Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ халқына қарыздармыз

0 379

1 наурыз – Алғыс айту күні болып бекітілгеніне де бес жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында белгіленген күн біртұтастығымызды білдіретін дәстүрлі мерекеге айналды.

Сәндібек Піренов. Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қала аумағында айтулы датаға орай жоспарланған іс-шаралар «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Түрлі этнос өкілдері қатысқан гүл қою рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та барды. Ол жамбылдықтарды атаулы күнмен құттықтап, мерекенің маңызына тоқталды.

– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы екені мәлім. Осы уақыт аралығында біз жеткен басты табыс – ел тыныштығы, ауызбіршілік, бейбітшілік, достық. Әрбір қазақстандық ел дамуына өзінің үлесін қосуы керек. Бас-ты мақсатымыз – қалыптасқан достық пен бірлікті, татулықты сақтау. Осыны өңірде тұратын 87 ұлттың өкілдері де жадынан шығармауы тиіс. Бүгінде 76 этномәдени бірлестіктің өкілдері облысымыздың, еліміздің даму жолында еңбек етуде. Сол ынтымақтың арқасында халықтың тұрмысы да жақсарып келеді. Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Жақсы күндерде жолығуды жазсын, – деді Бердібек Машбекұлы.

Бұдан соң қаладағы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурохман Зайнутдинов сөз алып, қазақ халқына ризашылығын жеткізді.

– Қиын-қыстау кезеңдерде құшағын ашып, жер аударылған түрлі ұлт өкілдерін бауырына басқан Қазақ еліне құрметіміз ерекше. Өйткені қазақ халқы ашаршылық кезінде, кейін соғыс жылдарында да барлық ұлт өкілдерін жылы қабылдады. Қонақжай халық екенін көрсетті. Тәуелсіз Қазақстан – біздің де Отанымыз. Осыны ешқашан есімізден шығармауымыз керек, – деді Абдурохман Зайнутдинов.

Бұл күні түрлі ұлт өкілдері ағынан жарылып, ақ тілегін жаудырып жатты. Жылы лебізін білдіргендердің қатарында №34 орта мектептің директоры, дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Динара Нұралиева да бар.

– Алғыс айту күні басқаны қайдам, біз үшін өте ерекше күн екені рас. Себебі біздің ата-бабаларымыз 140 жыл бұрын Қазақстанға көшіп келді. Сол кезде қазақ халқы олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтеріп, қолдау көрсетті. Қазақ елі сол кісілігі арқылы адамгершілік қасиеттің қандай болатынын көрсетті. Мен осындай кең-байтақ жерде, тәуелсіз елде ғұмыр кешіп жатқаныма бақыттымын. Менің Отаным Қазақстан жасай берсін. Баршаңызға мың алғыс! – деді Динара Нұралиева.

Мерекелік іс-шара соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған жұртшылық қала аумағын мекен еткен түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің дәстүрлі өнері айшықталып, ұлттық тағамдары қойылған көрмені аралады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.