Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына

0 543

арнап «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласын жариялады. Мақаланы оқып ой түюді жөн көрдім. Елбасы өз мақаласында халықты сабырлы болуға, мәселеге байыппен қарауға шақырады.

Еліміз қашанда көршілес елдермен, алыс-жақын шет мемлекеттермен әрқашан достық қарым-қатынаста болып, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясатты ұстанды. Татулық пен бірліктің арқасында көп қиындықты жеңіп, жетістікке жеттік.

Жұқпалы індеттен бүкіл әлем әбігерге түсті. Экономикалық дағдарыс орнады, кәсіпорындар жабылып,көлік қозғалысы шектеліп, шекараларға шектеу қойылып, елдер арасындағы алыс-беріс, байланыс үзілді. Міне осындай қиын кезеңде елдігіміз сыналу үстінде. Елбасы өз мақаласында бір-біріне»санкциялық соғыс» жариялаған елдер бүгін бір-біріне көмек көрсетіп жатқанын айтады. Расымен, адамзат баласы бұл қиындықты тек ауызбіршілікпен, темірдей тәртіппен жеңуге болатынын ұғынды.

Десек те, елдегі қиын-қыстау кезді пайдаланатын арам пиғылды адамдар да, өкінішке орай бар. Олар ел арасына іріткі салып, адамдарды арандатып бір-біріне айдап салуды мақсат етеді. Ел болашағына зиян келтіреді. Қоғамды құлдыратады. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы ел азаматтарын бірлік пен татулыққа шақырады, арандатушылардың арбауына түспеуге үндейді. Ол үшін әр адам аса сауатты, білімді, парасатты болумен қатар өзіне сабыр мен төзімді серік етуі керек.

Мақалада сонымен қатар ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 млрд АҚШ доллары барын айтып, оны үнемді, дұрыс жұмсасақ бұл кезеңнен де қиналмай өтеміз деді. Ата заңымыздың бірінші бабында «Мемлекеттің бірінші байлығы- адам және оның өмірі» деп нақты жазылған. Еліміз басты байлық- адам өмірін арашалап алу үшін қолдан келген бар шараны жасап жатыр. Ол үшін бізде білікті маман, озық технология, материалдық ресурс, азық-түлік бар. Тек сабыр сақтасақ,біріге әрекет етсек, еңсені түсірмей елге демеу болсақ бәрін жеңеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген нақыл сөзімен ұлтымызды ұйымшыл болуға, белгіленген тәртіпті бұзбауға шақырды. Иә, ел тағдыры, халқымыздың амандығы әрқайсымыздың қолымызда. Ендеше, тәртіп сақтайық, мамандардың кеңесіне құлақ түрейік, сабыр мен төзімді серік етейік.

МАХМЕТҒАЛИ САРЫБЕКОВ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.