Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстандық бірегейлік пен ұлт бірлігі – тұрақты мемлекеттің негізі

0 607

Еліміз егемендігін алған отыз жылдан астам уақыт ішінде бағындырған асуларымыз жетерлік. Ол, әрине, елдегі татулық пен бірліктің арқасы. Себебі бірлік пен бейбітшілік болмаған жерде тәуелсіздік бағы да баянды болмайды. Елдегі осы бейбітшілік пен келісімге себепші болып отырған бірден-бір ұйым бар. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Бүгінгі таңда Қазақстанның этносаралық саясаты – әлемге үлгі. Әлем қауымдастығы жоғары бағалап отыр. Әсіресе ұйымның қоғамға тигізіп келе жатқан пайдасы зор. Соңғы жылдың ішінде ғана Тараз қаласының аумағында ауыз толтырып айтарлық жұмыстарды жүзеге асырған Ассамблея тиімді тіршілігімен көпшілікті таңғалдырып келеді.
Қоғамдық ұйымдар елдің әлеуметтік және мәдени өмірінде маңызды орын алады. Олардың ішінде ондаған этномәдени бірлестіктерді біріктіріп, бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырушы және ұлт құрылысының үлгісі, азаматтық бірегейліктің тетіктері мен құралдарын зерделеп, қоғамды әрі қарай біртұтастыққа біріктіру жолдарын қарастырып, ұлттық идеология құндылықтарын әлеуметке сіңіруде тікелей қызмет атқаратын бірегей мемлекеттік құры-лым – Қазақстан халқы Ассамблеясының елдің тыныштығы мен мамыражай өмірін сақтауда атқаратын рөлі мен алатын орны ерекше.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында 87 этнос өкілдері, 40 этномәдени бірлестік, қоғамдық аккредитациядан өткен 31 этностық ұйым тіршілік етуде. Аталған этностарды, ұйымдар мен бірлестіктерді бір шаңырақ астына ұйыстырып, бір мақсат жолында бірлестіріп, бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұған ақпараттық-түсіндіру, зерттеу, жобалық жұмыстар, мәдени-қоғамдық және өзге де этносаралық бағытта жүргізілетін көптеген шаралар кіреді.
Осы тұрғыда қазір Тараз қаласы мен Жамбыл облысының барлық аудандарын қамтитын «Достық керуені» аймақтық жобасын жүзеге асыру аясында ауқымды шаралар жасалуда. Аталған жобаның мақсаты – этностар арасындағы коммуникацияны қалыптастыру және Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу, диалог алаңдарының жұмысына жиі қатысып, этностар көп шоғырланған аймақтардың саяси ахуалын зерделеу, бақылау.
Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның айтуы бойынша, жоба аясында Ақсақалдар мен Аналар кеңестері, жастар қанатының ҚХА медиаторлары, ғылыми-зерттеу тобы сарапшылары, ақсақалдар мен аналар кеңестері өкілдерінің қатысуымен ауыл тұрғындарына бірқатар шаралар өткізілген екен.
– Жоба шеңберінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, фокус-топтық, әлеуметтік зерттеулер, консультативтік-әдістемелік жұмыстар, жастарға «Менің елім – менің Қазақстаным» атты тимбилдинг, этносаралық бағытты зерттеу, этнос өкілдерінің медиасауаттылығын арттыру жұмыстары, «Бірлік – әралуандықта» балалар сурет байқауын өткізу жұмыстары және «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалі мен түрлі ұлттық спорттық жарыстар мен сайыстар өткізілуде. Аталған шаралар этностар жиі орналасқан аудандарда ішкі саясат басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшылығы мен қызметкерлері, облыстық прокуратура, Полиция департаменті, этномәдени бірлестіктер, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары және тұрғындардың қатысуымен өтуде. Сондай-ақ облыста «Бейбітшілік пен келісім», «Бір ел», «Әралуандық – бірлікте», «Мектепке жол» республикалық, өңірлік жобалары мен басқа да ірілі-ұсақты қажетті, міндеттелген шаралар сәтті жүзеге асырылуда.
