Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстан қай елдерге қарыз?

0 1  360

ҚР Ұлттық банкінің дерегінше, 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 164,1 млрд. долларға жетті.
Жалпы қарыз сомасындағы мемлекеттік сектордың (мемлекеттік басқару органдары мен Ұлттық банк) үлесі – 9,9% (16,3 млрд. доллар), банктердің үлесі – 3% (5 млрд. доллар), фирмааралық сектордың үлесі – 61,4% (100,7 млрд. доллар), басқа секторлардың үлесі – 25,7% (42,2 млрд. доллар).э

Ұлттық банк басқа секторлар бөліміне нақты қандай қарыздар жататынын ашып жазбаған.

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, басқа секторларға квазимемлекеттік секторлардың да қарызы кіреді. Квазимемлекеттік секторға мемлекеттің үлесі бар ұлттық, мемлекеттік компаниялардың сыртқы қарызы кіреді. Әдетте олар шетелден қарыз алған кезде Қазақстан үкіметі кепіл болады.

«Бұл жерде «Басқа секторлар» деген бөлімнің берешегі алаңдатады. Шындығына келсек, квазимемлекеттік сектор осы бөлімге жатқызылады. Демек ұлттық, мемлекеттік компаниялардың сыртқы қарыздары дәл осы жерде шоғырланған. Олардың үлесі қандай? Меніңше, осының бәрі ашық көрсетілуі керек. Өйткені квази­мем­лекеттік сектордың қарызын тү­бінде мемлекет төлеуі мүмкін. Сон­дық­­тан мұндай қарыздарды «Басқа да сектор­­лардың» ішіне жасырып қойған дұрыс емес. Дұрысы квазимемлекеттік сек­тор­дың берешегін үкіметтің қары­зына жатқызу қажет», – деді экономист еgemen.kz-ке айтқан пікірінде.

Айта кетейік, 2015 жылы шілдеде «Қазмұнайгаз» компаниясының 4 млрд доллар қарызын Ұлттық банк төлеп бергенін еді. Оның өтемі ретінде Ұлттық банк мұнай компаниясының 10% акциясына ие болды. Экономист Мақсат Сералының айтуынша, Ұлттық банк мұнай бағасы төмен кезде акция сатып алды. Ал ол Ұлттық қор қаражаты үшін нашар инвестициялық салым болған.

Сенатор Сағындық Лұқпановтың мәліметінше, Қазақстан теміржолы компаниясының қарызы 2 трлн-ға жетті. ҚТЖ-ға бес жылда мемлекет қазынасынан 171 млрд теңге берілген. Алайда теміржол компаниясының жағдайы жақсармаған. Енді компания карыздың кесірінен құнды қағаздарын да сатылымға қоя алмай отыр.

Естеріңізде болса, 2015 жылы мемлекет Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) компаниясының 350 млн доллар сыртқы қарызын төлеп берді. Бұл қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) несие ретінде алынды.

Жалпы, сыртқы қарыз бойынша Қазақстан халықаралық ұйымдарды қоспағанда, барлығы 133 елге қарыз. Ең көбін Нидерланд берген – 44,2 млрд. доллар. Оның 42,9 млрд. доллары – фирмааралық қарыз.

Жалпы сыртқы қарыздағы мемлекеттік сектордың үлесі – 9,9% (16,3 млрд. доллар). Мемлекеттік секторға мемлекеттік басқару органдары мен Ұлттық банктің үлесі кіреді.

«Мұнай бағасының құлдырауынан және коронавирус пандемиясы әсерінен экономикалық өсім баяулап, өндіріс көлемі төмендеді. Сондықтан Үкімет сырттан қарыз сұрауға мәжбүр», – делінген Ұлттық банктің есебінде.
Еkonomist.kz мәліметінше, үкімет қарызды бюджет тапшылығын жабу үшін алса, Ұлттық банк коммерциялық банктердің банкротқа ұшырау ықтималдығын азайту үшін алады.

Сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 2020 жылдың аяғындағы 95,4%-бен салыстырғанда 2021 жылғы 1 сәуірдегі 96,6%-ды құрап, жыл басынан бері 1,2% нашарлаған.
2021 жылғы бірінші тоқсанда елдің сыртқы қарызы 0,8 млрд. долларға өскен.

«Елдің ішкі және сыртқы қарыздарын басқару сапасын көтеру қажет. Бұл — мемлекеттің қазіргі және болашақтағы бюджетінің тұрақтылығының кепілі. Алдағы 25 жылда мемлекет жоспарлаған міндеттерді орындау үшін алты есе көп қаржы жұмсалады деп болжап отырмыз», — деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президенттің айтуынша, 2025 жылы сыртқы қарыздың ара-салмағындағы Үкімет қарызының үлесі 21%-дан 49%-ға дейін артпақ. Сонымен қатар, Ұлттық қор қазіргі кезде қаржыны жинақтау режимінен оны тұтыну режиміне көшкен. Былтыр Ұлттық қордың республикалық бюджет кірісіне қатысты трансферті 40%-ға өскен. 2021 жылы ол 36% болмақ.

Мемлекеттің сыртқы қарызын өтеуге шамасы жетпесе не болады?

«Мемлекет сыртқы қарызды қайтара алмаса, кепілге қойылған мүлкінен айырылады. Мысалы, бір жылдары Тәжікстан Қытайға қарызын қайтара алмай, жер берген еді. Бірақ Қазақстанның жер байлығы, қазба байлықтары бар. Сондықтан елдің қарызын толық қайтаруға мүмкіндігі бар», – дейді сарапшы Мақсат Сералы.
Дереккөзі: https://aikyn.kz/162558/kazakstan-kay-elderge-karyz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.