Қалалық қоғамдық-саяси газет

Азаматтық қоғамға айрықша қолдау

0 386

Елімізде 2003 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырып келе жатқан Азаматтық форум биыл Жамбыл облысында өтті.

«Мемлекет. Қоғам. Әділетті Қазақстанды құрудағы әріптестік» тақырыбында ұйымдастырылған ХІ азаматтық форумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен еліміздің 8 өңірінен келген ішкі саясат басқармасының өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Пленарлық отырыста сөз алған аймақ басшысы өңірде Үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, форум қатысушыларына сәттілік тіледі.
-Аталған форум аясында үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдарды біріктіру «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылатынына сенім мол.
Азаматтық қоғам – өзіндік ой-пікірлері мен бағыты айқындалған, қызметін заң аясында жүзеге асыратын пәрменді институт екені белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет, – деді.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуындағы алғышарттардың бірі азаматтық қоғамның белсенділігінің нәтижесі.
Соңғы жылдары қоғамдық маңызды мәселелер аясында өңірлерде волонтерлік ұйымдар, қайырымдылық және қоғамдық қорлар, адам құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер, жергілікті қауымдастық, қоғамдық кеңестер жұмыс атқара бастады, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Жалпы елімізде 23 335 үкіметтік емес ұйым бар, оның 878 Жамбыл облысында тіркелген.
Жиын барысында елімізде азаматтық сектор жұмысының даму барысын, қоғамдағы ашық диалогтың қалыптасуы турасында Мәдениет және ақпарат вице-министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров мәлімдеді.
Бәріміздің ортақ үйіміз мемлекетіміздің нық қадам басып, өркендеуі үшін азаматтық қоғам белсенді болуы керегін тілге тиек еткен Республикалық Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева үкіметтік емес ұйымдарға міндеттелер жауапкершілік жоғары екеніне тоқталды.
Іс-шара соңында облыста жиырма жылдан астам уақыт қоғамдық бірлестіктің жұмысын үзбей жүрген өңірдің бірқатар үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталары, Жамбыл облысы әкімінің, Қазақстанның Азаматтық альянсының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Үкіметтік емес бірлестіктердің қоғамдағы рөлін талқылау панельдік секциялар барысында жалғасты.
Айта кету керек, бұл күні ірі кәсіпорындармен меморандумға қол қою рәсімі де өтті.

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.