Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ құсбегілігінің келешегі қандай?

0 514

Жапар Сатылғанов,
натуралист-құсбегі,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін оның тілі, діні, тарихы мен мəдениетінің алатын орны ерекше. Тамырын тереңге жайған тарихымызға үңілетін болсақ, мəдениет пен өркениеттің пайда болып, дамыған ортасы, бастау бұлағы ол біздің ұлан байтақ жеріміз екенін көре аламыз. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында осы құндылығымыз ерекше бағаланады. Сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қырының» бір бөлігі саятшылық пен құсбегілік болғаны анық айқындалған.

Қазақ құсбегілігі жайлы сөз қозғағанда, ойымызға бірден «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора ұстап алады», – деп қыран атаулы «қайғырған», Жетісуды жайлаған Шора құсбегінің аты оралатыны, оның кейінгі зерделеу барысында Бәйдібектің Жәлменбетінің, құладінді қайырып қуға салып сахарын қиғызған, қырандарының өзі 15 болғаны «Түп-тұқияннан өзіме дейін» атты тарихи еңбекте дәлелдей жазылғаны талайды таң қалдырып жүр… Ал бүкіл өңірге аңыз боп айтылатын «Тінейдің «Сары құсы», атақты хан Абылайдың 500 қыран ұстағаны сияқты талайды таң қалдыратын тарихи деректер жетерлік. Әйтсе де, әуелде аңшылық-саятшылық жолымен басталған құсбегілікті қазақтың серілік салтымен үлкен өнер биігіне дейін көтерген Ақан сері сынды «сегіз қырлы» сал-серілер көшпенділер, қазақ тарихында ықылым заманнан өшпес із, тасқа басқандай аталы тарих тастап, әлемді әлі күнге қазақтың елі мен жеріне «ғашық» етіп қызықтырумен келеді.

