Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бүгін Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа елдегі медицинаның сын көтермейтінін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.
Депутаттар сайлаушылармен кездескенде бірінші кезекте қойылатын сұрақ: «Қашан Қазақстанда біз өз азаматтарымызды дұрыс емдей аламыз?». Расында да Қазақстанда байлар емделмейді, кедейлерді емдей алмаймыз, — дейді Елнұр Бейсенбаев.
Ол Қазақстанда 6 мыңнан астам ауыл бар екенін, ол жақта 8 миллионға жуық адам тұратын еске салып өтті. Бұл ретте сол ауыл халқының арасында әлеуметтік сауалнама жүргізсе, отандық медицинаға сенімсіздік танытатыны сөзсіз деп отыр.
Бірақ депутаттың бұл пікірі министрге ұнаған жоқ. Ол мәжілісменге халық атынан бұлай айтуға қақыңыз жоқ деп ескертті.
Бұл пікіріңізбен келісе алмаймын. Медицина халықты емдемейді деп сенімсіздік танытып отырсыз. Осында отырғандардың басым бөлігі дәрігерлерге барып, ем алып жүргенін білемін. Сондықтан халықтың атынан бұлай айтудың керегі жоқ сияқты, — деді Ажар Ғиният.