Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ тарихына жаңаша көзқарас

0 210

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы республика азаматтары мен қоғамдық бірлестіктердің, зиялы топтар мен жастардың тәуелсіздік тұғырының биік болуын тілеген мақсатына сай келіп отырғандығы анық.

Мемлекет басшысы өз мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық», – деп ой қорытқан еді. Тарихшы ретінде осы жолдарды таратар болсақ, көрсетілген бағыттағы атқарар тірліктеріміздің аз емес екендігі белгілі. Солардың бір парасына тоқталсақ, Президент өз мақаласындағы ой-толғауларында ашаршылық туралы жүйелі және нақты жұмыстың жүргізілгендігін қалайтындығы анық болып отыр.

Сондықтан да соңғы уақытқа дейін біздің қоғамдық санамызда қалыптасып қалған, кеңестік кезеңдегі ашаршылық қасіретін тек 1932-1933 жылдардағы алапат аштықпен байланыстыру тұжырымының тәуелсіздік дәуірінде қайта қаралып отырғанын қаперімізге алғанымыз жөн.

Осы тұрғыда нақты мәліметтер беріліп айшықталмаған оқиғалардың бірі ретінде Түркістан өлкесінің Әулиеата өңіріндегі 1917-1918 жылдардағы ашаршылық қасіретін айта аламыз. Енді осы нәубеттің себеп-салдарларына тоқталсақ, онда бірінші кезекте 1918 жылдың көктемінде Кеңес үкіметін өз армиясы мен қалаларда шоғырланған мемлекеттік қызметкерлерін және осындағы «пролетариаттарды» азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі тығырыққа тірегені белгілі болған еді. Большевиктерге бұл жағдайдан шығудың екі мүмкіндігі болды: не қираған экономиканы ілдебайлап қалпына келтіру үшін ептеп нарықтық қатынастарды енгізу, немесе күштеу шараларын қолдану. Олардың екінші жолды таңдағаны белгілі. 1918 жылдың 29 сәуірінде БОАК-тың мәжілісінде сөйлеген сөзінде Ленин: «Иә, майда шаруа қожалықтары, майда меншік иелері бізге, пролетарийлерге помещиктер мен капиталистерді құлатуға көмекке келуге даяр екендігі рас, бірақ біздің одан арғы жолымыз олардан бөлек. Олар ұйымдасуды, тәртіпке бағынуды ұната бермейді. Дәл осы жерде біз осындай меншік иелерімен, қожайынсымақтармен барынша ашық және аяусыз күресуіміз керек», – деген болатын. Осыдан бірнеше күн өткеннен кейін азық-түлік халық комиссары дәл сол аудиторияда: «Мен барлық жауапкершілікпен мәлім етемін, сөз соғыс тұрғысында болып отыр, тек қолға қару алып қана азық-түлік мәселесін шеше аламыз», – деді.

