Қалалық қоғамдық-саяси газет

Азаматтардың құқығын қорғау – басты назарда

0 1  552

Қазақстан Республикасы Конституциясының ең маңызды және алғашқы бабында: «Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – делінген. Сондықтан адамның құқықтары мен бос- тандықтарын жан-жақты қорғау – біздің мемлекетіміздің басты функциясы, ең бірінші мақсаты.

Бұл орайда, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам болып белгіленген.
2022 жылы маусым айында бүкілхалықтық референдум өткізіліп, еліміздің Ата Заңы Конституцияға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістердің ішінде Конституцияға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы арнайы 83-1 бабы енгізіліп, уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметі Конституциялық заңмен айқындалады деп көрсетілді. Осыған сәйкес, 2022 жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңға қол қойды.
Конституциялық заңға сәйкес, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар бере алады.
Сонымен қатар Уәкіл адам және азаматтың негізгі құқықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің Ата Заңға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Уәкілге мұндай құқықтардың берілуі адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға мемлекеттік кепілдікті қамтамасыз ету тиімділігін арттырады.
Уәкіл қызметінің міндеттеріне адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, ҚР нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал ету жатады.
Азаматтар өздерінің немесе өзге адамдардың ҚР Конституциясымен, заңнамалық актілерімен және халықаралық шарттарымен кепілдік берілген құқықтарының бұзылуына әкеп соққан лауазымды адамдар мен ұйымдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағыммен жүгіне алады. Яғни Уәкіл және оның өкілдері Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке өздері немесе өкілдері арқылы берген шағымдарын өз құзыреті шегінде қарайды.
Жылдан-жылға Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жолданған жүгінулер саны артуда. Мәселен, 2023 жылы 5 773 арыз-шағым түскен, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге, ал 2021 жылмен салыстырғанда үш есе дерлік көп.
Өткен жылы Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Жамбыл облысы бойынша өкілдігіне 291 арыз-шағым түссе, 2024 жылдың 6 айында 135 арыз-шағым түсті. Өкілдік өтініштерді қарау барысында мемлекеттік органдарға 127 сұраныс хат және 25 өтінішхаттар мен ұсынымдар жолдады.
Нәтижесінде, 7 тұлға тәртіптік, 1 тұлға әкімшілік жазаға тартылса, 1 тұлғаға қылмыстық іс қозғалды. 44 шағым қанағаттандырылды, 72 өтінішке тиісті түсіндірмелер берілді, 4-і құзырлы органдарға жолданды.
2024 жылдың 6 айында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі 190 адамды жеке қабылдады. Қабылдауда болғандардың 51-і ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп отырған сотталғандар, 33-і тергеу изоляторында қамауда отырған күдіктілер.
2024 жылдың 6 айында Омбудсмен өкілі арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны орындауға арналған 33 мекемеге алдын ала барды. Оның 4-і Жамбыл облысы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмыс тобымен, 8-і Ұлттық алдын алу тетігінің өңірлік қатысушылар тобымен бірлесе жүргізілді.
Аталған шаралардың нәтижелері бойынша, адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануы тиіс шараларға қатысты Өкілдік тарапынан 84 ұсыным жолданды. Берілген ұсынымдардың 68-і орындалып, мекемелердің 11 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, 2 қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту және бұл жұмысқа қоғам өкілдерін тарту мақсатында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілінің жанында Сараптамалық кеңес құрылды.
Сараптамалық кеңестің құрамына адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс тәжірибесі бар адамдар, азаматтық белсенділер, өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді.
Сараптамалық кеңестің мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын, олардың сақталуы мен құрметтелуін қамтамасыз етуге жәрдемдесу.
Сараптамалық кеңестің негізгі міндеттері – аймақтағы адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау саласындағы жағдайды талдау, зерттеулер жүргізу және өңірдегі адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау саласындағы ықтимал проблемалық бағыттар туралы Уәкілдің өкіліне хабардар ету.
Ағымдағы жылдың 23 тамызында Сараптамалық кеңестің алғашқы отырысы өткізіліп, аймақтағы адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау саласында талданатын және зерделенетін бағыттар талқыланды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы адамдардың құқықтарының сақталуы назарға алынып, алдағы уақытта осы бағытта жұмыс атқару жоспарланды.

Берікбол Байхожаев,
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.