Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қазақ-Қырғыз қатынасының көкжиегі кеңейді

0 167

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын «Манас» халықаралық әуежайында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өзі арнайы қарсы алды.

Президенттің көршілес елге ресми сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден басталды. Мұнда Отанына әр кезеңде қалтқысыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репрессия құрбандары жерленген. Кешенге «Ата бейіт» атауын жазушы Шыңғыс Айтматов ұсынған.
Мемлекет басшысы мемориалдық кешен аумағындағы 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат етіп, қаламгердің рухына Құран бағыштады.
Сапары аясында Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Келіссөзге дейін «Ынтымақ Ордо» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Президенттер бір-бірімен амандасқаннан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров сап түзеген сарбаздардың алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары ресми делегация мүшелерін таныстырып, келіссөз залына барды.
Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
– Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ өңіраралық байланыстарды дамытып жатырмыз. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақтастық орнаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосқанына назар аударды.
– Мен мұны жоғары бағалаймын. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Қырғызстанда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Сіз халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамаларды жүзеге асырып келесіз. Ел экономикасының жыл басынан бері 11,7 пайызға өсуі – осының айқын дәлелі. Біз бауырлас елдің барлық жетістіктеріне қуанамыз. Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Садыр Жапаров та өз кезегінде шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын жеткізді.
– Сізді Қырғызстанда көрнекті мемлекет қайраткері және халықаралық деңгейдегі тәжірибелі дипломат ретінде біледі. Соңғы жылдары Сіздің қолдауыңызбен екі елдің қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтіп, достығымыз бен бауырластығымыздың бекемделе түсуі бізді қуантады. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін. Өз тарапымнан өзара қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілетуге дайынмын. Біздің негізгі күшіміз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі, – деді Қырғызстан Президенті.
Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзит, су, аграрлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістетуге ерекше мән берілді. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібі қарастырылды.
Ресми сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті.
Мемлекет басшысы бауырлас қырғыз еліне шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бұл ресми сапарының мақсаты – қазақ-қырғыз байланысын нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз Қырғызстанмен ықпалдастықты тереңдете түсуге айрықша көңіл бөледі.
Қырғызстан Президенті Қазақстанмен достық, тату көршілік және бекем бауырластық рухындағы қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін жеткізді.
– Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, Қырғызстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын бауырлас ел, негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің қолдауыңыздың арқасында мемлекеттеріміздің арасындағы стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастық қатынастар нық дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді. Біздің халықтарымыз ертеден достық пен келісімде өмір сүрді, бір-бірін қолдап отырды. Қалыптасқан татулығымыздың негізінде біз барлық мәселені бірлесе шеше аламыз деп сенемін. Өйткені қырғыз бен қазақ – егіз секілді ұқсас елдер. Ұлы Абай «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген, – деді Садыр Жапаров.
Отырыс барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қырғызстанның Ғылым, жоғары білім және инновация министрі Бақтияр Орозов Ош мемлекеттік университеті базасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылғанын мәлімдеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесі жетінші отырысының шешімдеріне қол қойды.
Ресми делегация мүшелері екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша Жол картасы және басқа да үкіметаралық, ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы марапаттау рәсімінде Садыр Жапаровты қырғыз халқын алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, білікті саясаткер деп білетінін айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда бір туған бауырлас ел ретінде Қырғызстанның барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанатынын жеткізді. Садыр Жапаров та өз кезегінде Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына алғыс айтып, мұны Қырғыз еліне көрсетілген сый-құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ бұл екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының жоғары деңгейін айқындайтынын атап өтіп, уақыттың барлық сынынан өткен ынтымақтастықтың алдағы кезеңде де нығая беретініне сенім білдірді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев І дәрежелі «Достық» орденімен, Қырғыз Республикасының VII шақырылған Жогорку Кенешінің депутаты Дастанбек Жұмабеков, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, қоғам қайраткері Аскар Салымбеков ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Сондай-ақ қос елдің басшысы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингін өткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады.
Президент, ең алдымен, Бішкекке ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бауырлас қырғыз жеріне қадам басқан сайын айыр қалпақты ағайынның ыстық ықыласын сезінетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы барысында екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар өзекті мәселе егжей-тегжей талқыланып, екі елдің де мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
– Бауырлас мемлекеттер ретінде кез келген мәселені өзара сенім мен одақтастық рухында шешеміз деген пайымға келдік. Біздің өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетіміз бар. Оған саяси күш-жігеріміз де жетеді деп кәміл сенемін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі туралы жаңа ғана құрметті Президент айтып өтті. Біз, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Биылғы жарты жылдың көрсеткіштері де жаман емес. Алдағы 5 жылда сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыруға мүдделіміз. Сондықтан бүгін арнайы Жол картасына қол қойылды. Жалпы, екіжақты сауда айналымын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, екі елдің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор.
– Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызына тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос елдің үкіметтеріне алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келе жатқанына назар аударды. Қазақстан соңғы 20 жылда Қырғызстан экономикасына 1,4 миллиард доллар инвестиция салған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар бар.
Тағы бір өзекті мәселе – аймақтардың ықпалдастығын жандандыру. Бұл ретте мемлекеттер басшылары Аймақаралық форумның келесі отырысын көп созбай өткізуге келіскен. Сонымен қатар келіссөздер барысында цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық әлеуеті талқыланған. Тараптар экономика саласын цифрландыру үшін тәжірибе алмасуға және ақпараттық байланысты күшейтуге уағдаласты.
Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру мәселесіне айрықша тоқталды. Сонымен қатар келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға баса мән берілген.
Президенттер сондай-ақ жаһандық және аймақтық мәселелер туралы пікір алмасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстанның көптеген халықаралық түйткілге қатысты ұстанымы – ортақ. Әсіресе, Орталық Азиядағы ықпалдастықты күшейту екі елдің мүддесіне сай келеді.
Президент Садыр Жапаров өз кезегінде Бішкек төріндегі бүгінгі келіссөздердің қорытындысы нәтижелі болғанына назар аударды. Оның айтуынша, елдеріміздің арасында өзара сауда-cаттықтың жандануына, инвестиция тартуға және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтуға оң септігін тигізетін қолайлы саяси ынтымақтастық қалыптасқан.
Сапар барысында мемлекеттер басшылары Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллеясында орналасқан «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Монумент қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған. Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы бастамашы болған бұл жоба екі ел басшылары тарапынан қолдау тапқан.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Бішкек қаласындағы №33 мектеп-гимназияны бірге аралап көрді. Бұл ғимаратта Ұлы Отан соғысы жылдары Фрунзе жаяу әскер училищесі орналасқан. Қазақстан Президентінің әкесі – соғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаев дәл осы жерден майданға аттанған. Білім ошағына Кемел Тоқаевтың есімін беру туралы бастаманы Президент Садыр Жапаров биыл мамыр айында көтерген болатын. Мемлекет басшысы білім ордасының ұстаздарымен және оқушыларымен әңгімелесті.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.