Айта кететін бір жайт, өңірлік ассамблеяның беделін асырып, имиджін жаңарту мақсатында облыстық этномәдени бірлестіктер мен ассамблея мүшелерінен құралған консультативтік-кеңесші ұйым бар. Ол – қоғамда беделді тұлғалық сипаты бар қоғамдық пікір көшбасшыларынан тұратын ақпараттық топ. Оның құрамында саяси-идеологиялық жұмыстар жүргізіліп, әділетті мемлекеттік саясатты насихаттауға құрылған халықтың әлеуетін көтерер жобалар қолға алынады. Аталған топ қызметі мен міндеті Жамбыл облысындағы этностардың ықшам тұратын аймақтарда жүзеге асырылуда, – дейді Мүбәрак Қасымқызы.
Бүгінде көне шаһарда, жалпы аймақта қоғамдық қатынастар бағытында ғана емес, өмірдің өзге де салалары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда ассамблеяға сөз, насихатпен ғана емес, азаматтар арасындағы құқықтық қатынастарды жетілдіру, яғни құқықтық сауаттылыққа шақыру міндеті жүктелген. Бұл ретте мекеме атқаратын жұмыстардың имиджін өзгертудегі жаңа бағыттардың бірі – мемлекеттік тілді меңгеруде тілдік-нәсілдік кемсітушілікке жол бермеу. Сондай-ақ Рәміздеріміз – Мемелекеттік Ту, Әнұран, Елтаңба сияқты құндылықтарға құрметпен қарау да әр қазақстандық азаматтың парызы екенін ұқтыру. Әскери борышты өтеу де азаматтық міндеттердің біріне жататынын түсіндіру.
– «Қоғамдық келісім» мекемесі Медиация институтын ілгерілету және этномедиацияны дамыту бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр деп сенімді айта аламын. Осы орайда Тараз қаласындағы Достық үйі қабырғасында Медиация кабинеті ашылып, сенім телефоны орнатылып, қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істеуде. Осы уақыт ішінде тұрғындарға практикалық және медиациялық көмек көрсету мақсатында облыс бойынша 40 медиация алаңында түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған дәлел, биылғы тамыз айында «Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация кабинеттерінің ашық есік күні» республикалық іс-шарасы өтті. Шара Ассамблея қоғамдық құрылымдарының қызметі, этносаралық қақтығыс деңгейін төмендету мәселелерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге мүдделі уәкілетті тұлғаларды біріктіру және халық арасында қазақстандық бірегейлік пен этносаралық келісім мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілді. Этномедиацияны дамыту үрдісі этномедиаторларды дайындау және этносаралық шиеленістерді жедел анықтау, дер кезінде әрекет ету және қажет болған жағдайда этномедиаторлар пулын қалыптастыру және туындайтын дауларды оқшаулау, алдын алу тәрізді іс-қимылдар Тараз қаласында жергілікті Медиациямен қалыпты деңгейде іске асырылып отыр.
Жуырда Медиация кабинеті мен ҚХА медиаторлары Жамбыл облысы Қордай, Т.Рысқұлов, Байзақ ауданының Ақсақалдар және Аналар кеңесінің өкілдері аудан тұрғындарымен консультативтік-әдістемелік жұмыс жүргізді. Онда Жамбыл облысында қазіргі қоғамдағы отбасы құндылықтарын сақтау, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықты жою, алдын алу бойынша консультациялық-ақпараттық жұмыстар жүргізілді.
Жалпы мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау мақсатында мақсатты түрде 36 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Мәселен, осы айдың басында Орал қаласында өткен ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысына Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали екеуіміз арнайы шақырылып, тәжірибе алмасу мақсатында өңірлік Аналар кеңесінің атынан қатыстық. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Аналар кеңестерінің өкілдері жиналған ауқымды шарада «Әжемнің ертегісі», «Анаға сәлем», «Ана көрген тон пішер», «Ынтымақ» секілді жобалар таныстырылып, олар біздің Аналар кеңесінің тәжірибесімен өзге өңір аналарына бөлісіліп, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының аясында қандай тың шаралар жүзеге асырылып жатқаны сөз болды. «Мәдениетті ұлт», «Жасыл сертификат» және дәріханалық нашақорлықпен күресуге бағытталған да бірқатар іс-шаралар қызу талқыланды. Келелі ұсыныстар мен пайымды пікірлер ортаға салынды, – дейді М. Жинақбаева.
Өңірдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған имидждік жобаларды жүзеге асыратын құрылымдардың бірі – «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенді жастар қанаты. Қазіргі уақытта бірлестік алты бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: «Қоғамдық ассамблея» – жастарды әлеуметтік қолдау, білім деңгейін көтеру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, «Бірлік тілі» – мемлекеттік тілді оқыту, «Ел мұрасы» – тарихи-мәдени мұраны сақтау, «Таза орта» – экология мен қоршаған ортаны қорғау, «Қасиетті парыз» – әскери-патриоттық тәрбие және «Jastar media» – медиа жобаларды дамыту және медиа сауаттылықты арттыру бағыттары.
Бұл бағыттар бойынша жастар дәстүрлі түрде жыл сайын «Өмір сыйла!» және «Біз біргеміз!» қайырымдылық акцияларын өткізеді. «Жастар ассамблеясының» өкілдері түрлі байқауларға да белсенді қатысады. Жақында «TARAZ UNITED» командасы Алматы облысында өткен республикалық зияткерлік ойында жартылай финалға дейін жетіп, ойын қорытындысы бойынша алдыңғы қатардан көрінді.
Мүбәрак Қасымқызының айтуы бойынша, облыстық «Ассамблея жастары» бірлестігінің өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше көңіл бөліп отыр екен. Нәтижесінде қазақ тіліндегі «Мәміле» пікірталас клубына тұрақты түрде қатысып келеді.
– Сонымен қатар мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру мақсатында жастарымыз Жетісу ауданындағы тіл мектебі жанындағы жазғы демалыс лагеріне де қатысып келді. Этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі де былтырғы жылға қарағанда едәуір өсіп отыр. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары мен «Менің таңдау-ым – қазақ тілі», «Ұстазыма мың алғыс» тәрізді тек мемлекеттік тілде өтетін челлендждерді де жүзеге асырып, түрлі этностардың балалары белсенді жұмылдырылуда. Сондай-ақ этнос өкілдері жасына қарамай облыстық Тіл дамыту орталығы ұйымдастырған Достық үйіндегі қазақ тілін тегін үйрену курстарына қатыса алады. Мәселен, 4-6 қазан аралығында Павлодар қаласында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» жобасының республикалық кезеңі өтті. Оған мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері – Мухаббат Әлиханова мен Кристина Маслова қатысып келді.
Бұдан бөлек ассамблея жастарының ізгі істерінің қатарына жыл басынан бері «Таза қала», «Менің қалам, менім аулам» экологиялық акцияларына қатысуы да кіреді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде жастар театрларын ашудың маңыздылығы туралы айрықша атап өткен болатын. Осы орайда облыстағы этнос жастарынан құралған «Достық» театры ашылды. Биылғы ҚХА-ның XXVI облыстық сессиясы барысында аталған театрдың тұсауы кесілді.
Жақында Шерхан Мұртазаның шығармасының желісі бойынша «Интернаттың наны» қойылымымен «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» фестивалінде аталған жастар театры драмалық көріністен І орын алып, жеңімпаз атанды. Қойылымның қоюшы-режиссері мен рөлдерді үйлестірушісі – Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, «Әулие ата» Қазақ мәдени орталығы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Ақылшаұлы Сейілханов.
Сонымен бірге «Қоғамдық келісім» мекемесінде өңірлік ассамблея жанынан құрылған Журналистер клубы да жұмыс істейді. Қазіргі таңда Журналистер клубы 30-ға жуық БАҚ өкілін біріктіріп отыр. Олардың арасында журналистер, фототілшілер, бейнеоператорлар, SММ мамандары, радиотілшілер мен тележүргізушілер де бар. Клубтың қазіргі таңдағы төрағасы – республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі, облыстық «Коре» кәрістер этномәдени бірлестігінің мүшесі Михаил Тё.