«Қауырсын» құсбегілер клубы

Қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан ағамыз құсбегілікті «қазақта еске алынбай жүрген тарихи ескерткіші» деп бағалаған. Тарихқа жүгінсек, қазақтың игі жақсылары – Абай, Мұхтар, Сәбит, Шәкәрім сынды дүлдүлдердің ешбірі құсбегілікке көңіл аудармай өтпепті…
Кешегі өткен заманда аталарымыз қыранды, әсіресе бүркітті киелі деп тәу еткен. «Толғағын жеңілдетеді» деген сеніммен босана алмай жатқан ананы қыран қанатымен желпіген. «Жын-шайтанды қуады» деп үйлеріне қыран-бүркіт кіргізетін де ырым бар. Айта берсе көп… Тіпті кеңестік империя «сойылы» «Бүркіт бір сілкінсе, бір пәле кетеді» деген қазақтың ескі ырым-салтынан қорыққан. «Құсбегілік – ислами қағида, діншілдік» деп ислам дінімен қоса қудалап, жерлегісі де келген, сол шовинистік қиянаттың кесірінен сонау 60-70 жылдары тұрғылықты қазақ жерінде құсбегілер некен-саяқ болыпты. Мен дүниеге келген 1953 жылдары Шу-Талас бойын жайлаған ұланғайыр өңірде, терең жал-жал құмда жабындыға ұя салып, тек қарақұйрық, қасқыр, шиебөрі сияқты ірі аңдармен қоректенетін шөл бүркітін аңға салған құсбегі жалғыз-ақ менің әкем Тілеужан Сатылғанұлы қалғанын қариялар өкінішпен айтатын. Абырой болғанда, 1961 жылдары арғы бет – Қытайдан оралған бауырларымыздың арасында құс тілін білетін біршама ағайындарымыз болды. Бүгінгі Алматы облысындағы Нұра ауылы «Сөгеті» мал совхозын құрып, бүгінгі алматылық құсбегілердің басым бөлігін құрап, қазіргі қазақ құсбегілерінің негізгі тобы да сол асыл ағайындардың ұрпағы екенін айтуға тиіспін.
Қасиетті Шу бойында құс салған менің әкем Тілеужан жарықтық көбіне «Қазықтының жалғызы» атты шөл бүркітін көп көзіне түсе бермейтін қалтарыста ұстап бағатын…
Ел құлағы – елу: әйтсе де, жер-жерден осы қыран бүркітке қызығушылар көп болған. Сол 1970 жылдардың аяғында СССР-де бас хатшы Л.Брежневтің арнайы тапсырмасымен, жастарды есірткі, маскүнемдіктен аулақтатып қызықтырар «Клуб по интересам» (қызығушылардың клубы) атты бір қозғалыс болған. Сол қозғалысты біз іште жатқан өз ойымызды іске асыруға пайдаланып, «Жас тұлпар» үгіт бригадасымен «Қауырсын құсбегілер» клубын құрдық. Натуралистер мектебінде белгіленіп, арнайы жалақы төленетін сабақ та жүрді. Шу ауданының партия комитеті мен мәдениет бөлімі арнайы қаулымен клубқа 5 ат бөлген. Тұрымтайдан бүркітке дейінгі көп қырандар арнайы бағылды. 1978 жылы облыстық Сабан тойда «Қауырсын құсбегілері» облыстық ипподромда талайды тәнті етіп, аталы өнер көрсеткен, міне, сол күннен бастап, одақтық, дүниежүзілік газеттер «Вокруг света» сияқты журналдар Қазақ жеріндегі «Қауырсын құсбегілер» клубын әлемдік жаңалыққа балап жарыса жазды, одақтық теле, радио, кино, хабарларға қатысып, Куба, Венгрия, Америка, Болгария сияқты шетелдерге шақырылдық…
Американың Лузианна штатындағы Том Коюльсон басқаратын құсбегілер ұйымы мен Болгарияның Бургос қаласындағы ғалымдардың ой-тілектері бізді қатты қызықтырды. «Қауырсын құсбегілер» клубына сол жылдары әлемнің әр түкпірінен 500-дей хат түскен. Қазақ даласында алғаш құрылғандықтан шығар, «Қауырсынның» жанашырлары мен қызғанушылары да көп болды. Қырғызстанның Бостери деген жерінен Кыдыманов Бейшебай атты қырғыз ақсақалы, құсбегілік өнермен талайға танылған Тұрдыбаев Әбілхан ағаларымыз клубқа қырандар сыйлаған…
«Қауырсын» құсбегілер клубы «Алтыбақан», «Дәурен», «Талбесік» сынды хабарлардың бәріне қатыстырылған. Осынау кең насихаттың әсері шығар, Дегерес совхозында тұратын Нұрғожа, Шәкен, Махан сияқты құс тілін білетін көнекөз қарияларымыз өз ұрпақтары жастарға құс салу өнерін үйрете бастады. 1980 жылдары «Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығы» дейтін, кеңестік мереке тұсында біз Алматыда «Алтыбақан» бағдарламасына шақырылдық. Сол кездегі жастар редакциясының бас редакторы Құсман Игісінов, режиссер-оператор Аймұхан Қарабалинмен сценарий жазып, құсбегілік өнер жайлы мен консультанты болып, «Тас түлек» телефильмін түсіруге орталықтан рұқсат алып, жеке фильм түсіруді бастаған едік… Фильмнің негізгі кейіпкері – ең жас бала бүркітші рөліне мен таңдалып, Алматы облысының Дегересі, Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарында 2 жыл түсірілді. Қазір тарихи қорда сақтаулы.
1981 жылы бүгінгі М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың ашылу салтанаты болып, «Жігер» шығармашылық жастар фестивалін ұйымдастырған. Осы тарихи мәнді шараның беташарын сол кездегі Қазақстан комсомол Комитетінің 1-хатшысы, бүгінгі халық қалаулысы Қуаныш Сұлтанов, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов екеуі ұйымдастырды. Қолыма құс қондырған мен де қатыстым.

