Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазіргі заманның даулы діни мәселелері

0 399

Қазіргі алмағайып заманда теріс діни ағым өкілдері – қоғамымызға түскен ең үлкен дақ. Жастарымыз- ды адастырып, бойларына тек соқыр сенім мен діни фанатизмді қалыптастаруды көздеуде.

Діни фанатизм қоғам үшін үлкен дерт екені анық. Яғни діни ағымның мүшелері өздерінің діни шейх, пірлері қандай нұсқаулық берсе, соны орындайды. Жат ағым өкілдері неліктен зайырлық терминіне қарсы? Зайырлы мемлекетте ең алдымен қымбат қазына – ол адам және адамның өмірі, конституция заңымен бекітіліп көрсетілген. Ал жат ағым өкілдері адамды тұлға ретінде дамытпай, білім, ғылымға деген сүйіспеншілігін өшіріп, өз мүдделеріне пайдаланады. Көбінесе мұндай жат ағымға тек қана діни сауатсыздықтан ғана емес, рухани азғындыққа ұшыраған азаматтар кіреді.
Жат ағым өкілдері «Мазхаб» ұғымының да мағынасын толық түсінбеген. Ханафи мазхабын Исламға жат нәрсе ретінде көріп бидғат ретінде ұсынғысы келеді. Олардың пікірінше, мазхабты ұстанбай, тек қана Құран мен хадис, сүннет талаптарын ғана ұстану керек. Мазхаб бұрын Пайғамбар кезеңінде болмаған, бұл дегеніміз бидғат деп басқа сенушілерімізді адастыруда. Тек тікелей Құран және хадиспен амал ету үшін Имам Әбу Ханифа сияқты ғалым мужтахид деңгейіне жетуі керек. Ұлы мужтахид ғалымдарының пікірлеріне назар аудармайтын және өз бетінше әрекет ететін сенуші өте оңай адасып, басқалардың адасуына себеп болуы мүмкін. Мазхаб имамдары Құран мен сүннетке сүйене отырып, Алла Тағаланың тура жолына жетудің ең оңай және ыңғайлы жолын көрсетті. Сондықтан Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін сахабалар мен табииндер, ғалымдарға және Пайғамбардың серіктестері арасында терең білім иесіне жүгінді. Құранда Алла Тағаланың өзі сенушілерге білімді, ғалымдарға жүгінуді бұйырды: «Егер сіз білмесеңіз, шынайы ілім иелерінен сұраң-дар!» – делінген («Нахыл» сүресі, 43 аят).
Ислам дінінде «ұстаз, тәлімгер, мұғалім» деген ұғым бар. Егер білімді адамға мұқтаж болмаса, онда әрбір сенуші тәлімгерсіз-ақ өз талабымен дінді игеретін еді. Сондықтан Алла Тағала дінді өз елшілері ақылы адамзатқа түсіндіріп отырды, ал біздің Пайғамбарымыз осындай тәлімгерлердің бірі болды. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін тәлімгерлердің рөлін сахабалар, табиғиндар және атбағұт-табиғиндар арасынан шыққан ғалымдар атқарды. Мазхабтардың негізін қалаушылардың басты еңбегінің бірі – Құран мен Сүннеттің талаптарын жүйелеу.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеп – қазақ мұсылмандық мәдениетін жоққа шығару және мансұқтау үрдісі бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Ислам дінімен қатар түркілік заманнан қалған әдет-ғұрыптар шариғатқа қайшы келетін тәңірлік сенімнен қалған ырым-тыйымдардың көпшілігінің ғұрыптық жағы ғана бұрынғыша сақталып, сенімдік жағы, мазмұны мүлде өзгеріп кеткенін көбісі түсіне бермейді. Қазақи діни дүниетанымды өз бойларына сіңіре алмағандықтан және әртүрлі мұсылман мемлекетінен діни білім алып, солардың діни сенімін, діни танымын, діни тәжірибесін бойларына сіңіргендіктен, қазір мұсылмандардың басы бір қазанға cыйыспайтын болды. Мұндай дертпен күресудің жолы ұрпақтарымыздың асыл тектілігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды, бабадан қалған қазыналы әдет-ғұрпымызды бойына сіңіріп өсірсе, келешекте жастарымыз мұндай ағымдардың жетегіне ермейтіні анық.

Аягөз ЕСЕН,
дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.