Жылына бір рет журналистерді марапаттау шарасының алдында өткізілетін Журналистер клубының отырысында жергілікті журналистер қауымымен ассамблеяға қатысты өзекті мәселелер мен жаңа міндеттер талқыланады. Журналистер клубының өкілдері облыстағы этномәдени бірлестіктердің жұмысын, іс-шараларын және этносаралық бағытта ұсынған бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін материалдарын баспасөз беттерінде, сайттарда, әлеуметтік желілерде, теледидарда кеңінен жариялануын қамтамасыз етуге тиіс. Биылғы қараша айында жыл сайын этножурналистика саласында өткізілетін «Бір шаңырақ астында» дәстүрлі облыстық шығармашылық байқауы өткізіліп, оған клубтың барлық мүшелері мен республикалық, облыстық, қалалық, аудандық БАҚ өкілдері қатысып бақ сынайды, – дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы.
Бұдан бөлек республикалық «Қазақтану» жобасы да қолға алынған. Жобаның бағдарламасына қатысты «Қоғамдық келісім» КММ базасында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Жамбыл облысының «Өшпес мұра» қолөнершілер бірлестігінің әртүрлі этностардың тігіншілері мен қолөнершілерінен құрылған өнерпаз тобы халық өнерінің шеберлерін дайындау бойынша 10 шеберлік сабағын өткізген. Тәжірибелі шеберлер мен мәдениет қайраткерлері қазақ халқының салт-дәстүрінің қыр-сырын талмай үйретіп, көне қолөнердің өміршеңдігін қазір де сақтап қалып, тыныс-тіршілігін жалғастыруға тырысады. Шеберлік дәрістеріне барлығы 150-ден астам адам қатысып отырады. «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өтетін ірі іс-шараларды мерекелеу аясында Жамбыл облысындағы этностардың сәндік-қолданбалы және аспаздық өнерінің көрмелері де жиі ұйымдастырылып тұрады екен. Осы ретте жыл ішінде Жамбыл облысындағы этностардың сәндік-қолданбалы өнерлерін паш ететін үлкен көрме ұйымдастырылған. Ал «ANK Masters Club» және Достық үйіндегі тағы бір ұйым 2 халықаралық, 3 облыстық және 2 қалалық көрме мен жәрмеңкеге қатысыпты.
Жалпы этномәдени бірлестіктердің өкілдері облыстағы барлық әлеуметтік маңызы бар мәдени-қоғамдық іс-шараларға қатысып, этнос мәдениетінің күндерін, қайырымдылық шараларын және ашық есік күндерін өткізіп отырады. Бұған қоса мемлекеттік және ана тілдерін үйренуге ықпал ететін ғылыми-тәжірибелік конференциялар, көрмелер, акциялар, байқаулар, фестиваль, челлендждер, мерекелік салтанатты іс-шараларға тыңғылықты атсалысып келеді.
– Тағы бір тоқталуды қажет ететін ассамблея мен «Қоғамдық келісім» ұйымдары қызметтерінің басым бағыттарының бірі – қайырымдылық пен волонтерлік жұмыстар. Ассамблея жастары жыл сайын «Қоржын», «Ерікті донор», «Жылу» және өзге де көптеген қайырымдылық шараларына белсене қатысып келеді. Олар Рамазан айындағы ораза мен мереке күндерінде де қайырымдылық шараларын өткізеді. Халықаралық жастар күні қарсаңында тағы бір «Qamqor» қайырымдылық акциясы өтіп, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында қайырымдылық акциясын өткізіп, соғыс ардагерлері мен тыл еңбекерлеріне сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ осы мереке қарсаңында аз қамтылған және көмекке мұқтаж жандарға форель балығын тарату акциясын өткізді.
Қайырымдылық қызметін үйлестіру Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі бағыттарының біріне айналған. Қазірдің өзінде аз қамтылған және қиын жағдайда қалған отбасыларға жалпы сомасы 432 миллион 200 мың теңгені құрайтын қайырымдылық көмек жасалған. Шара аясында 33 100 адам қамтылды.
