Қазақстанда химия өнеркәсібі қарқынды өсіп келеді
Жаңа өндірістер іске қосылып, инвестициялық жобалар кеңейеді
Саланы дамыту мәселелері экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында талқыланды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша салада 9,8 пайыз өсім қамтамасыз етілген. Нәтижесінде өндіріс көлемі 1,5 триллион теңгеге жетіп, 2024 жылғы 1,1 триллион теңгемен салыстырғанда 41 пайызға артқан.
Кәсіпорындардың болжамына сәйкес, 2026 жылы бірқатар негізгі химиялық өнімдердің өндірісі артады деп күтілуде. Атап айтқанда, аммофос өндірісі 3,8 пайызға, селитра – 8,2 пайызға, сары фосфор – 6,7 пайызға, полипропилен – 25,2 пайызға, күкірт қышқылы – 20,1 пайызға, натрий цианиді – 70,5 пайызға, хром оксиді – 0,6 пайызға, ал каустикалық сода өндірісі 10,4 пайызға өседі деп болжанып отыр.
Саладағы өсімге жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы да елеулі үлес қоспақ. Биыл «ЕвроХим» ЖШС-нің жаңа зауыты іске қосылып, қосымша 800 мың тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылдың екінші жартысында Жамбыл және Түркістан облыстарында натрий цианиді өндірісінің екінші кезеңін іске қосу, сондай-ақ сутегі асқын тотығы мен натрий персульфатын өндіретін жаңа қуаттарды енгізу жоспарланып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бірқатар жүйелі мәселелерді шешу маңызды. Олжас Сапарбековтың айтуынша, техникалық күкіртке сұраныстың жоғары болуы Энергетика министрлігі және «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп ішкі нарықты басымдықпен қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті баға қалыптастыру механизмін әзірлеуді талап етеді.
Қазіргі уақытта елімізде жыл сайын шамамен төрт миллион тонна күкірт өндіріледі. Оның шамамен 10 пайызы, яғни 400 мың тоннасы ішкі нарықта тұтынылады. Ал 2030 жылға қарай кейбір кәсіпорындардың қажеттілігі екі миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде өндірісті кеңейтіп, химия саласының әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Жиын барысында сала кәсіпорындарының өкілдері де өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, «Каустик», «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы, «ҚазАзот» және «Қазфосфат» компаниялары химия өнеркәсібін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Мәселен, «Қазфосфат» ЖШС басшылығы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асырып, 2029 жылға қарай минералды тыңайтқыштар өндірісін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Тараз қаласында жылдық қуаты 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Жаңатас қаласындағы химиялық кешенде әрқайсысының қуаты 800 мың тонна болатын екі жаңа цех салу жоспарланған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін шикізат базасын нығайту қажеттігі де атап өтілді.
Кәсіпорын өкілдері сондай-ақ электр энергиясының тарифтік саясатының ашықтығын қамтамасыз ету және прекурсорлар айналымын лицензиялау рәсімдерінің күрделілігі секілді мәселелерге назар аударды. Бұл факторлар жаңа өндірістерді іске қосу процесіне әсер ететінін айтты.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин профильді мемлекеттік органдарға көтерілген мәселелерді жан-жақты пысықтауды тапсырды. Оның ішінде кәсіпорындарға өндірісті тиімді жоспарлау үшін электр энергиясына тәуліктің уақытына қарай сараланған тарифтер енгізу мүмкіндігін қарастыру, ішкі нарықты күкіртпен бәсекеге қабілетті бағада басымдықпен қамтамасыз ету тетігін әзірлеу және толлингтік операцияларға қатысты түзетулерді жедел қарау мәселелері бар.
Сондай-ақ ұлттық режимнен алып тастау нормаларын ұзарту бойынша ұсыныстар дайындау тапсырылды. Сарапшылардың пікірінше, қабылданатын шаралар химия өнеркәсібінің тұрақты дамуына серпін беріп, ел экономикасының индустриялық әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.