Петроградтағы мұндай кесапатты саясаттың салқыны Оңтүстік Қазақстан өңіріне тез-ақ жеткен болатын. Бүкіл елді қамтыған саяси дағдарысты экономикалық құлдырау күшейте түсті. 1917 жылғы құрғақшылық нәтижесінде аштыққа ұшыраған жеке қожалықтардың саны Әулиеата уезінде – 44307, Ақмешіт уезінде – 24810, Түркістанда – 12296, Шымкент уезінде 33618 еді. 1918 жылдың ортасында-ақ Түркістан Республикасында азық-түлік жағдайы мүлдем қиындап кетті. Түркістанға Солтүстік Кавказдан, Ресейден, Сібірден тасылатын астық Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аса ауыр жағдай мен теміржол транспортының жүйесіз жұмысы кесірінен мүлдем доғарылды. Өлкенің өз ішінде астық даярлау ісін жүйелі тәртіпке келтіру мақсатында атқарылған шаралар нәтижесіз аяқталды. Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Күн көрудің барлық көзінен айырылған халық баудай түсе бастады. Көшпенділер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 пайызын қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 пайызы қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп, бір болыс ұйымдастыруға тура келді. Осы тұрғысында мұрағаттардағы мәліметтерді сөйлетер болсақ, онда: 1918 жылдың 30 қыркүйегіндегі Әулиеата уездік комиссарының баяндамасындағы уезд жағдайы мынадай мазмұнда беріледі: «Маған сеніп тапсырылған Әулиеата уезі төрт бөлімшеден тұрады: Таулық (Горный), Аса, Шу және Меркі, онда 43 қырғыз болысы мен 75 орыс селениесі; олардың ішінде 21-і ескі, 54-і жаңа. Осы селениелердің 15-і жеке және 60-ы 12 болысқа біріктірілген; 5 селение неміс-менониттік, 4 селение түземдік, 2 поселок дүнген, 1 селение татарлардікі; барлығы жеке селениелер – 87. Қазіргі уақытта шамалап есептегенде, халықтың саны 200 мың адамды құрайды. Аштықтан өлген түземдіктер қазіргі уақытта, яғни 1917 және 1918 жылдың алғашқы жартысында 60 мың төңірегінде, 1917 жылдың 1 қаңтарына дейінгі статистикалық мәлімет бойынша халықтың саны 300 мың адам болған. Бұл арада уездің саяси кеңістіктегі параметрі айқындалып-ақ тұр: көпұлтты құрамы, елді мекендердің көп екендігі сол кезеңді алғанда, жалпы халықтың санының көптігі; сонымен қатар большевиктер Үкімет басына келуінің жергілікті халыққа бірден қырғын әкеліп, 60 мыңдай адамдардың аштан өлгендігін де осы құжат көрсетіп тұр. Ары қарай баяндамада: «1) түземдік халықтан 1917 жылғы салықтың көлемі …. Барлығы 297, 381 р. 79 к. 2) Биылғы жылға халықтан алынатын салыққа байланысты төлем қағаздары (окладные листы) таратылып берілген жоқ; Қаланың әртүрлі мекемелеріндегі қарыз – 100 мың рубль. Бұларды менің орнымдағылар қоғамдық қордан берген екен; қоғамдық қордың 4 кассасы босаған, ол әлі де бос». Берілген құжат уездегі экономикалық жағдайдың ауырлығын көрсетеді, мұның өзі тиісінше жаңа үкіметтің нығаю мүмкіндігін, оның беделге ие болуын тежеді, себебі олар өз іс-қимылдарын сүйкімсіз іс-шаралардан – өткен жылы төленбеген салымдар мен осы жылғы салықтарды жиюмен бастаған еді. Жергілікті үкіметтің «халықтың төленбеген салымдарын үш жылға соза тұру әрекеті» жүзеге аспай, Ташкенттен тез арада төленбеген салымдарды да, сонымен қатар осы жылғы салықтарды да тез өндіру туралы нұсқау түсті. Түземдік және орыс халқының экономикалық жағдайы, 1917 жылғы егіннің болмауына байланысты, әсіресе, біріншілерінікі өте ауыр, сондықтан да олардың 1917 жылғы төленбеген салымы мен осы жылғы салықты төлей ала ма оны болашақ көрсетеді». Осылай жаңа билік құрылымдарына тікелей қарама-қайшы мәселелерді, бір жағынан, Патша және Уақытша Үкіметтердің бұрынғы бағытын жүргізіп, салықтар мен салымдарды күштеп тартып алуға, екінші жағынан, жұмысшылар мен шаруалар жағында тұрған Үкімет ретінде жаңа биліктің артықшылықтарын дәлелдеуі керек болды.

Осындай саяси өліара жағдайындағы ашаршылыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған БОАК-тың 1918 жылдың 9 мамырындағы «Азық-түлік Халық комиссариатына нанның қорын жасырып және оны саудаға салғандығы үшін деревня буржуазиясына қарсы күресте төтенше өкілеттіліктер беру туралы» декретінің 7-бабында: «Қолында артық наны бар және оны станциялар мен жинау және құю (себу) орындарына жеткізбегендер халық жаулары болып табылады және барлық мүлкі кәмпескеленіп, 10 жылдан кем емес уақытқа түрмеге жабылады», – деп көрсетілген. Осыдан кейін-ақ Түркістан Республикасы ОК төрағасы үшін Солькин, Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Колеев, Азық-түлік комиссары Казаков қолдарын қойған қаулыда нанды өз пайдасы үшін саудаға салып жүргендердің ісі революциялық соттардың трибуналына берілетіндігі ескертіледі. Дегенмен негізгі құрбандығы мұсылман халықтары, оның ішінде көшпелі халықтар болған сұрапыл аштықпен күресуге құрамына бірде-бір жергілікті халықтардың өкілі енгізілмеген жаңа үкімет селқостықпен қарады. Тіпті жоғарыдағы қаулыға қолы қойылған Азық-түлік комиссары Казаковтың кейіннен Түркістанның ашыққан халқы үшін Бұхарадан сатып алынған шайды 3 млн сомға бұқаралық саудагерлерге қайта сатып, ақшаны қымқырып кеткендігі туралы да айтылады.

