Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

0 1  032

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығының кепілі – бұқаралық спортты дамытуға жиі көңіл бөліп келеді. Президент өткен жылы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға тоқталып, бірқатар маңызды тапсырма берген болатын.

– Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз. Спорт ғимараттарының басым бөлігі мемлекет меншігінде. Оларды күтіп ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді.
Спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажет. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану керек. Бұқаралық спортты дамытуға тұрғындардың ынта білдіріп, белсенді атсалысуы маңызды. Мемлекет бұған барлық жағдайды жасауға тиіс. Бұқаралық спортты дамытуға өз қаражатын салатын кәсіпкерлер мен басқа да азаматтар салауатты өмір салтын насихаттауға көмектеседі, олар алдағы уақытта ең жоғары мемлекеттік наградаларға ие болады.

– Жалпы бұл саладағы жұмыста көзбояушылық пен әміршілдік-әкімшілдік тәсілден бас тарту қажет. Үкімет пен әкімдіктер тиісті бағдарлама әзірлеп, шешім қабылдаған кезде осының бәрін ескеруге тиіс, – деді Президент.
Бұқаралық спортты дамыту бойынша шаһарымызда да бірқатар жұмыс атқарылуда. Айталық, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жыл басынан Тараз қаласы әкімдігі тарапынан 151 спорттық іс-шара өткізіліп, оған жалпы саны 10 917 адам қатысқан болатын. Сонымен бірге қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты 35 спорттық алаңша жүйелі түрде тегін жұмыс атқарып, 8 420 баланы қамтуда. Қазіргі таңда қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 17 4927 адам, яғни қаладағы жалпы халық санынан 40,5 пайызы шұғылдануда. Бүгінгі таңда қала тұрғындарының спортпен жүйелі түрде айналысуы үшін қалада жалпы қолжетімді 665 спорт нысаны жұмыс істейді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағдайды жасау керек. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымының кезең-кезеңімен құрылуын қамтамасыз етуі тиіс», – деген болатын. Президент тапсырмасынан кейін бұқаралық және балалар спортын дамыту мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауына алынып, бұқаралық және балалар спортымен айналысудың қолжетімділігін арттыру үшін халықтың спортпен шұғылдануын кемінде 35% нәтижеге жеткізу міндеті жүктелген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ағымдағы жылы «Құмшағал» алқабындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Аталған спорт кешен ішінен Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығы клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылған болатын. Қазіргі таңда спорт клубында 6 спорт түрі бойынша 7 жаттықтырушы 504 болашақ чемпионды дайындауда.
Бәрімізге мәлім, өңіріміз еліміздегі спортшылардың ұстаханасы саналады. Сөзімізге грек-рим күресінің балуаны, Халықаралық спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров, қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы Бейбіт Ыстыбаев, 2004 жылғы Грекияның Афины қаласында өткен Олимпиадада бокстан 69 келі салмақ арасындағы жарыс чемпионы Бақтияр Артаев және күні кеше Париж төрінде өтіп жатқан Жазғы Олимпиада ойындарының алғашқы күні 60 келі салмақтағы дзюдодан бәсекелестерінен басым түсіп, Алаш жұрты 44 жыл күткен алтынды елге алып келген Елдос Сметов дәлел. Дәл осындай болашақ бозкілем шеберлері мен шаршы алаңның жұлдыздары балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығы клубында өсіп келеді. Мәселен, биылғы жарты жылдың өзінде 48 спортшысы кикбоксинг, бокс және қазақ күресі спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанды. Сондай-ақ Ақмола облысы, Көкшетау қаласында өткен кикбоксингтен 2010-2011, 2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында осы клубтың спортшылары Тоқтахмет Айжан мен Лазерев Юрий күміс жүлдені қанжығаласа, Ордабай Кенжебек және Сәрсенбек Сұңқар қолаға қол жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жастардың денсаулығын жақсарту үшін дамыған және қолжетімді спорт инфрақұрылымының болуы маңызды екенін атап өтіп: «Жалпы көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақша күрес, тағы басқа. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді», – деген болатын. Президент атап өткен мәселеге азаматтарымыз да өз үлесін қосуда. Мәселен, өткен жылы демеушілер тарапынан облыс орталығында жеке қаражат есебінен 10 жаңа спорт нысаны салынды. Атап айтқанда, 4 баскетбол алаңы және 1 стрит воркаут «Ұлы дала» шағынауданында бой көтерсе, Абай даңғылы, №123 үйдің ауласында көше тренажерлары мен воркаут алаңы салынды. Сонымен бірге 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Қаратау» шағынауданында балалар футболын дамыту қоғамдық қорының қаражаты есебінен №29, 30, 31, 33 үйлердің ауласында шағын футбол алаңының ашылуы өтсе, Пушкин көшесі, №157 мекенжайында орналасқан «Жаңажай» тұрғын үй кешені ауласында шағын футбол алаңы мен стрит воркаут алаңы мен «Талас» шағынауданы, №28 «В» мекенжайындағы «Khan» фитнес клубы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар қалалық бюджет қаражаты есебінен шаһардағы 5 аулада кіші футбол алаңдары салынды. Атап айтқанда, «Ұлы дала» шағынауданында және №35 үйдің, Менделеев көшесінің 3-бұрылысы №13 үйдің, Қапал көшесінің 4-бұрылысы №2 «Б» үйдің аулаларында, сонымен бірге Ниетқалиев көшесі №9, Өзбек көшесінің 3-бұрылысында футбол алаңы бой көтерді.
Сондай-ақ ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен Лукманов көшесінің бойы, «Солнечный», «Химик», «Ветеран», «Бурыл», «Қайнар» алқаптары, «Қарасу» және «Самал» мөлтекаудандарында салынуы жоспарланған 9 кіші футбол алаңшаларының 8-нің құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Сонымен бірге бүгінгі күнде облыс орталығында «Тараз Смер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаражаты есебінен «Ұлы дала» шағынауданында, «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаражаты есебінен «Қарасу» шағынауданындағы №21, 22 «А» үйлерінің ауласында кіші футбол алаңшасы салынды. Сонымен қатар Нұрмағамбетов көшесі №12/1 мекенжайы бойынша 130 шаршы метр бокс залы ашылды.
Әрі осы жылы қала аумағындағы 14 спорт алаңшасына қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған болатын. Оның 4 қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі, 6 қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, 1 қалалық тұрғын үй инспекциясы тарапынан және 3 облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолға алынып отыр.
Бүгінде кіші футбол алаңшаларының ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша облыстық қаражат есебінен Прибалхашская және Қостанай көшелерінің қиылысы, №21 ОМ маңында 1 алаңшаның және қалалық қаражат есебінен «Аса» ықшамауданындағы №19 үйдің ауласы, «Астана» ықшамауданындағы №23/26 үйлерінің ауласы, Қазыбек би көшесіндегі №143 үйдің ауласы, Төле би көшесі №31 «А» үйдің ауласы қатарлы мекенжайларда 4 кіші футбол алаңшасын қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары басталды.
Жалпы спорт саласы бойынша жыл басынан Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының 2014 жылғы 29 шілдедегі №300 бұйрығымен бекітілген «Спорттық атақтар, разрядтар және біліктілік санаттарын беру қағидаларына, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы 2014 жылғы 28 қазанындағы №56 бұйрығының Спорттық атақтарды, разрядтарды және біліктілік санаттарын беру нормалары мен талаптарына сәйкес «2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, 1-жасөспірімдік разрядты спортшы, 2-жасөспірімдік разрядты спортшы, 3-жасөспірімдік разрядты спортшы спорттық разрядтарын және біліктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, біліктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, біліктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, біліктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, біліктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты нұсқаушы-спортшы, спорт төрешiсi біліктілік санаттарын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес, 134 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қала тұрғындарының жүйелі түрде дене шынықтырумен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін жыл сайын жаңа спорт нысандарының қатары қөбейіп келеді. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен қаладағы ықшамаудандарда, шалғай алқаптар мен саябақтарда спорт алаңшаларының ашылып жатқаны да жұртшылықтың көз алдында. Соның нәтижесінде аймақтың ғана емес, күллі еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жамбылдық жампоздардың қатары артып келеді. Алдағы күндерде бұл жұмыс өз жалғасын таба бермек.

Оксана Борисюк,
Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.