Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ажал апаны»

Кәріз қақпақтарын ұрлаушыларды аямай жазалау керек

0 671

Өркениетті елдер ғаламдық мәселелерді шешуге атсалысып жатса, біз әлі күнге дейін кәріз қақпақтарына бас қатырумен келеміз. Қалыптасқан жағдайға біржақты қарап, шаруаның барлығын тек жауаптыларға ысыра салуға да болмас. Бұған жергілікті тұрғындар таңғалудан қалды. Не десек те сонау егемендік алған тұстан бері кәріз қақпақтарын орнатудың тиімді әдісі табылмағаны кім-кімді болса да толғандырмай қоймайды.

Біз қаладағы кейбір қараусыз қалған кәріз құдықтарын тұрғындар шама-шарқы келгенше қолда бар дүниемен бекітіп сарсаңға түсетіні жайында жиі естіп жүрміз. Мұның да жөні бар, себебі ашық тұрған құдыққа ойын баласын айтпағанда аңдамаса ересектердің өзі түсіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдай еліміздің бірнеше қаласында тіркелген. Тіпті арты қайғылы аяқталған оқиғалар да жоқ емес. Ал құдықта улы газ жиылған болса, оған түскен адамның дін аман шығуы екіталай. Қалыптасқан жағдай белгілі, кәріз желісіне жауапты мекемелер құдықты бекіткенімен, оны ұры-қарылар қолды қылуда. Мысалы былтыр №15 ықшам ауданданда бой көтерген үйлердің инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелері жүргізіліп жатқанда бір күнде қойылған жүздеген қақпақпақты ертесіне ешкім таба алмаған еді. Өкініштісі, бұл оқиға еш жерде жарияланбай, жабулы қазан күйінде қалған. Ұрылардың әрекетін жергілікті полиция қызметкері аңдамағанына қайран қаласың. Қанша жерден әккі болса да ұрының сол маңдағы қарауыл немесе өткіншілердің көзіне түспегені әлі күнге дейін жұмбақ. Қош, сол оқиғадан кейін де бір жыл өтіпті. Ал қаладағы кәріз құдықтарының қазіргі жағдайы қандай? Біз осы сұрақтың жауабын анықтау үшін қала көшелерін аралап, құдықтың жағдайын көзбен көріп қайттық. Сонымен біз бағыт бұрған «Салтанат» ықшам ауданындағы №25, №26 үйдің маңындағы кәріз қақпағын байқамау мүмкін болмады. Себебі онда қақпақтың орнына үлкен тас қойылған. Құдықты бекітетін жауапты мекеменің тапқан амалы осы болыпты. Енді сол тасқа біреу-міреу байқамай шалынып, балалар үстіне шығып жүрмесе болғаны. Жауаптылар №30 үйдің маңындағы екі бірдей кәріз қақпағы ұры қарының қолында кетпеу үшін айлаға басқандай. Құдықтың бірі екі бетонмен жабылса, екіншісінде темір қақпақтың үстіне қосымша тағы бетоннан құйылған қақпақ қойылған. №4 үйдің қасындағы құдықтың жайы осыған ұқсас. Кімнің ойына келгені белгісіз, бірақ, құдық бордюрмен жабылған. Дәл сол үйдің алдындағы тағы бір шұңқыр жолдың деңгейінен шамамен 10 сантиметр төмен. Ал осы ойдым жердің үй алдынан өтуге ниеттенген қанша жүргізушінің көлігін зақымданғаны белгісіз. Мұнда жаңбыр жауса су жиналып, қыста қар түскенде беті жабылатыны айтпаса да түсінікті. «Салтанат» ықшам ауданындағы №10 үйдің артындағы құдық ағашпен жабылған. Жай ағаш болса көңілге қонымды еді, бірақ ұзындығы шамамамен 3-4 метрден кем болмайтын тұтас ағаштың тұрғаны таңқалдырды. Оның өзі құдықты толық жаппай, ернеуіне ілініп тұр. Қас қарайғанда жаяу жүргіншілер ағашқа шалынып, жарақат алуы бек мүмкін. Бұған тіпті «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің жұмысшылары да көз жұмып отыр. Әрине, қаладағы құдықтарды қауіпсіздік үшін уақытша түрлі затпен бекіту дұрыс-ақ. Бірақ, сол шұңқырды уақытша екен деп кез келген затпен жабу қаншалықты дұрыс? Көзге ебедейсіз көрінетінін былай қойғанда, мұндайда құдықтан келетін қауіп керісінше артып жүрмей ме, деген сауал туады. Бір ғана шағын ауданда осындай бірнеше орынның бар екенін ескерсек, оның барлығын кәріз құдығына жауапты мекеме жуық арада жаппайтыны анық.
Қаладағы автомобиль жолдарында ашық-шашық жатқан құдықтар аз емес. Қойгелді мен Бейбітшілік көшесінің қиылысында екі бірдей кәріз құдығы қақпақсыз қалған. Бірі көліктің доңғалағымен жабылса, екіншісінде тіпті ол да жоқ. Сол маңға жақын жолдың жиегіндегі құдық та ашық жатыр. Қойгелді мен Сәтбаев көшесінің қиылысындағы екі құдық жолдан 10-15 сантиметрге биік тұр. Сыпатай батыр мен Төле би көшесінің қиылысындағы құдық 10 сантиметрге төмен. Бұған енді кімді кінәлап, кімнен жауап аламыз?

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.