Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда жүргізуші куәлігін қалай алуға болады?

0 1  509

Елімізде жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін я болмаса мерзімі жақындап қалған құжатты ауыстыру үшін не істеуге болады? Әрине, оның еш қиындығы жоқ. Бастысы, ең оңтайлы қадамдарды нақты білсеңіз болғаны, деп жазады Экспресс К

Алдымен жүргізуші куәлігін кімдер ала алатынына тоқталайық. Әрине, қазақстандықтар үшін А, В, В1, С1 санатындағы куәлікті 18 жастан алуға болады. Ал А1 кіші санатты куәлікті 16 жастан ала аласыз. Тіпті Қазақстанға келген шетелдік азаматтар да жүргізуші куәлігін алуға құқылы. Бастысы мына талаптарға назар аударсаңыз болғаны:

ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІН АЛҒАШ РЕТ АЛАТЫНДАР ҮШІН

Бірінші кезекте оқу курсын таңдау және жол қозғалысы ережелерінің теориясын меңгеру керек. Мұнан кейін нұсқаушының көмегімен автокөлікті жүргізу сабақтарын өту. Қазіргі уақытта әр қалада автокурс сабақтарын өткізетін орындар жетерлік. Бірақ бағасы әртүрлі. Сол себепті, ол жағын өз қалтаңызға сай таңдайсыз. Осы білім арқылы сіздің қолыңызға теориялық және практикалық сабақтарды өткеніңіз жайлы куәлік беріледі.

Мұнан кейін құжат жинау процесі. Оған: жеке куәлік, 073 үлгісіндегі медициналық анықтама, автокурсты бітіргені туралы куәлік және мемлекеттік баж салығын төлеген түбіртек. Қазіргі төлем мөлшері 1,25 АЕК (3828 теңге) болады.

Құжаттарыңыз толық жиналғаннан кейін теориялық емтихан тапсырасыз. Емтихан «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясының белгіленген орталықтарында орналасқан. Сізге 40 минут уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында 40 сұраққа жауап беруіңіз керек. Егер сол сұрақтардың 32-сіне дұрыс жауап берсеңіз, онда емтиханды сәтті өткеніңіз. Егер құлап қалсаңыз, онда 7 күннен кейін қайта өзіңізді сынап көруге болады.

Келесі кезең практикалық емтихан. Бұл кезеңде сіз көлік тізгініне отырасыз. Автодромда арнайы көлікпен 12 жаттығуды орындауыңыз керек. Оған 20 минут уақыт беріледі.

Бәрі сәтімен болса, онда оң бағаңызды алып, дайын куәлікті күтесіз.

ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІН АУЫСТЫРУ

Қазір жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталып қалса, онлайн ауыстыруға болады. Ол үшін мына қадамдарды білсеңіз болғаны:

  • Алдымен Еgov.kz порталында кіріп, «Көлік және коммуникациялар» бөлімінен өзіңізге қажетті «Жүргізуші куәліктерін беру» опциясын таңдаңыз және онлайн тапсырыс беріңіз. Егер айыппұлдарыңыз болса, алдын ала төлеп қойыңыз.
  • Мұнан кейін дайын құжатты алып кетуге ыңғайлы автоХҚО-ны таңдайсыз. Құжатқа тапсырыс беру кезінде қан тобыңызды көрсету, белгіленген үлгідегі фотоңызды жүктеу маңызды. Сонымен қатар ақ қағазға қол қойып, сол қолтаңбаның фотосын да жүктейсіз. Егер куәлігіңізде қандай да бір ерекше белгілер жазылған болса, сол санаттарды да таңдауды ұмытпаңыз.
  • Телефон нөміріңізді жазып, толтырылған өтінішті ЭЦП кілтіңіз арқылы қол қойып, жібересіз. Болды. Бұл жерде тағы бір ескеретін жайт, ол — мемлекеттік баж салығы. Оның құны 1,25 АЕК. Яғни — 3828 теңге.

Осылайша құжаттың дайын болғаны туралы СМС хабарлама келгенде, өзіңіз көрсеткен автоХҚО-ға барып, дайын құжатыңызды алып кетесіз. Барарда жеке куәлігіңіз бен ескі жүргізуші куәлігін ұмытпаңыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.