Тұңғыш бүркітші тойы

Бірақ шовинистердің «Құсбегілік – дінге табыну…» дейтіндері құлағымызға қиқу салып қалмайтын болған соң, «құсбегілік – адамды салауаттылыққа, денінің саулығына шақыратын спорт, жастардың табиғатпен достасуына дайын дәнекер» деп жалпақ жұртқа жар салдық. Ақыры 1984 жыл менің «Қауырсын» клубына арналған «Қауырсын – табиғат достары» атты алғашқы кітабым жарық көріп, барлық аудандарға таратылды. Кей ауданда ол кітап әлі бар екен…
«Тас түлек» телефильмі түсіріліп, «Жігер» фестивалінде қыранның үлкен сахнаға шығарылуы, Абдолла Тұрлыбаевтың (құсбегі Абілхахтың ағасы) «Қырандар», менің «Қауырсын – табиғат достары» кітабымның жарық көруімен ТАСС, АПН, «Вокруг света», «Охото и охотчьее хозяиство» сынды басылымдар бізді бүкіл әлемге жайды десе болады. Біз енді Дүниежүзілік құсбегілер ұйымының орталығын қазақ жерінде құрудың жолдарын іздеумен, Қырғыздың Ыстықкөліндегі құс өнеріне әуес болып жүрген А.Деменчук, Болгария, америкалық Ришард Лоури сынды құс өнері жанашырларымен пікірлесе бастадық… Бұл іске 1980 жылдың аяғына таман алматылық Юрий Шелкаев деген іскер жігіт араласып, біраз істерді жақсы қолға алды. Шымкент қаласында сол кездегі қала әкімі Амалбек Ташеновпен келісіп, алғашқы қырандар жарысын өткіздік. Біраз бүркітшіге арнайы киім тіктіріп, АҚШ-тың «Бүркітші» фирмасының шақыруымен Қазақстанның әр түкпіріндегі бірнеше бүркітшіге, бірқатар шетелге шығуға жол ашқан еді. Ю.Шелкаев Алматы облысы, «Дегерес» жылқы зауытында тұратын, жоғарыда аты аталған бүркітшілерден «Дегерес» құсбегілер клубын жасады. Бұл тұста осы аталы іске А.Батталов, К.Райбаев, сынды ағаларымыз бен «Дидар» бірлестігі, «Отан» қоғамдық ұйымдары бел шеше атсалысып, 1989 жылы Алматы қаласы орталық стадионында алғаш рет «Бүркітші тойын» шетелдіктердің, Ағылшын құс мектебінің, Американың, Полшаның, Францияның, Ресейдің, түркіменнің, өзбектің, қырғыздың құс құмар өкіл – саятшыларымен, «Бүркітші тойы» ретінде қасқыр, түлкі, қоянға құс салған қызықты бәсекемен өткіздік. Ұйымдастыру алқасы, қазақ топырағында тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл бүркітші бәсекесінің салтанатын қыранмен ашуды маған тапсырды. Дәл осы «Бүркітші тойына» Еңбекшіқазақ ауданындағы жаңа құрылған Сөгеті қой совхозының, қазіргі Нұра ауылының директоры Сағыныш Есбергенов ағамыз жеңіл машинамен Әбен Тоқтасынов ағамыз бар, 5 бүркітшіні өзі әкеліп, жарысқа қосқан. Стадионда қоян, түлкі, қасқыр да болды. Сондықтан айналасын тор көз сеткамен қоршады. Бүркітшілердің бәрі ипподромның келісті аттарына мінген. Бұл бәсекеде нұралық Әбен Тоқтасыновтың бүркіті қасқырға түсіп, бас бәйгені алды. Этнограф-ғалым Ж.Бабалықов ағамыз бата беріп, үлкен салиқалы әңгімелер айтты. Сол стадионда бүркітші тойынан біраз бұрын үкіметтің арнайы қаулысымен, біздің Жамбыл облысы, Мойынқұмның Хан-тауына «Дидар» бірлестігі Совет-Швед-Герман киногерлерін әкелді. Сонда еш айнымай киік – Ақбөкенге тайсалмай түсіп жүрген құсбегі Шәкен ағаның баласы Ахметтің бүркіті, көрермендер орындығында құс қондырып отырған маған түсіп, санымды жаралады… Оған қарап жатқан ешкім жоқ, Әбілхах құсбегінің баласы Ұланның қаршығасы қоян алып, талайды таң қалдырған. Югославиядан келген құсбегі Ю.Ижжановичтің қызыл аяқ бүркітіне қызықпаған адам қалмады… Стадионның жарыс жолында «Чайка» автомашина тұрды. «Бүркітші» деп жазылған киіз үйдей шар көкке өрлеп, талайды тәнті еткен. Бүркітші тойының аяқталуында А.Батталов, Ж.Бабалақов, С.Райбаев бастаған ағалар, бүркітшілердің барлығын бүгінгі айтыс ақындарындай ақшалай, заттай сыйлықпен түгел марапаттаған еді…
Юрий Шелкаев атындағы орыс студиясы арқылы, құсбегілер «Дегерес» жылқы зауытында тұратын Шәкен, Нұрқожа, Махан, және ол құсбегілердің балалары арқылы, одаққа, шетелге бірнеше қызықты хабарлар таратып еді. Тіпті Юрий Шелкаев сол кездегі қазақ бүркітшілерінің үлкен бір атасы Жетібай қарияның бүркітінің (хайуанаттар бағынан сатып алған) сілеусінге түскенімен ерекшеленетін «Бүркітші» фильмін түсіріп, Америкаға таратқан.

