Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Бұқаралық спорт – берекелі болашақтың бастауы

0 69

Соңғы жылдары елімізде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Халықтың салауатты өмір салтын ұстануы, спортпен жүйелі түрде шұғылдануы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.

Бұл игі бастамадан Тараз қаласы да қалыс қалып отырған жоқ. Керісінше көне шаһар бүгінде бұқаралық спорттың дамуы жолында нақты нәтижелерге қол жеткізіп, көпке үлгі боларлық жұмыстар атқарып келеді. Бүгінде облыс орталығында жалпы саны 595 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 459-ы – мемлекеттік, 136-сы – жекеменшік, ал 258 спорт нысаны білім беру мекемелерінде орналасқан. Бұл жалпы спорт нысандарының 43,4 пайызын құрайды. Спорт инфрақұрылымының басым бөлігі Әулиеата ауданында шоғырланған. Мұнда 410 спорт нысаны болса, Жібек жолы ауданында 185 спорт нысаны бар.

Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюктің айтуынша, бұл көрсеткіштер қаланың барлық аумағында спортқа қолжетімділік қамтамасыз етіліп отырғанын аңғартады.

– Қала аумағында спорт кешендері, стадиондар, футбол алаңдары, жүзу бассейндері, атқыштар тирі, теннис корттары, ипподром және жүздеген ашық спорт алаңшалары жұмыс істейді. Әсіресе аула спортына ерекше мән беріліп отыр. 2025 жылы бюджет қаражаты есебінен 11 шағын футбол алаңшасының құрылысы басталып, олардың 5-еуі Әулиеата ауданында, 6-ауы Жібек жолы ауданында орналасқан. Бұған қоса бюджеттен тыс қаражат есебінен 13 ауладағы шағын футбол алаңшасы салынды. Бұл тұрғын үйлердің ауласында балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар 2025 жылы қала бюджеті есебінен 12 шағын футбол алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алаңшаларда жарықтандыру орнатылып, қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Ал 2026 жылға 7 шағын футбол алаңшасын жөндеу үшін 146 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар аула спортын жүйелі түрде дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып саналады, – деген Оксана Борисюк қазіргі таңда Тараз қаласында 140 street workout алаңшасы жұмыс істейтінін жеткізді.

Оның ішінде 25 алаңша 2025 жылы салынған. Бұл ашық жаттығу аймақтары жастармен қатар ересек тұрғындар арасында да үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге жеке инвестиция есебінен Жамбыл даңғылы бойында өлшемі 25х12 метр болатын «GALAM SU» жүзу бассейні пайдалануға берілді.

Шаһарда бұқаралық спортты дамытумен қатар ірі спорт нысандарының құрылысына да басымдық берілуде. 2025 жылы «Ұлы дала» (15) шағынауданында құны 1,6 млрд теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл кешеннің құрылысына 2025 жылы 386 млн теңге бөлініп, 2026-2027 жылдары қосымша қаржы қарастырылған. Құрылысты 2027 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа кешен қаланың жаңа тұрғын аудандарын спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге зор үлес қоспақ.

Сала мамандарының сөзінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша шаһарда спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар саны 204 966 адамға жетіп, бұл қала халқының 42 пайызын құраған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Әсіресе мектеп жасындағы балалар мен жастардың спортқа тартылуы жоғары деңгейде. Мектеп жасындағы балалардың қамтылуы – 66,8 пайызды, жастардың қамтылуы 66,2 пайызды құрап отыр. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды спортпен қамту көрсеткіші де тұрақты өсіп, 22,6 пайызға жеткен.

Қала аумағында бүгінде спорттың 66 түрі дамып келеді. Оның ішінде 27 олимпиадалық, 28 олимпиадалық емес және 11 ұлттық спорт түрі бар. Ұлттық спортты дамыту бағытында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, асық ату, садақ ату, аударыспақ секілді спорт түрлерінен қалалық жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын көктемде ересектер арасында «Қазақстан барысы» қалалық іріктеу турнирі, ал күзде жастар арасында «Жас барыс» турнирі өткізіледі.

Сонымен қатар қалада жүгіру марафондары, велошерулер, аула лигалары, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорттық жарыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

– Өткен жылы облыс орталығында әртүрлі деңгейдегі 671 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, оған 84 мыңнан астам адам қатысты. Қала әкімінің кубогы үшін аула командалары арасында шағын футболдан өткен жарыстар, көше ойындары чемпионаты, дәстүрлі көктемгі және күзгі кросстар, президенттік миля, әуесқой футбол клубтары арасындағы жарыстар тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті.

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған спорттық клубта 360 адам 16 спорт түрі бойынша тұрақты түрде жаттығады. Мұнда 30-дан астам жаттықтырушы еңбек етеді. Сонымен қатар ардагерлер арасында волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, шағын футбол секілді жарыстар ұйымдастырылып, белсенді өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде. Отбасылық спортты дамыту мақсатында «Әке, ана және мен – спорттық отбасы» атты жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді, – дейді О.Борисюк.

Сонымен қатар бұқаралық спорт өркендету мақсатында аталмыш салаға бөлінетін қаржы көлемі де жылдан-жылға ұлғайып отыр. Айталық 2025 жылы шақардың спортты дамытуға 747,1 млн теңге бөлінді. Оның 521,1 млн теңгесі бұқаралық спортты дамытуға бағытталды. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан.

Қорыта айтқанда, 2025 жылы Тараз қаласында бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар нақты нәтижесін беріп, спорт инфрақұрылымы кеңейтілді, тұрғындарды қамту көрсеткіші артты, ал спорт қала өмірінің ажырамас бөлігіне айнала түсті. Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жүйелі түрде жалғасын табады. 

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.