Қазақстан энергетикасы: келешекке нақты сенім
Энергетика – ел экономикасын қамтамасыз ететін өмірлік маңызды жүйе. Оның тұрақтылығы мен тиімділігі әр үйдегі жайлы тұрмысқа, елдің қарқынды дамуына және сенімді түрде алға жылжуына тікелей әсер етеді. Еліміз елеулі энергетикалық ресурстарға ие бола отырып, жаңа дәуірге қадам басты. Бұл бағытта сенімділік, инновация және экологиялық жауапкершілік негізгі қағидаттар болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Энергетика – бүкіл экономиканың қозғаушы күші». Сондықтан оның дамуына басымдық берілуге тиіс. Бұл жайында Президент 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында: «Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек», – деген болатын.
Аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелеу қажеттігін Қ.Тоқаев 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында тағы нақтылап өтті.
– Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады.
Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы.
Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша.
Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады.
Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек.
Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.
Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді.
Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет, – деген Мемлекет басшысы өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керектігін нықтап айтты.
Жолдауда елімізде бірнеше атом электр станциясын салуға баса назар аударылғаны белгілі. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін әуелі 8 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында басталған ірі қуатты атом электр станциясын салу жобасын табысты аяқтау қажет.
Атом энергетикасын дамыту – технологиялық көшбасшылыққа, энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға және жаһандық климаттық міндеттерді шешуге жол ашатын батыл қадам. Жоғарыда атап өткеніміздей, алғашқы атом электр стансасын салу орны ретінде Алматы облысы таңдалды. Жобалық жұмыстар қолға алынды, ең сенімді және қауіпсіз технологиялар қарастырылып жатыр. Бірақ алғашқы станса – тек бастама. Мақсат – уран өндіруден бастап, отын өндірісі, озық ғылыми зерттеулер, ядролық медицина және жоғары білікті мамандар даярлауға дейінгі аралықтағы барлық кезеңді қамтитын ядролық кластер құру.
Осыған орай жоба аясындағы алғашқы жұмыстар – станция құрылысына арналған оңтайлы алаңды айқындау және жобалық құжаттаманы әзірлеу мақсатындағы инженерлік іздестірулер басталды. «Росатомның» Инжинирингтік дивизионының мамандары алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылап, топырақ сынамаларын алу жұмыстарына кірісті. Бұл зерттеулер аумақтың сейсмикалық тұрақтылығын, гидрогеологиялық ерекшеліктерін және өзге де параметрлерін бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай бағалау – болашақ станцияның сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің міндетті шарты. Осы кезеңде кемінде 50 ұңғыма бұрғыланып, олардың тереңдігі 30-дан 120 метрге дейін жетеді. Алынған деректердің негізінде АЭС-тің нақты орналасу орны айқындалады.
Инженерлік іздестірулердің басталуы – АЭС жобасының қауіпсіздігіне, сенімділігіне және экономикалық тиімділігіне тікелей әсер ететін маңызды кезең. Дәл осы жұмыста аумақтың геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық және экологиялық сипаттамалары кешенді түрде зерттеледі. Зерттеу нәтижелері станцияны орналастыру жөніндегі түпкілікті шешім қабылдауға негіз болады. Бұл іздестірулер жобаның халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етіп, экологиялық және техногендік қауіптерді азайтуға, болашақ атом электр станциясын тиімді жобалауға мүмкіндік береді.
Болашақ станцияның негізінде электр қуаты 1 200 МВт болатын III+ буынның заманауи ВВЭР-1200 су-су энергетикалық реакторлары орнатылады. Бұл технология ең қатаң халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай және қазіргі уақытта Ресей, Беларусь, Түркия, Бангладеш, Мысыр және Қытайдағы қолданыстағы әрі салынып жатқан нысандарда табысты пайдаланылып келеді. Реактордың қызмет ету мерзімі – 60 жыл, қосымша 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
Мамандардың айтуы бойынша, Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы 10-12 жылға созылуы мүмкін. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, халықаралық стандартқа сәйкес, бұл жұмыс кемі екі жыл уақыт алады. Жоба-сметалық құжатын жасау, құрылысқа дайындық кемі 3 жылға созылуы ықтимал. Содан кейін ғана станция құрылысы басталмақ.
