мамандықтың иесі болуды мақсат тұттым, – дейді Бейбарыс Мұратұлы.

Түйін:
Біз ұсынған «Менің атам майдангер» айдарының кейіпкерлері ғана емес, ұрыс даласында елі мен жері үшін жан берісіп, жан алысқан әрбір ұлттың, әрбір шаңырақтың айтарға өз естеліктері бар. Газетіміздің алдағы сандарында да тұрақты айдарымыз өз жалғасын табады. Жеңістің ақ таңын атырған әрбір сарбаз ел есінде. Майдан шебінде ерлікпен қаза тапқан, елге жаралы оралған, жеңістің көктемін бірге көрген сарбаздардың есімін ұлықтайтын ұрпағы барда ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі өскелең ұрпақ ата аманатына адал.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.