Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазіргі қазақ анасы – қоғам мен мемлекеттің көркі

0 254

Бір шаңырақ келінсіз көтерілмей,
Бір кереге келінсіз керілмеді-ау! – деген өлең жолдарынан байқайтынымыз, әйелсіз қай үйдің түтіні түзу шыққан? Қай үйде береке болған? Қай үйде жылу болған?

Міне, осы сұрақтардың төңірегінде ойланатын болсақ, әйелсіз қоғам мен мемлекет те көріксіз деп айта аламыз. Демек, әйел қауымы мейлі саясатпен, бизнеспен немесе өзге де мәселелермен айналыссын, бірақ отбасындағы орнын еш уақытта ұмытпағаны жөн. Өйткені ана – ақылшы, тәрбиеші, отбасының берекесі.
Қазақстандағы отбасы құндылықтарын сақтау және оны өрбітуде әйел адамның орнын ешкім алмастыра алмақ емес. Сол себепті олардың бала тәрбиесінде, отбасын дамытудағы мәні жөнінде ежіктеп жатудың өзі артық.
Міне, осы әйел – ұлтымыздың санын ғана емес, бесік жырымен-ақ сапасын да арттырып, ұлтты сүюге жетейлейтін ғажайып күш болғаны анық.
Сонау қиын-қыстау жылдарда елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі өлшеусіз екенін барша жұрт мойындайды. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшеленіп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде.
Отбасы, бала тәрбиесі өз алдына, қазір қарым-қабілеті бар әйелдердің жолы ашылған заман. Мемлекет білімді, білікті нәзік жандарға үлкен қолдау көрсетуде. Осы жайлы ойды өзінің заманында Шоқан Уәлиханов та айтып кеткен еді. «Адамшылықтың негізі – әйел» деген тырнақалды шығармасын мен әр кезде айтып жүремін. Олай дейтініміз, адамдықтың түп-тамыры әйелден басталатыны анық. Балаға анасынан жұғатын ізгілік пен имандылық болса, жаман әдеттер де анадан жұғады. Бұл ғылыми дәлелденген.
Бұған ғалым С.Ғаббасовтың еңбегі дәлел. Адам баласы ана құрсағында жатқанда 80 пайыз дамуды анадан алатыны жайлы айтқан. Осы ана құрсағында жатып, баланың 12 каналы ашылады екен. Міне, сондықтан бүгінгі әйел балаға тәрбие беру үшін де көп оқуы, көп ізденуі керек. Бір сөзбен айтқанда, заманның талабына сай болуға тиіс.
Әйелдер елімізде болып жатқан барлық қоғамдық-саяси өзгерістерге, халықаралық-дипломатиялық жұмыстарға, қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отыр. Олар бар күш-жігерлерін аямай ерлермен бірге өз мемлекеті – болашаққа қадам басқан, азат та жарқын Қазақстан үшін аянбай еңбек етуде.
Атап айтсақ, Тараз қалалық ардагерлер жанынан құрылған «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымының мүшелері кезінде осындай қоғам үшін жанын да, уақытын да аямай еңбек еткен ардагер аналардан тұрады. Айта кетсек, экономист, заңгер, педагог, дәрігер, кітапханашы, жеке кәсіпкер, әнші, бухгалтер және өзге де маман иелерінен құралған. Міне, осы аналар зейнетке шықса да, ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамай, өз үлестерін қосуда. Мысалы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының студенттерімен «Жаңа Қазақстандағы қазақ қызының келбеті» тақырыбында вебинар семинар өткізілді. Семинарға студенттер мен оқытушылар, онлайн режимде теолог, практик-психологтар, Аналар алқасының мүшелері қатысып, кеңейтілген пікір-сұхбат болды. Бұл семинарда кешегі қазақ қыздарының бойына сіңірген асыл қасиеттерін өшірмеу біздің қолымызда.
Қазір шаңырақ көтеріп, араға жыл салмай ажырасып жатқандарды жиі кездестіреміз. Мұның басты себебі – әйелдің ер адаммен теңдікке ұмтылуы. Статистикаға сүйенсек, некенің 30 пайызы алғашқы жылы, 20 пайызы бес жылға жетпей бұзылады екен. Сонда 50 пайыз отбасы жойылады. Мұндай жағдайды қалай тоқтата аламыз? Айналып келгенде, барлығы тәрбиеге байланысты. Отбасы, ошақ қасында ер адамның басшы екенін санасына құйып өскен бүлдіршін өскенде ибалығы мен биязы мінезінен айырылмайды, мансаптық билікке ұмтылса да, үйдегі билікке таласпайтын болады. Осы орайда университет ұстаздарының студент қыздармен жүргізген эксперименттік сұхбаттары бойынша қорытындылар жасалды. Студент қыздарымыз бүгінгі қазақ қызының моделін жасауда өз қызығушылықтарын білдірді.
Сонымен қатар Аналар алқасының ұйымдастыруымен «Есті ене мен көргенді келін» атты қалалық байқауы өткізілді. Бұл байқаудың бір ерекшелігі – ықылым замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы ғасырдан ғасырға жетіп отырған ене мен келін институтын дәріптеуі. Ене мен келін арасындағы дәстүрді жалғастыру мақсатында бір отбасындағы енелер мен келіндердің қарым-қатынасын үлгі ретінде көрсету де байқаудың басты мақсаты болды.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» атты қалалық әжелер байқауы да ұлылардың ұлы болуына ықылым замандардан бері ұрпақ сабақтастығы арқылы ғасырдан-ғасырға жетіп отырған отбасындағы тәрбиеде әжелердің орны ерен екенін айғақтауды көздейді. Бір шаңырақтың астында немере-шөберелерімен бірге тұрып жатқан әжелерді насихаттауды мұрат етеді.
Биыл алғаш рет қалалық «Қыздарға әсемдік жарасады» атты бұрымды қыздар байқауына қаладан 50 шақты өтінім келіп түсті. Солардың ішінен 13 қызды іріктеуден өткіздік. Осындай алмағайып заманда ата жолынан, ана дәстүрінен безінбей, болашақ ұрпаққа табыстауға болатын қолаң шаштың қадір-қасиетін жоғалтпау әрбір қазақ қызының парызы екенін ұмыттырмау мақсатында осы байқауды қолға алдық. Ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, қазіргі жастарға текті халықтың ұрпағы екенімізді ұмыттырмау, бабалар салған дара жол – ата дәстүрімізді, салт-санамызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, тарихымызды, тіліміз бен дінімізді насихаттау. Мұның төңірегінде Тараз қалалық аналар алқасының бүгінгі күнде атқарып жатқан жұмысы ерен.
Қорыта айтсақ, Шәкәрім: «Суарылмаған жерге егін шықпайтыны сияқты, насихат айтылмаған халық түзелмейді», – деген. Әркім өз қара басын ойламай, халықты ойлауы керек. «Бүгінгінің кішісі – ертеңгінің кісісі» дегенді есте сақтайық.

Жанат САРЫБЕКОВА,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы
Аналар алқасының төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.