Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақы қамшының қасиеті

0 365

Жамбыл облысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен келгенде құтты қонаққа әулиеаталық қолөнершілердің бұйымдары ұсынылған болатын. Сол кезде Президент темірден түйін түйген шебер Алпысбай Байшүкеновтің қамшыларына ерекше қызығушылық танытып, бірін сатып та алған еді. Өзі жасаған ат әбзелдерін саудалайтын шебермен жуырда тілдесудің сәті түскен еді.

Алпысбай Байшүкенов – Меркі ауданының тумасы. Қамшы өру өнері атасы Байшүкеннен дарыған екен.
– Президенттің ұлттық өнерге деген құрметін көріп қатты қуандым. Қазір базардағылар да мені құттықтап, ерекше сыйлайды. Қамшы сатып алушылардың да саны көбеюде. Бұл Мемлекет басшысы қамшымды сатып алғаннан тиген шарапат болар?!
Қамшы өру өнері атам Байшүкеннен дарыды. Әкем Нұрманқұл етікші болатын. Сол кәсібімен бүкіл отбасын асырады. Өзім қамшы өруді 2000 жылдары қолға ала бастадым. Өрген қамшыларым елімізден бөлек, шетел асып жатыр. Түркістан қаласының 1500 жылдық меретойында көрмеге қойған қамшыларыма Германия елінен келген қонақтар қызығушылық танытып, біразын сатып алып кетті, – дейді Алпысбай.
Ата кәсіпті жалғап келе жатқан қолөнер шебері қамшыдан бөлек, ат әбзелдерін жасаумен де айналысады. Алайда Алпысбай кейінгі жылдары күміс қат дүниеге айналып бара жатқандықтан, кеңестік кезеңнен қалған тиындарды пайдаланып жатқанын айтады.
– Одақ тұсындағы тиындардың нарықтағы бағасы өте жоғары. Себебі ат әбзелдеріне қажетті тиындар антиквариат ретінде қаралады. Десе де, тапсырыс берушілердің көңілінен шығу үшін ер-тоқымды безендіруден аянып жатқаным жоқ. Біз, қолөнершілер, осы бұйымдарымыз арқылы туристік бағытқа да үлесімізді қосып отырмыз, – дейді қолөнерші.
Шебер бүгінде шәкірт тәрбиелеу қиындығын айтып қалды. Себебі жастардың дені ата кәсіпті дамытып, ұлттық өнерді үйренуге құлықты емес. Дегенмен мектеп оқушылары арасында қызығушылық танытып, шеберден тәлім алып жүргендер бар.
Алпысбаймен бірге ат әбзелдерін сатып жүрген Мақсат Жұматов қолөнершінің бұйымдары өтімді екенін айтады.
– Алпысбай ағаның бұйымдарына Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан көп сұраныс түседі. Ал ат әбзелдеріне қажетті құралдарды Пәкістан, Голландия, Ресей, Қырғызстан секілді мемлекеттерден алдырамыз. Аталған елдерде ағаның қамшысына деген сұраныс жоғары. Өйткені Алпысбай ағаның өрімі өзгелердікіне ұқсамайды, – дейді Мақсат.
Негізі, қамшы өрілетін таспа санына қарай, үш өрімнен бастап, қырық өрімге дейін барады. Әдетте қамшыны екі жасар серке, болмаса құнан өгіздің иі қанған терісінен өріп дайындайды. Ал бұрынғылар қамшы сабының өлшемі ретінде төрт, жеті тұтам аралығындағы ұзындықты таңдап алған. Бұл туралы ғалым Шоқан Уәлиханов өз естеліктерінде былай деп жазған: «Қамшының сабының өлшемі шынтақ пен жұдырықтай не 7 тұтам, өрімнің ұзындығы бес алақанның көлеміндей, тұтаммен есептегенде өрімі сабынан бір-екі тұтам ұзын болуы керек», – дейді.
Бұйымның жасалуына келсек, былғарыны пішіндеп кесіп, айналдыра өрнектеп тесіп, маржандай жарқыратып өрімін өріп, сәндеп бояу арқылы көз қызығарлықтай етіп қамшы жасауға болады. Қамшы жасалу ерекшелігіне, қолданылған материалына, салынған өрнегіне байланысты тобылғы қамшы, сарала қамшы, ырғай сапты қамшы, шашақты қамшы деп түр-түрге бөлінеді. Алпысбай қолөнерші, міне, осы қамшы өрудің ерекшеліктерін жіті меңгеріп, бүгінде оның туындылары шетел асып, ұлттық өнеріміз бен құндылығымыз дәріптелуде.