Жергілікті жерлердегі мұндай берекесіздіктерді мына құжаттардан да көруге болады. «Әулиеата Депутаттар Кеңесі Атқару Комитетінің 1918 жылдың 7 қазанындағы, Хмелевскийдің төрағалығымен өткен мәжілісінде Қаракөл болысының қырғыздары (қазақтары) қырғыз (қазақ) Депутаттар Кеңесінің мүшелері Шолпанқұлов пен Кутенеевтің арызын тыңдап, онда алыпсатарлардың малын реквизициялауға жіберілген Шевяков пен Кольчугин басқарған қызыл әскерлердің малы бар барлық қырғыздардың (қазақтардың) малдарын тартып алып жатқандығы айтылады. Депутаттар сонымен қатар Айдаралы Берденовтің сол қызыл әскерлермен бірге жүрген аты-жөні белгісіз сарттың (өзбектің) Қаракөл болысының қырғыздарына (қазақтарына) «егер 5000 сом ақша берсеңдер малдарыңа тимейміз» дегендігін айтады». Бұл жерде іс тергеуге жіберілгенімен, большевиктер өздері қолдан ұйымдастырған аштықпен күресу барысында мұндай басбұзарларды сол кезде құртып жібермегені анық.
Ары қарай, 1918 жылдың 12 қарашасында Әулиеата уезінің аштарды тамақтандыру жөніндегі эмиссары Нұршанов Ақыртөбедегі аштар орналасқан киіз үйлердегі жағдайға тоқтала келе, олардың сол күні тамақ ішпегенін анықтағанын айтқан. Осы орайда Әулиеата қаласының тегін нан кәртішкелерін пайдаланып отырған қызметкерлер тізімінде (барлығы 34 адам) тек еуропалық нәсілдегі адамдардың аты-жөндері жазылғанына мөн беруге болады. Бәлкім, осы қаладағы жоғарыдағы және басқа да тізімге кіргендерді тамақтандыру ниетінде болса керек, 500 қой қабылдаған ет дайындау бөлімінің төрағасы Ярувельский мен агент Столяров бұл іске белсенділікпен кірісіп, сатып алу құнын өздері белгілей отырып, етке және салоға (ол үшін шошқа майын да іздеттірген болар) қажеттілерін бөлек реттеген. Ауылдардағы аштықтан діңкелей бастаған қазақтарды «өз аштарын» қамтамасыз ету мақсатында одан әрі діңкелеткен белсенділердің бірі, Әулиеата уезінің солдаттар, жұмысшылар, шаруалар, депутаттар комиссиясының мүшесі Мечиков Үшбұлақ станциясынан қайтып келе жатқанда 15 атты қырғыздың (қазақтың) қуып жетіп, ақша талап еткенін, одан өзінің төрт рет мылтықтан оқ атып, әрең құтылғандығын жазады.

Саяси күштердің аталған өзіндік ерекшеліктері, қоғамдық санада, әсіресе, азамат соғысы тәжірибесінде, «кез келген мәселе тек күш қолдану негізінде шешімін таба алады» деген саяси түсініктің берік қалыптасуына алып келді. «Құқық күшін күштің құқына» айналдыру формуласы үстем болып шықты. Сол жылдары қалыптасқан осындай ахуалды мына құжаттан да көруге болады. Онда Әулиеата уезі Алмалы болысының бес тұрғыны – Нурманбет Шакелов, Қалмұрза Тұяқов, Махамбет Жетпісбаев, Сейдуалы Рахметов және Кемелбековтер уездік депутаттар Кеңесіне: «Осы жылдың 14 июнінде біздің болыстан жылқыларды мобилизациялау кезінде оларды жылқыларының саны 100-ден асатын бақуат адамдардан емес, өздерінің соңғы жылқысын берген кедейлерден тартып алды», – деп арыз түсіреді. Бұл жерде арыз берушілер мәселесінің сиырқұйымшақтанып кеткені өз алдына, кедейлерге бостандық әперуші большевиктердің заңсыз әрекеті тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Мұндай оқиғалар аз болған жоқ, оларды кездейсоқ болды деп те айта алмайсың.

Қарай берсе, мұрағат қорларында ашаршылық мәселесіне қатысты ашылмаған ақтаңдақтар өте көп. Біздің назар аудартып отырған фрагменттер солардың бір парасы ғана. Анықтап қарасақ, Президент мақаласында көтерілген әрбір мәселелерді зерделей отырып, барымызды ұқсатуға болатындай-ақ. Олай болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз мақаласында көтерген игі істерінің үдесінен шығу баршамызға парыз екендігі даусыз.

Нұрдәулет БАҚТОРАЗОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану
орталығының аға ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.