Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бұқарамен байланысты бекіте түсу қажет

0 288

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте облыс орталығының тұрғындары мен әкімдік арасындағы кері байланыс бағытындағы жұмыстар барысы қаралды.

Аталған мәселе бойынша сөз алған қалалық медиа-орталық директоры Балнұр Бектұрғанова әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларындағы жарияланымдар мен тараздықтар тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдарға жауап беру жайын тілге тиек етті.
– Бүгінде әкімдіктің «Instagram» парақшасында 89 мыңға жуық, ал «Facebook»-те 5 900 жазылушысы бар. Жыл басынан бері әкімдіктің әлеуметтік желілерінде 997 пост, 263 бейнеролик, 575 баннер жарияланды. Қаңтар айынан бастап әкімдіктің ресми парақшасын белгілеу арқылы жалпы саны 1 086 пост жарияланды. Сонымен қатар «Ikomek-109» платформасы арқылы 4 654 өтінім түскен. Тұрғындардан түсіп жатқан сауалдардың басым көпшілігі шаһардың коммуналдық қызметтеріне қатысты болып отыр. Орталық қызметкерлері барлық арыз-шағымға дер кезінде жауап беріп келеді, – деген Балнұр Бектұрғанқызы әкімдікке қарасты бөлімдердің әлеуметтік желілердегі белсенділігіне талдау жасап, кейбірінің кері байланыс орнатудағы жұмысы көңіл көншітпейтінін жеткізді.
Баяндамашыны мұқият тыңдаған Бақытжан Әмірбекұлы бұқарамен байланысты бекіте түсу қажеттігін айтып, бөлім басшыларына нақты тапсырмаларын берді.
Бұдан бөлек, кеңесте бюджеттің болжамды орындалуы, облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарының барысы, жобалық-сметалық құжаттардың әзірленуі, құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептер, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту және өзге де мәселелер қаралды.
Басқосу соңында шаһар басшысы жауапты мамандарға ықшамаудандардағы тазалықтың сақталуын назарда ұстау, заңсыз сауда орындарын жою және қала аумағындағы шөпті уақытылы шабуды қолға алу секілді маңызды мәселелер бойынша жұмыстарды жоспарлы орындауды жүктеді.

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.