Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ өлеңінің қызыл жолбарысы

0 481

Қазақтың көрнекті ақыны Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде Жапа деген қарапайым малшының отбасында өмірге келген. Қос ғасырдың куәсі, жыр алыбының туғанына биыл 176 жыл толып отыр. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жамбылдың 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өткен болатын.

Тарихи деректерге сүйенсек, анасы Ұлдан болашақ ақынды жаулардан жасырынып көшіп-қонып жүрген кезінде босанған. Төбесінде жамбыға ұқсас тасы бар таудың етегінде туған балаға ата-анасы ырымдап Жамбыл есімін қойған екен. Ақпанның ақ бораны мен заманның ызғары астасқан алмағайып заманда өмірге келген ақын ол туралы «Менің өмірім» өлеңінде:

Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей, көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан, – деп жырлайды.  Ес білген соң, әкесі Жамбылды ауыл молдасына оқуға береді. Алайда молданың сөзі мен әрекетін ұнатпаған бала оқудан шығып кетеді. Жасынан халқымыздың хисcа-дастан, шежіре, толғау, аңыздарын жаттап өскен қағілез ақын оқымаса да, озат болып өседі. Баласының ақ домбырасын көтеріп ән салып жүргені әкесіне аса ұнамаған сыңайлы. Оған ақынның: «Батаңды маған бер, әке. Тіліме менің ер, әке», – деп 13 жасында асқар тауына арнап шығарған өлеңі дәлел. Құрбыларының көбінен озған баласына әке жүрегі ақыры елжіреп, ақ батасын беріпті.

 Жамбылдың атағын бала жастан аспандатқан – оның айтыстары. Ол қазақ айтысының қара нары Сүйінбайды өзіне ұстаз тұтып, алдына барып ақ батасын алған. «Балам, көмейің емес, жүрегің сөйлейтін болсын. Шыныңды айт, әділдікті жырла», – деп ыстық ықыласын білдіріпті ұстазы. «Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға, Тең басқан төрт аяқты болдым жорға», – деп жырлаған Жамбылдың Сарбас, Айкүміс, Досмағамбет, Құлмамбет қатарлы ақындармен айтысы бар. Жамбыл айтыстарының ішінде Құлмамбетпен айтысы шоқтығы биік сөз додасы саналады. Қос ақын қазақтың батырларын, ақындарын жырына арқау етіп, ел рухын бір көтеріп тастайды. Жетісу ақындарының мектебіне айналған Жакең Кенен Әзірбаев секілді тұлғалардың қалыптасуына өз ықпалын тигізген. Қазақ ақындарымен қоса, «Манас» жырын жатқа айтатын Жамбыл Қатаған, Балық, Арыстанбек, Тоқтағұл сынды қырғыздың азулы ақын-жырауларымен де сөз қағысқан. Сыйласқан.
Ақынның аңыз болып жеткен айтыстарынан басқа, эпикалық жырау ретінде халыққа танытқан «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты шығармалары аз емес. Көп өлең, дастандары алмағайып заманда жоғалған, толық нұсқасы сақталмаған. Ел басына екіталай күн туған заманда Жамбыл ақын ретінде, азамат ретінде туған халқымен бірге болып, халқына қара өлеңмен қайрат берген тұлға. Қазақтың бостандығы үшін күрескен тұлғаның бірі Кенесары хан екенін біз жақсы білеміз. Жамбыл Кенесары батырдың ұлы Сыздық сұлтанға арнап, «Сен бір қалған көз едің Кенесары асылдан…» деп жырлаған. Оның 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы жазған «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды» атты өлеңдері бар. Ақын осы жырлары арқылы халықтың ыза-кегін, арман-мақсатын, күрескерлік рухын шабыттана жырлаған.
Бүйтіп көрген күн құрсын,
Жапырақтай қалтырап.
Таусылғандай тынысың,
Күнде жүрек қансырап, – деген шумақтар азаттық аңсаған жұрттың жанайқайын дәл бейнелеп берген.
Жамбыл өз өмірінде әртүрлі тарихи, саяси кезеңдерді бастан өткерді. Патша өкіметінің зорлығы жырына арқау болды. Қазан төңкерісімен жеткен жақсы күндер ақын өлеңінен сырт қалмады. «Николай ұрған доптай тақтан ұшты, Жарқырап бостандықтан сәуле түсті» деп ақын жарқын күнге сенім артты.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігі ақын атағын әлемге аспандатқан. Ал 1941 жылғы Кеңес Одағына фашистік Германияның жасаған шабуылы қарт ақынның қолына қаламын алуына сеп болды. Ақын «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес жауынгерлеріне», «Москваға», «Ленинградтық өренім!» атты отты өлеңдері арқылы майдандағы жауынгерлерге жеңіске деген жігер берді. Ал өз баласы Алғадай мен Ізтілеуді майдан шебіне ақ батасын беріп аттандырғаны оның перзенттерін батырлыққа баулып өсіргенін байқатады. «Алғадай туралы әрбір ой», «Атаңның әлдиі» деген жырлары – әке жүрегінен тебіреніп шыққан шынайы өлеңдер. Кейде Жамбылды кеңестік жүйені, Сталинді жырлаған деген пікірді естіп қаламыз. Әрине, ақын өзі өмір сүрген заманның ақ пен қарасын, ақиқатын айтқан. Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин «Жамбылдың ұлылығы» мақаласында: «Сталинді XX ғасырдың ұлы ақыны Анна Ахматова мақтаған. XX ғасырдың ұлы жазушысы Пастернак мақтаған. Бүкіл дүние таныған Мандельштам мақтаған. Бірақ солардың бәрінен де Жамбылдың арнауы артық болды. Өйткені Жамбыл риясыз көңілден жырлады», – дейді.
Бұдан бөлек, Жамбыл туралы қазақтың көрнекті жазушылары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, І.Жансүгіров қатарлы тұлғалар мақала жазып, ой-пікірін айтса, адамзаттың Айтматовы «Асқақ үнді алып ақын» деп айрықша баға берді. Жазушы Леонид Соболев Жамбылды «XX ғасырдың Гомері» деп атаған. Республикамызда Жамбылдың есімі берілген 1 облыс, 2 аудан, бірнеше ауыл, білім ошақтары мен көптеген көшелер бар.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.