Жолдауда айтылғандай, бұл – елімізде салынатын жалғыз станция болмайды. Осыған орай Атом энергиясы жөніндегі агенттік стратегиялық нысанды салуға тиімді аймақтарды қарастырып, зерделеп жатыр.
Агенттік төрағасының айтуынша, екінші АЭС-тің қазығы қағылатын алаңды ел Үкіметі тиісті ведомствомен бірлесе отырып анықтайды екен.
– Заңнамаға сәйкес, біз Энергетика министрлігімен кеңес отырып тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Негізгі анықтаушы фактор – болжамды энергия тапшылығы мен ұлттық энергия жүйесінің тұрақты орналасуы. Алдын ала болжам бойынша, екінші станция елдің оңтүстігінде бой көтеруі керек деп есептейміз. Сонымен қатар шығыс пен батысты да зерттеп жатырмыз, бұл өңірлердің де болашағы бар, – дейді А.Сәтқалиев.
Қазіргі кезде екінші және үшінші АЭС-ті салып беруге ниетті қытайлық компаниямен де келіссөз жүріп жатыр. Нақты келісімге әлі қол қойылмаған. А.Сәтқалиевтің айтуынша, алдымен бұл станциялар салынатын жер анықталып, құжаты жасалып, қайдан қаржыландырылатыны анықталуы керек.
Әрине, атом электр станциясының құрылысы әп-сәтте біте салатын жұмыс емес екені бесенеден белгілі. Әсіресе, оның халықаралық талаптарға сай әрі қоршаған ортаға қауіпсіз болуы аса маңызды. Осыған орай Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттігімен (АЭХА) тығыз қарым-қатынас орнатып, иық тірестіре жұмыс істеуге мықтап кірісіп отыр.
Осыған байланысты тараптар арасында келіссөздер жүргізіліп, олардың барысында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы негізгі мәселелер: ядролық медицинаны дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті күшейту, заманауи ғылыми-техникалық шешімдерді энергетикаға, агроөнеркәсіптік кешенге, медицина мен өнеркәсіпке енгізу талқылануда. Сонымен қатар АЭХА-ның Азық-түлік қауіпсіздігі орталығымен ауыл шаруашылығы үшін ядролық технологияларды қолдану және азық-түлік сапасын арттыру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылып отыр. Мамандар даярлау, тәжірибе алмасу және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейту мәселесі де алдыңғы қатарлы шарттардың бірі ретінде қарастырылуда.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев АЭХА-мен ынтымақтастық аясында техникалық ынтымақтастық, реттеу, кадрлар даярлау және халықаралық қауіпсіздік стандарттарын енгізу саласындағы қолдауыңызды жоғары бағаланатынын айтады. Бұл ретте Қазақстан ядролық энергетика мен ғылымнан бастап инновациялық технологиялар мен ядролық медицинаға дейін барлық салада өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге дайын. Өз кезегінде АЭХА өкілдері консультациялық және әдістемелік көмек көрсетуді қоса алғанда, сараптамалық және практикалық қолдау беруге әзір.
Атом қуатын игерудегі басты талаптардың бірі – әлем елдерінде жұмыс істеп тұрған станциялардың тәжірибесін игеру. Осы мақсатпен жуырда Қазақстан Республикасы делегациясы Финляндиядағы «Олкилуото» атом электр станциясымен танысып қайтты. Делегация құрамына Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің өкілдері, сондай-ақ салалық ұйымдардың мамандары кірді.