Қыркүйектің 21-і күні «Тараз қаласының Өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж және мүмкіндігі шектеулі жандарға, халықтың осал топтарына – жалпы 35-ке жуық отбасыға азық-түлік пакеттерін таратып, қолдау көрсетілді. Оның 15-і мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді. Қайырымды іске Тараз қалалық «Мырқалық» өзбек мешіті демеушілік жасады.
Облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері, мүшелері мен меценаттар барлық қайырымдылық шараларға белсене араласады. Республикалық акция аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына «Мектепке жол» жобасы аясында көмек көрсетілді. Мәселен, «Жамбыл облысының «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі 70 баланы 2 миллион 500 мың теңгеге оқу құралдарымен толық қамтамасыз етті.
Игі іс жасаушылардың қатарында Жамбыл облысының «Ахыска» Түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі де бар. Бірлестік 50-ден астам балаға кеңсе тауарлары, мектеп формасы мен спорттық костюмдері салынған мектеп сөмкелерін сыйға тартты. Сонымен қатар балалардың ата-аналарына да қаржылай көмек көрсетілді. Ал облыстық мәслихат депутаты, ҚХА мүшесі, Байзақ аудандық «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігінің төрағасы Жалил Аббосов Байзақ ауданындағы қиын өмірлік жағдайдағы көпбалалы отбасынан шыққан 30 балаға мектеп формасы, сөмке және қажетті оқу құрал-жабдықтарын сыйлады.
Жалпы әр мерекеге орай этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары тарапынан көптеген қайырымдылық шаралары өткізіліп тұрады. Мысалы, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жамбыл облыстық «Полонез» поляк тілі және мәдениеті орталығы», «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы», Жамбыл облысындағы «М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» және «Радонеж» орыстар қауымдастығының өкілдері де қайырымдылық жасап жарысудан кенде қалмайды. Сонымен бірге Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ҚХА Аналар кеңесінің мұрындық болуымен де бірқатар қайырымдылық шаралары өткізілді. Әр этномәдени бірлестіктің аналары «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілеріне, балабақшаларға, мектептерге, мамандандырылған емханаға бекітілген ерекше зейінді, ынталы, денсаулығынан үміт күттірер балаларды арнайы құттықтады.
Жалғызбасты ата-анасы мен үйде отырған жетім балалар да назардан тыс қалмады. Мәселен, Жамбыл ауданы, Гродеково ауылында «Қазақстан Республикасы күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы» РҚБ Жамбыл облысы бойынша филиалы Аналар кеңесінің төрағасы Айша Қарахметоглы қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, жетім балаларға тәтті-дәмділер және киімдей сыйлықтар таратты. Сондай-ақ Рамазан айындағы қайырымдылық шараларда да облыстық «Ахысқа» түрік этномәдени орталығы» ҚБ және Жамбыл облысы «Ассамблея жастары» РҚБ, Наурыз мейрамы қарсаңында «Қазақстан татарлар мен башқұрттар конгрессі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалы қайырымдылық акциясын өткізіп, 15 аз қамтылған отбасына көмек көрсетілді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Радонеж» орыстар қауымдастығының өкілі Оксана Дьяченко «Мектеп оқушыларының қолынан жаңа туған нәрестелерге арналған киім» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, нәтижесінде сәбилерге арналған 36 жаңа сәби жиынтығы дайындалып, таратылды, – дейді Мүбарақ Қасымқызы қайырымдылық шаралары жөнінде.
Жалпықазақстандық бірегейлік пен ұлт бірлігі – тұрақты, бірбеткей, тыныштығы мен бейбітшілігі мәңгі мемлекеттің негізі. Ендеше қолда бар тұрақтылығымыз бен бірлігіміздің өміршеңдігін көздің қарашығындай сақтап, ұлттық рухани құндылықтарымызды зор сеніммен табыстай алатын ұрпақ тәрбиелеу және береке мен тыныштығымызды қадір тұту, сақтау жолында Әділетті Қазақстанды бірге дамытып, бірге гүлдендірейік!

Мұратхан ӘЛІМХАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.