Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Қазақтың Қыз Жібегі»

0 82

Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешованың 75 жас мерейтойына орай «Қазақтың Қыз Жібегі» атты танымдық-музыкалық әдеби кеш өтті. Шараға ардагер ұстаздар, әдебиетші аналар, қоғамдық ұйым өкілдері, «Жер-ана» фермер әйелдер қауымдастығының мүшелері, «Ене мен келін» өнеге мектебінің өкілдері, Тараз қаласы, Жамбыл және Жуалы аудандарының колледждері мен мектептеріндегі «Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшілері мен мүшелері қатысты.

Кеш барысында ұлт өнерінің көрнекті өкілі сомдаған Қыз Жібек бейнесі арқылы қазақ қыздарының болмысы, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер кеңінен дәріптелді. Мерейтой иесінің шығармашылық жолы кеңінен таныстырылып, сахнадағы жарқын бейнелері мен өнердегі өнегелі ізі туралы мазмұнды естеліктер айтылды. Ал әдеби кешке арнайы келген Меруерт Өтекешованың курстасы, Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан мерейтой иесімен бірге өткен шығармашылық жылдарды еске алып, оның сахна мәдениеті мен табиғи талантына жоғары баға берді.
Тағылымды жиында айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов арнау айтып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Сонымен қатар Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының жұлдызды жұбы, отбасылық дуэт Дулат пен Мейірім «Сен керексің» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсем әуен мен үйлесімді орындау кештің сәнін кіргізіп, мерекелік көңіл-күйді еселей түссе, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының үйірме жетекшісі Әбілқайыр Сәрсенбай фильмдегі Шегенің «Жекпе-жек» күйін шеберлікпен орындап, күй өнерінің құдіретін паш етті. Сондай-ақ Төле би атындағы №8 гимназияның оқушысы Даниял Қонысбай Мұқағали Мақатаевтың «Анашым» өлеңін тебіреніспен оқып, көпшіліктің жүрегіне жол тапты.
Кеш соңында «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Меруерт Өтекешованың қазақ руханияты мен өнеріндегі айрықша орнына тоқталды. Ол актрисаның сахнадағы шынайы болмысы мен ұлттық бейнені сомдаудағы еңбегі өскелең ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтті.
Сонымен қатар «Анаға тағзым» орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп келе жатқан Тараз қаласы, Жамбыл және Жуалы аудандарының колледждері мен мектептеріндегі «Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшілері мен мүшелері және «Анаға тағзым» орталығының «Сырғалым» сырласу клубының белсенді қыздары марапатталды.

Зере ҚУАНЫШ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.