Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Азық-түлік бағасы күнделікті бақылауда болуы қажет»

0 1  154

Апта басында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте шаһар бюджетінің игерілуі мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.

Жиында ең әуелі қала әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков сөз алып, шаһар бюджетінің кіріс бөлігі 101,3 пайызды құрайтынын баян етті.
– 2023 жылдың 1 қаңтарына Тараз қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы 101,3 пайызды құрайды. Есепті кезеңге жоспар 73 720,9 миллион теңге болса, орындалуы 74 669,9 миллион немесе 949,0 миллион теңгеге артығымен орындалу күтілуде. Оның ішінде өзіндік кірістер 103,2 пайызды межелейді деп болжануда.
Ағымдағы жылдың 19 желтоқсанына қала бюджетінің шығыс бөлігінің игерілуі 90,6 пайыз болса, 9 238,6 миллион теңгенің игерілмеуі қалыптасып отыр, – деді Жеңіс Қуанышұлы.
Өз кезегінде қала әкімі Бақытжан Орынбеков игерілмеу қаупі туындап отырған бөлім басшыларынан жеке-жеке жауап алып, жыл соңына дейін қаралған қаржыны толықтай игеруді тапсырды.
Келесі кезекте қала әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алтай Айдынның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары туралы баяндамасы тыңдалды. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда қала аумағындағы 635-тен аса азық-түлік тауарларын сататын сауда дүкендері жұмыс істеп тұрса, қала әкімінің хаттамалық тапсырмасына сай барлық сауда дүкендерінде бағаға қатысты зерделеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ тауарлардың үстеме бағасын 15 пайыздан асырмау туралы хабарлама хаттары таратылған. Десе де, 103 дүкен иесіне ескерту парақшасы беріліп, бағаны негізсіз өсірмеу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұл бағыттағы зерделеу жұмыстары 30 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.
Жиында қала әкімі азық-түлік бағаларының тізбегін жасап, бағаның құбылуын күнделікті енгізіп тұруды ұсынды. Осылайша Бақытжан Әмірбекұлы баға тәуліктік бақылауда болуы қажеттігін жауапты мамандарға қатаң ескертті.
Аппараттық кеңесте бұдан бөлек, жылыту маусымына дайындық барысы, мектеп оқушыларының тасымалы, жол құрылысы сынды мәселелер де қаралып, тиісті мамандарға нақты міндеттер жүктелді.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.