Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия жарияланбақ

0 41

Қазақстанда ел тарихында тұңғыш рет әкімшілік амнистия жүргізу жоспарланып отыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан 17 наурыз күні көтерілді. Аталған шешім жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қолға алынған.

Жоспарланған амнистия азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған тұлғаларды қамтиды. Негізгі жаңашылдық – әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша айыппұлдарды толық немесе ішінара есептен шығару мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бірлесіп, амнистияны жүзеге асырудың нақты тетіктерін әзірлеуде. Заң жобасы аясында құқық бұзушылық түрлері, амнистияға ілінетін азаматтар санаты және айыппұлдарды есептен шығару тәртібі толық нақтыланбақ.

Сонымен қатар, амнистия барлық құқық бұзушыларға бірдей қолданылмайды. Атап айтқанда, террористік және экстремистік қылмыс жасағандар, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғалар, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс жасағандар, азаптау фактілеріне қатысы бар адамдар бұл шарадан тыс қалады. Бұдан бөлек, қайталама қылмыс жасағандар мен соттан жалтарып жүрген азаматтарға да амнистия қарастырылмаған.

Айта кетейік, амнистия туралы заңды Парламент сессиясының соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр. Егер заң қабылданса, бұл қадам құқықтық жүйеде жаңа тәжірибе қалыптастырып, азаматтардың әлеуметтік жүктемесін азайтуға бағытталған маңызды шара болмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.