Жалпы Жамбыл облысында ата кәсіп ерекше дамыған десек болады. Олай дейтініміз, Қордай ауданындағы Қарасай батыр ауылының тұрғыны Руслан Арынбаевтың да өрген қамшысына бүгінде сұраныс жоғары. Ол қамшы жасауды бала кезден меңгерген. Қолөнерші 4 өрімнен 12 өрімге дейінгі қамшыны өре алады.
Шебердің айтуынша, қамшының сабына кез келген тал-дарақ жарамайды екен. Тек күзде шабылған тобылғыны пайдалану қажет. Оның өзін Алматы облысы мен Қырғыз елінен ғана алдыруға болады. Руслан қамшыдан өзге, ер-тұрман мен тоқым, жүген, мұрындықты да жасайды. Алтын қолды ұстаға өңірлерден тапсырыс беретіндер көп. Бұрын қайысты тері комбинатынан алдыратын болса, қазір өзі илеуді бастаған. Ауыл тұрғынының еңбегін елеп, жергілікті билік қайтарымсыз грант та берген. Қажетті құрал-сайманын түгендеген қолөнерші енді кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.
– Қазір қамшыға қажетті теріні өзім илеуді бастадым. Қолдан жасаған қайысым суға төзімді, терге бой бермейтін, оңайлықпен үзілмейтін болып шығуда. Ұлттық өнерді дәріптеп, ата кәсіпті дамыту үшін қолдау білдірген билікке айтар алғысым шексіз. Енді тері илеп, қайыс дайындайтын құрылғы сатып алғаннан кейін кәсібімді одан сайын дамытып, кеңейтсем деп отырмын, – дейді Руслан Арынбаев.
Иә, қолөнершілердің тірлігі көпке үлгі. Ата кәсіпті дамыта отырып, ұлттық өнерді дәріптеген азаматтардың еңбегі қандай мақтауға да лайық. Ал қамшы қазақ танымында қасиетті дүние саналғаны байырдан белгілі. Мәселен, қазақта тіл жете бермейтін немесе айтуға ауыз бармайтын сөздердің орнына қамшыны қолданатын әдет болған. Қашанда аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін қамшының қолдану аясы өте кең. Қолында қамшысы бар қазақ айбарлы көрінген. Аттылы адам қамшысын үйіргенде одан сескенбейтін адам болмаған. «Қамшының сабы сынса – қатын өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі» деген де ырым бар. Егер қайтыс болған адамның кім екенін сөзбен жеткізе алмаса да, қамшыны қолданған. Сонымен қатар қызға құда түсе келген адам қамшысын төрге белгі ретінде іліп кеткен. Егер жігіт жақ кешігіп, не қыз жақ айнып қалса, қамшыны иесіне қайтарып беретін болған. Ал төрде ілулі тұрған қамшыны көрсе, айттырған адамы бар дегенді білдірген.
Қазақта үйге келген кісі қамшысын ала кірмейтін болған. Егер сыртқа тастап кетпей, үйге ала кірсе, дауласуға келгенін білдірген. Ал ала кірген қамшыны ортаға тастаса, бітімге келуге шақырған.
Қамшы сыйлау – құрметтің белгісі. Өзінен кіші болса сол қолымен, қыз балаға өрім жағынан, үлкен кісіге сабынан ұстатқан. Елуге дейін тобылғы сапты қамшы сыйға тартса, елуден асқан соң тұяқ басты қамшы сыйлаған. Ал емші-балгерлердің қамшысы саудаға салынбаған. Өйткені жын-шайтанды қуатын қасиеті бар қамшы өте құнды, оның бағасы жоқ деп есептеген. Сондықтан бата берген адамға ризашылықпен қамшы сыйлаған. Бұдан бөлек, аяғы ауыр әйел босанар сәтте қамшыны төріне іліп қойған. Тағы бір таңғаларлық тұс, дұрыс өрілген қамшымен адамның жон арқасынан ұрғанда ізі қалмайтын болған.
Міне, қазақ танымында қамшының қасиеті осындай. Сондықтан жамбылдық қолөнершілердің өріп жатқан қамшылары туристік бағытқа өз үнін қосып қана қоймай, ата кәсіпті жаңғыртып, ұлттық болмысымызды төрткүл әлемге танытып жатыр деуге болады. Жанқаға жан бітіріп, темірден түйін түйген шеберлердің ендігі еңбегі еленіп, оларға жан-жақты қолдау болса дейміз. Бәлкім, «Өңірлерді дамыту» сынды мемлекеттік бағдарлама аясында қолөнершілердің басын қосатын бір кәсіпорын ашып беру керек шығар. Сол кезде қамшы өндірісін өрістетіп, ұлттық бұйымдарымыз көптеп шетел асыруға мүмкіндік туады. Одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Дедек Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.