«Олкилуото» атом электр станциясы – Еуропадағы ең ірі станциялардың бірі. Сондай-ақ бұл АЭС – әлемдегі ең қуатты реакторлардың қатарында. Қуаты – 1 600 МВт. Станция ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы заманауи технологияларды енгізуімен, сондай-ақ пайдаланылған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды жерасты қоймаларында тиімді сақтау шешімдерімен танымал. Пайдаланылған ядролық отын қоймасы 400 метр тереңдікте орналасқан және әлемде алғашқы осындай нысан болып саналады.
Сондай-ақ делегация Финляндияның Ядролық қауіпсіздік жөніндегі басқармасымен (STUK) жеке кездесу өткізді. Кездесу барысында атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мәселелері, тәуелсіз қадағалаудың рөлі және екіжақты ынтымақтастықтың болашағы бойынша тәжірибе алмасты.
Сапар барысында тараптар білім мен үздік тәжірибелер алмасудың маңыздылығын атап өтіп, жоғары халықаралық стандарттарға негізделген ұлттық реттеу жүйесін қалыптастырудың қажеттігін көрсетті. Сапар қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанға Финляндия Президентінің биылғы жылдың күзінде жасайтын сапары аясында әрі қарайғы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қоюға келісті.
Мемлекет басшысының Жолдауында көмір энергетикасына да баса назар аудару қажеттігі айтылғаны белгілі. Бұл ретте елімізде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге күш салынып отыр. Бұл елдің энергетика саласындағы дамыту стратегиясын айқындап, көмірдің бай қоры жаңа қағидалар бойынша пайдаланылады.
Бұл мақсатпен Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осы міндетті іске асыруға қатысты жоспарларды таныстырды. Ол жаһандық декарбонизация үрдісін және ұлттық көміртек ізін азайту бағытын ескере отырып, Қазақстан «таза көмір» технологияларын таңдағанын айтты.
Бүгін елімізде энергетикалық көмірдің расталған қоры 33,6 млрд тоннаны құрайды. Мұндай жағдайда жақын перспективада көмір генерациясынан толық бас тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Оның орнына озық технологияларды пайдалану арқылы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тәсіл іске асырылады.
– Осыған байланысты жаңа көмір станцияларының құрылысы мен қолданыстағыларын жаңғырту экологиялық талаптар мен нормаларға сай, қоршаған ортаға әсері барынша аз «таза көмір» технологиялары негізінде жүзеге асырылады. Мұндай жобалардың жарқын мысалы ретінде Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын ЖЭО-ларды, сондай-ақ Курчатов пен Екібастұз қалаларындағы ірі электр станцияларын айтуға болады, – дейді Ерлан Ақкенженов.
«Таза көмір» технологияларын қолдану экологиялық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етіп, қоршаған ортаға ықпалды азайтады және көмір генерациясының тиімділігін арттырады, сонымен бірге тұтынушылар үшін электр энергиясының қолжетімділігін сақтап қалады.
Бұдан бөлек, елімізде «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба табысты жүзеге асуда. Оның аясында пилоттық жобаларды қаржыландыру, сатып алу тетігі, отандық өндірушілерді қолдау және «Smart Turmys» бірыңғай цифрлық платформасын құру қолға алынған.
Қазіргі уақытта аталған құжат аясында 48 пилоттық жоба бекітілген. Биыл «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ желісі бойынша Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10 пилоттық жобаны іске қосуға 22,5 млрд теңге бөлінді. Бұл – «ҚТК» АҚ тарапынан әкімдіктердің облигацияларын сатып алып, жылу, су, су тазарту және электрмен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға бағытталған алғашқы тәжірибе.
«Қазақстанның Даму банкі» АҚ қарауында жалпы құны 118,4 млрд теңгені құрайтын 8 жоба бар. Мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілер мен табиғи монополия субъектілері арасында өзара іс-қимылды ұйымдастырды. Отандық өндірушілердің тізілімі жасақталуда. Өңірлер бойынша 669 EPC-мердігер және 2,2 трлн теңгенің 2,7 мың тауар позициясы айқындалды.
