Жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық боксшы Виктор Коточигов (12-2 5 КО) Англиядағы дайындығы кезінде орын алған жағымсыз оқиға жайлы айтып берді. Спортшы түнде ұйықтап жатқанында белгісіз біреулердің шабуылына ұшыраған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Спортшының айтуынша, түнде ұйықтап жатқан кезде бөлмесіне бірнеше адам кіріп, үстіне белгісіз сұйықтық құйып кеткен.
«Англиядағы дайындық мен үшін сәтсіз болды деп айтуға болады. Жағдай туралы қысқаша айтып берейін. 11 желтоқсан болатын жекпе-жекке дайындалу үшін Англияға ұшып келдім. Бөлмені жалға алып, дайындыққа кірістім. Төрт күн өтті. Үйде ұйықтап жатқан едім, есікті біреудің ашып жатқанын естідім. Орнымнан тұрып үстел үстінен пышақ іздедім. Алайда, қасық пен шанышқыдан басқа ештеңе таба алмадым. Есікті ашқан соң бөлмеге бірнеше адам кіріп келді. Менімен төбелесуді жоспарламаған болуы керек, үстіме белгісіз сұйықтық шашты. Сол сәтте олар да жасырынып үлгерді. Бірінші жаттықтырушыма хабарластым. Ол мені ауруханаға алып барып, бас-көз болды.
Бірнеше күнді ауруханада өткіздім. Ешкіммен жанжалдасқан жоқпын, бұл кімге керек болғанын білмеймін. Бір түсінгенім – тексерілмеген жерде дайындалмау керек екен», – деп жазды ол өз Instagram парақшасында.
Виктор Коточигов соңғы жекпе-жегін 12 наурызда өткізген болатын. Бұл кезде ол британиялық Гэри Каплиден жеңіліс тапқан еді.