Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуі

0 230

Құрметті отандастар!
Баршаңызға мəлім, қазір бүкіл əлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде. Жаһан жұртын коронавирустың таралуы алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялаған індет күннен-күнге ушығып барады.
Өкінішке қарай, осы дерт біздің елімізде де тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мəліметіне сəйкес 9 азаматымыздан коронавирустың белгілері анықталды. Вирус жұқтырған азаматтар жəне олармен байланыста болған адамдар анықталып, дəрігерлердің бақылауына алынды.
Қазақстан көптеген елмен салыстырғанда ертерек қамданып, арнайы сарапшылар штабын жəне Үкімет деңгейінде ведомствоаралық комиссия құрды. Індеттің таралуын болдырмау үшін арнайы жоспар жасалды. Менің Жарлығыммен 2020 жылғы 16 наурызда таңғы сағат 8.00-ден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Төтенше жағдай режимі 30 тəулікке созылады. Президент жанынан Мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-Министр басқарады. Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылады. Қоғамдық тəртіп қатаң бақылауға алынады. Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды. Көптеген азаматымыздың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін. Дегенмен бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз. Ірі сауда орындарының жұмысын шектеуге мəжбүрміз. Бірақ азық-түлік жəне аса қажетті тауарлар сатылатын дүкендер, базарлар, соның ішінде сауда жəне ойын-сауық орталықтарында орналасқан нысандар өз жұмысын жалғастыра береді. Базарлардың жұмыс істеу режимін жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде Мемлекеттік комиссия белгілейді. Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер жəне жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылады. Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті.
Сондай-ақ азаматтарымыз отбасылық іс-шараларды өткізбеген жөн деп санаймын. Қазақстан Республикасының аумағына кіруге жəне шығуға шектеу қойылады. Алайда бұл шара жүк тасымалына қатысты емес. Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен əуежайларда санитарлық режим күшейтілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қорынан дəрі-дəрмек, тест-жүйелерін жəне зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Осы шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. Мұны дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Сақтанғанды Құдай сақтайды. Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Қиындықты бəріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге əр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Əр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматы өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бəріміз сабыр сақтап, тəртіпке бағынуымыз керек.
Дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дəрігерге қаралу қажет. Медициналық тексерістен бас тартып, карантин режимін бұзған азаматтар жауапқа тартылады. Ең алдымен, еліміздің азаматтары өзінің жəне жақындарының денсаулығына баса мəн беруі тиіс. Жеке гигиенаны сақтап, көпшілік жиналатын жерлерге бармаған жөн. Бəріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сəтте сыналады. Мұндай күрделі кезеңде денсаулық саласының қызметкерлеріне зор сенім артылады. Олар кəсіби біліктілік пен жанашырлық танытып, азаматтардың денсаулығын сақтау үшін аянбай қызмет етеді деп сенемін.
Ардақты ағайын!
Бүгінде коронавирустың жаһандық экономикаға тигізген кері əсеріне куə болып отырмыз. Бұл бүкілəлемдік экономика жүйесіне жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін аңғартты. Қазақстан да əлемнің бір бөлігі. Сондықтан біздің еліміз де осы ауқымды дағдарыстың салдарын сезінуде. Дегенмен осындай ахуалға қарамастан, біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Əлеуметтік мəселелердің ушығуына жəне жұмыссыздыққа жол бермейміз.
Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміздің халықаралық қорындағы қаражат шамамен 90 миллиард долларға жетті. Бұл ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтауға, барлық əлеуметтік міндеттемелерді орындауға кепілдік береді. Біз бюджетті қайта қарап, халықты жұмыспен қамтуға жəне бизнесті дамытуға баса мəн береміз. Отандық кəсіпкерлерді қолдауға жəне жаңа жұмыс орындарын ашуға кемінде 300 миллиард теңге бөлінеді. Бизнеске бөлінетін несие көлемінің азаюына жол беруге болмайды. Ішкі нарықты жандандырып, өндірісті ынталандыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына арналған қаржы көбейеді. Елімізде азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді. Менің тапсырмама сəйкес Үкімет жəне барлық деңгейдегі əкімдер осы мəселені қатаң бақылауда ұстайды. Сондай-ақ мен «Əлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат биліктің жəне мемлекеттік органдардың ұтымды жұмыс істеуіне жол ашады. Сондай-ақ дағдарыс жағдайында түрлі салаларға, соның ішінде салық жүйесіне қатысты шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Жарлық дəрі-дəрмек пен басқа да жабдықтарды жеңілдетілген тəртіппен сатып алуға жағдай жасайды. Бұл ретте отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Осылайша, біз уақытты жəне қаражатты үнемдейміз. Мұның қалыптасып отырған төтенше жағдайдағы маңызы зор. Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын əрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сəйкес жауапқа тартылады. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар тек ресми мəліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек. Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан бəріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет. Береке мен бірлік бəрін де жеңеді!
Қадірлі қазақстандықтар!
Біз – тарихымызда небір қиындықты бастан өткерген халықпыз. Сол сынақтардан, ең алдымен, береке-бірліктің арқасында сүрінбей өттік.
Бүкіл халықты жұдырықтай жұмылуға, сабыр сақтауға шақырамын. Бұл күрделі жағдайды бəріміз бірге еңсереміз деп сенемін! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын! Біз біргеміз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.