Офтейк келісімшарттар аясында өндірісті жолға қою үшін әлеуетті тауарлар тізімі жасалды. Тауарларға деген сұраныс Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және «QazIndustry» АҚ-ның ресми сайттарында жарияланды.
Сондай-ақ электрондық сатып алу платформасы әзірленуде. Саладағы қауымдастықтар мен отандық өндірушілерге тауарларды сатып алу тетігін түсіндіру бойынша кездесулер өтті. Ұлттық жобаның негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында өңірлерде көшпелі семинар-кеңестер жалғасуда. ЭКСЖ-ның жүзеге асырылу барысы modernization.kz сайтында және «Модернизация.Кз» Telegram-арнасында жарияланып отырады.
Жалпы, елді өз энергетикалық ресурстарымен қамтамасыз ету және сенімді резерв құру – жай ғана міндет емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Тұтынудың артуы, өнеркәсіп пен қалалардың қарқынды дамуы тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін Қазақстан өз энергетикалық болашағын өзі басқаруы керек. Осы мақсатта Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі саланы дамыту жөнінде ауқымды жоспар әзірлеген. Ол қосымша 26 ГВт генерациялау қуатын іске қосуды көздейді. Бұл – жай ғана сан емес, нақты жобалар: жаңа электр стансаларын салу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту және озық технологияларды енгізу. 2024 жылы 770 МВт-тан аса жаңа қуат көздері іске қосылса, алдағы екі жылда бұл көрсеткіш тағы 3 ГВт-қа, 2029 жылға қарай 6,6 ГВт-қа артады. Бұл өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, қажетті тұрақтылық қорын да қалыптастырмақ.
Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру, аспаптармен жабдықтау және жасанды интеллекті енгізу, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеу мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.
Жаңартылатын энергетика саласы да қарқынды дамып келеді. Күн, жел, су – сарқылмайтын қуат көздері, олардың отандық энергетикалық баланстағы үлесі арта бермек. Қазірдің өзінде күн және жел электр стансалары салынып жатыр, озық технологиялар енгізілуде. 2025 жылы жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) жалпы қуаты 450 МВт-тан асатын жаңа нысандар іске қосылады.
Газ саласын дамыту – ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету ғана емес, экспорттық мүмкіндіктер мен әлеуметтік әл-ауқаттың маңызды факторы. Газбен қамту деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар, әсіресе Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында жүргізіліп жатыр. Газ тасымалдау жүйесін жаңғырту және жаңа газ құбырларын салу арқылы өткен жылы 300 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізді. Тұрақты газбен жабдықтау өңірлердің өнеркәсіптік дамуын да ынталандырады. Оңтүстік аймаққа ерекше назар аударылып, онда «жасыл» энергетика мен бу-газ қондырғылары саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі заманғы энергетиканы цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Бізде интеллектуалды желілер (Smart Grids), энергия тұтынуды басқару жүйелері және басқа да «ақылды» шешімдер белсенді түрде енгізіліп жатыр. Энергетика министрлігінің Ахуалдық-талдамалық орталығы іске қосылды, ол нақты уақыт режимінде саланың барлық нысанындағы жағдайды қадағалауға, жедел әрекет етуге және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Энергетикалық кешеннің алдында ауқымды әрі жауапты міндеттер тұр. Энергетика саласы мамандарының кәсіби шеберлігінің, Мемлекет басшысы мен әрбір азаматтың қолдауының арқасында бұл міндеттерді орындауға толық сенім бар. Қазақстанда заманауи, сенімді, тұрақты және тиімді энергетикалық жүйе құрылады. Бұл жүйе елдің өркендеуінің берік негізіне айналып, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке өз үлесін қосады.
Еркін САЙЫН