Бүркітшіліктің отаны – қазақ топырағы

Еліміз асыға күткен тәуелсіздігін алып, алмағайып, қиын күн кешіп, қазақ құсбегілігі де ұмыт бола бастаған. Тап осы «өліара» шақта құсбегілер әулетінің ұрпағы, журналист Бағдат Мүмтекеқызы Нұра ауылындағы құсбегілерге бас болып, облыстық спорт басқармасы, Алматы облысының әкімдігі қолдап, сол Нұра ауылы бүркітшілерімен бірге ұлан-асыр той жасап, «Жалайыр Шора» құсбегілер ұйымын құрды. Көптеген аталы істер жүзеге асты. Көп уақыт өтпей-ақ, осы Нұра ауылында, өлкетанушы, Алматы облысы аңшылар мен балықшылар қоғамының аңшысы Мұхаммед-Мүлік Исабеков, өз ауласынан жүздеген тарихи экспонаттары, бірнеше қыран-құсбегілері, құмай тазылары бар «Жеті қазына» салт-дәстүр – табиғат мұражайын ашып, талайды таң қалдырған. Қазақтың ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ұлағатты аталы істерімізге шын мәнінде қолдаушы, қорғаушы болып, ұлттық спорттың көркеюіне көп үлес қосты. Мәдениет және спорт министрлігі инициатива көтеріп, Қазақстанның бірнеше ауданынан «Құсбегілік» спорт сыныбын ашуға Жамбыл облысының әкімі болған Серік Үмбетов ағамыздың көп ықпалы болғанын айтуға тиіспін. Алматылық Аслан Құрманалин қаланың тап ортасынан «Қазақ салты» атты клуб құруды қолға алды.
Иә, бүгінгі құсбегілік жайлы өмір талабына тіке қарасақ, қазір сонау 80-жылдардағыдай емес, қыран ұшырып, оған аң алдырып, ешкімді таң қалдыра алмаймыз. Әлемдік аренадағы қазіргі құсбегілік жалпыға ортақ спорт болып насихатталуда. Ол ешкімге таңсық емес. Сондықтан біз Президентіміз бастап, «Самұрық-Қазына» қоры, сан түрлі орындар дем беріп, ешкімнен кем қалмасын деп отырғанда, қазақ құсбегілігін әлемге өзгеше қырымен таныта білуіміз керек. Ол үшін туымыздың тұлғасы болған киелі қыранды қолына алғандар, Қазақстан атынан шетелмен байланыста болғандар, барғандар, сөзі де, өзі де түзу, салауатты, сауатты болумен қатар, Ақан сері, Біржан салдай қолына құс қондырумен қатар, домбыра шертіп, ән айтатын, жүйрік баптап, тазы жүгіртетін қазақтың ежелгі серілік салтын жандандырар, «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтар болса… Сонда әлем қазақ құсбегілігіне бас иіп, қазақ құндылығын өзге қырынан танып, тамсанар еді…
Бүгінгі құсбегіліктің көрермені аз, сондықтан тірі аң-құсты қолдан жіберіп, «шоу» жасап жүрміз. Рас, әлем қан төгуді қаламайды. Дін жолында да күнә болып саналатыны да шындық. Ол туралы «Бүркітші тойы» халықаралық мерекесі қарсаңында түсірілген «Біз» хабарында мен ашып айтқанмын. Әлемде озық спорт саналатын балықшылардың «Поймал… отпустил» «ұстап… жіберу» дейтін ерекше өркениетке сай спорт түрі бар. Мұны біз қырандармен жарыстарда, аң-құс аулауда пайдалансақ, еш сөкеттігі жоқ. Сонда ғана қазақ құндылығының нәрін сақтай аламыз. Құсбегіліктің отаны – қазақ даласы. Сондықтан өзгеге жол көрсетіп, үйретіп отыру – өз орнымызды сақтау.
Бүгінде кей облыста құсбегілер жоқ. Оларды үйретіп, бекзат өнерге баулу – аға ұрпақтың парызы… Жергілікті жердің, биліктің қазақ құндылығына деген мейірімі болса игі.
Бүркітшіліктің отаны Қазақ топырағы екенін 1980 жылдары ешкім тыңдағысы келмейтін. Ал бүгінде әлемге «Бүркітші-құсбегілер» орталығын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде таныта білдік.
Бүгін елімізде бірлік, ынтымақ, табыс болған соң, бұқаралық спортқа қазақ құндылығын сақтауға зор көңіл бөлінуде. Осы мүмкіндік жолында әрқашан бір болайық, ағайын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.