Қазір әлемдік геосаяси ахуал күн сайын құбылып тұрғаны жасырын емес. Әлемдік державалардың өзара текетіресі де бұл ахуалды одан сайын күрделендіре түсуде. Осындай сәтттерде Қазақстан өзінің нақты ұстанымын білдіруден ешқашан тайған емес. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында назардан тыс қалдырмады.
«Қазақстан орналасқан жері, экономикалық әлеуеті және қазіргі геосаясат ахуалы тұрғысынан алғанда, әлемнің көптеген мемлекеті үшін стратегиялық маңызы бар ел саналады. Бізбен байырғы серіктестеріміз ғана емес, сонау Африка құрлығындағы мемлекеттер де достық қатынас құруға мүдделі. Батыста, жалпы жер жүзінде Қазақстанды орта держава деп атайды. Әрине, бұл мәртебенің салмағы да ауыр. Біз, ең алдымен, халықаралық аренадағы іс-әрекеттерімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның аса күрделі мәселелеріне келгенде, сындарлы ұстанымда болуымыз керек» – деген ел Президенті Қазақстан «барша адамзаттың ортақ үйі», еш баламасы жоқ әрі әмбебап құрылым саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымын қашанда жақтайтынын қадап айтты.
Расында, еліміз егемендікті еншілеген сәттен бастап кез келген халықаралық мәселеге өз пікірін білдіріп, елордамыз – Астананы келіссөздер алаңы ретінде ұсынып келеді. Асқақ Астанамыздың төрінде қаншама геосаяси мәселелер өз шешімін тапқаны баршамызға белгілі. Соның нәтижесінде елімізде сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілі татулық пен тұрақтылықтың бесігінде тербелуде. Бүгінде Мемлекет басшысы ұстанып отырған саясат кешегі хан Абылайдың өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай көптің тілін таба білген дипломатиялық кемеңгерлігімен үндес. Сондықтан ел Президентінің осы саясатын көп болып қолдауымыз қажет.
Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры