Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы бес вакцина әзірледі

0 259

БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының (БҚПҒЗИ) ғалымдары коронавирус инфекциясына қарсы бес вакцина әзірледі,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Олардың ішіндегі ең танымалы — тиімділігі клиникалық зерттеулермен дәлелденген, белсенділігі жойылған «QazVac» вакцинасы. Отандық вакцина туралы мақала The Lancet тобына кіретін беделді EClinicalMedicine медициналық журналында жарияланды. Сондай-ақ, БҚПҒЗИ ғалымдары 1 суббірлікті, 2 рекомбинантты және 1 тірі вакцина әзірледі. «Пандемия кезінде біз бірден бес платформада бірнеше коронавирусқа қарсы вакцина жасай бастадық. Бұл инактивтендірілген «QazVac» вакцинасы, вирус ақуызына негізделген «QazCOVAC-P» суббірлікті вакцинасы, екі рекомбинантты және бір тірі вакцина.

«QazCOVAC-P» суббірлікті вакцинасы клиникалық зерттеулерден өтіп жатыр. 44 еріктінің қатысуымен зерттеудің бірінші кезеңі аяқталды. Қазір 200 еріктінің қатысуымен клиникалық зерттеулердің екінші кезеңі жүргізілуде. Бұған дейін «QazCOVAC-P» вакцинасы зертханалық жануарларға жасалған клиникаға дейінгі зерттеулерден сәтті өтті. Оның ішінде, макака-резус маймылдары да болды», — деп атап өтті БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закарья. «QazCOVAC-P» суббірлікті вакцинасы вирус ақуызы мен май компонентінен тұрады. Сынақтар 18 жастан асқан еріктілер арасында өтті. Осы кезеңде вакцина өз қауіпсіздігін көрсетті.

БҚПҒЗИ ғалымдары әзірлеген каприпоксвирус пен тұмау вирусына негізделген рекомбинантты вакциналардың әзірге атауы жоқ. Бірінші рекомбинантты вакцина зертханалық жануарларда клиникаға дейінгі сынақтардан өтіп жатса, екіншісі — эксперименттік үлгілерді алу және дайындау мен бақылаудың стандартты әдістерін әзірлеу сатысында. Тірі вакцина әлсіреген SARS-CoV-2 вирусы мен тұрақтандырғыш компоненттер негізінде жасалады. Аттенуирленген штамм алу үшін 150-ден астам пассаж жүргізілді. Қазір вакцинаның иммунобиологиялық қасиеттері тексерілуде. Сондай-ақ, ғалымдар тірі вакцина жасаудың стандартты әдісін әзірлеп жатыр. Препарат зертханалық жануарларға сынақтан өтті.

Алдын ала мәліметтер бойынша, вакцина қауіпсіз және жоғары иммуногенді болып табылады. ҚР БҒМ БҚПҒЗИ аса қауіпті вирустарды зерттеумен айналысатынын атап өткен жөн. Осы уақытқа дейін БҚПҒЗИ ғалымдары препараттардың 60-тан астам атауын, оның ішінде 16 тест-жүйесін және 15-тен астам түрлі биопрепараттарды әзірлеп шығарды. Соңғы 10 жылда институт ғалымдары құс және шошқа тұмауы, нодулярлық дерматит, түйе шешегі мен бруцеллезге қарсы және басқа да отандық вакциналарды дайындау технологиясын жасады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.